Елімізде шырын өндірісі 10 жылда 3 есеге жуық азайды
2022 жылғы қаңтар–қарашада ҚР-да жеміс және көкөніс шырындарын өндіру көлемі 65,4 млн литрді құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2% артық. ҚР СЖРА ҰСБ-ға мәлімет берген өңірлердің ішінде ең көп өндіріс Алматы облысында (27,9 млн литр), одан кейін Алматы қаласында (4,7 млн литр) және Түркістан облысында (1,3 млн литр) байқалды.
2022 жылғы қаңтар–қарашада өндірілген шырындардың жалпы көлемінің 94,3%-ы жеміс шырындары болды: 61,7 млн литр, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9% артық. Көкөніс шырындары небәрі 3,7 млн литрді құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7% аз.
Айта кету керек, былтыр аздаған өсімге қарамастан, ұзақ мерзімді динамикада ҚР-дағы шырын өндірісі төмен. Мәселен, осыдан он жыл бұрынғы осы кезеңнің деректерімен салыстырғанда жеміс шырыны өндірісі 2,6 есе, көкөніс шырыны 80%-ға жуық азайған.
Ең көп өндірілген жеміс шырыны — апельсин шырыны. 2022 жылғы қаңтар–қарашада көрсеткіш 26,9 млн литр болды, бұл 2021 жылғы қаңтар–қарашамен салыстырғанда 3,5% көп. Алма және ананас шырындары өндірісі тиісінше 14,7 млн және 1,8 млн литр. Бір жылда алма шырыны өндірісі 20,4% өссе, ананас шырыны өндірісі 17% төмендеген. Жеміс шырыны қоспасы да айтарлықтай болды: 14,3 млн литр, бір жылдағы өсім 4%.
Көкөніс шырындарының барлығы дерлік қызанақ шырыны: 3,7 млн литр — 2021 жылдың қаңтар–қарашасындағы көрсеткіштен 1,7% аз.
2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша, жеміс және көкөніс шырындары бір айда 1,7% қымбаттады. 2022 жылы айлық баға өсімі ең жоғары болған наурыз және сәуір айлары болды, бұл кезде шырын бағасы тиісінше 3,6% және 3,5% қымбаттады.
Салыстыру үшін: 2021 жылдың желтоқсан қорытындысы бойынша жеміс пен көкөніс шырындары бір айда 0,9% қымбаттаған еді.