Прокурорлар 360-тан астам сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тоқтатты

Жарияланды
Кәсіпкерлерге қатысты басталған

2022 жылдың мамыр айынан бастап прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты басталған сотқа дейінгі барлық тергеп-тексерулерге тексеріс жүргізді. Осы кезеңде экономика саласында 360-тан астам қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабаралады.

2022 жылғы 2 қыркүйекте Бас Прокурор қылмыстық қудалау органдарына бизнес субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін егжей-тегжейлі регламенттейтін арнайы нұсқау жіберді.

Сондай-ақ жаңа «Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» қабылданды, оған сәйкес прокурорлар бизнес субъектілеріне қатысты әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын бір тәулік мерзімде тексеруге және бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтатуға міндетті. Іс заңды түрде қозғалған деп танылған жағдайларда прокурор кейін әрбір 15 күн сайын тергеу жүргізудің заңдылығы мен сипатын оның толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ете отырып тексереді.

Жаңа талаптар айтарлықтай оң нәтиже берді. Егер бұрын еліміз бойынша кәсіпкерлерге қатысты ай сайын 150-ге жуық іс қозғалса, қазір олардың саны 2,5 есеге азайды.

Прокуратураның қадағалау жұмысының тағы бір бағыты бизнес проблемаларын тиімді шешу болып табылады.

Мәселен, 2022 жылы прокурорлардың көмегімен бизнес субъектілері үшін 55 өткір мәселе шешілді. Олардың ішінде шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету, берешек пен субсидиялар төлеу, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қарыз алуға шектеулерді жою, тексерушілердің коммерциялық объектілерге бару практикасының  жолын кесу.

Барлық жерде прокуратура органдарының бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтары жұмысын  24/7 тәулік бойына жалғастыруда.

Өткен жылы олар кәсіпкерлердің 3 мыңнан астам сигналын пысықтады, әрбір 4-ші (759) факті өз растауын тапты.

Алматы облысында арнайы «Бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топтың боты» енгізілді. Бұл тек бір QR коды арқылы прокуратураға сигнал жіберуге мүмкіндік береді.

IT-ресурстарды тиімді пайдаланудың және қадағалау актілерін енгізудің арқасында 7,1 мыңнан астам кәсіпкер 1,3 млрд теңге сомаға заңсыз айыппұлдардан босатылды, 9 мыңнан астам заңсыз тексерістер мен бақылаудың өзге де нысандарының жолын кесіп, жойылды.

Жалпы, 2022 жылы кәсіпкерлік саласындағы бұзушылықтар бойынша 1 330 қадағалау актісі енгізілді, уәкілетті органдардың 1230 заңсыз тыйым салу және шектеу шаралары жойылды, 1 240 адам жауапқа тартылды.

Сондай-ақ оқыңыз