Ержанұлы Нұрбол: Өнімді 100 теңгеге жасап, 5000 теңгеге сатамын

Жарияланды
Гипстан жинақ қобдишасын жасайтын кәсіпкер айына 5 млн теңге табыс табады

 Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Ержанұлы Нұрбол. Кәсіпкердің бұл бизнесі – нағыз өнер туындысы. Кәсіпкердің айтуынша, бір жинақ қобдишасының өзіндік құны – 100 теңге. Ал Нұрбол 100 теңгеге жасаған копилканы 5000 теңгеден жоғары бағаға сатады.

– Нұрбол, өзіңіз өнерге жақынсыз ба?

– Жоқ. Менің негізгі мамандығым – электрик. Бұл кәсіпке келмес бұрын, құрылыс саласында жұмыс істедім. Бірақ, құрылыс саласы көп күш-қуат талап етті. Сонымен қатар, табысы да аз болды. Сөйтіп, Қарағанды қаласынан гипстан копилка жасайтын цех аштым. Ал қазіргі кезде Алматы қаласынан да кішігірім цех ашып, жұмыс істеп жүрмін. Қарағанды қаласында да өндіріс жүріп жатыр. Бұл істі қолға алғаныма биыл 9 жыл болды.

– Жұмыс барысы жайында айтып кетсеңіз?

– Біз бір қап гипсті 800 теңгеге сатып аламыз. Осы бір қап гипстан 33 үлкен, 50 кішкентай жинақ сандықша жасап шығарамыз.

– Жұмысшының еңбекақысын қосқанда 5000 мың теңгеге сатылған сандықшадан қанша таза  пайда көресіз?

– 5000 мың теңгеге сатылған жинақ қобдишасынан түсетін таза пайда – 4900 теңге. Бұл дүниенің таза құны – 100 теңге. Осы 100 теңгенің ішіне гипс, бояу, жұмысшының еңбекақысы кіреді. Бізде 1 жұмысшы күніне 100-150 дана сандықша жасап шығарады. Жұмысшы 1 жасаған кәдесыйдан – 50 теңге табыс табады. Бір күнде 100 жинақ сандықша жасайтын болса, 5000 теңге жалақы төлейміз.

– Сіз тауарды тек көтерме сатушыларға сатасыз ба?

– Қазіргі таңда 65-70 көтерме саудамен айналысатын сатушылармен жұмыс істеймін. Сонымен қатар базарларда арнайы орын жалға алып, сатамыз. Демалыс күндері әртүрлі жәрмеңкелерге қатысамыз. Бұл тауарға сұраныс өте жоғары. Мысалы, биыл қоян жылы болса, біз келесі ұлу жылына тапсырыс қабылдап, копилка мен кәдесыйды жасап, шығарып жатырмыз.

–  Егер 3 млн теңгеге тапсырыс келсе, сізге түсетін таза маржа қанша?

– 3 млн теңгеге тапсырыс түсетін болса, 2,5 млн теңге таза маржа болып есептеледі.

– Бір  копилканы қанша уақытта дайындап шығарасыздар?

– Бір копилка бір күнде дайын болады. Негізі бұл копилка бірнеше сағатта жасалады. Тек кебетін уақыты бір тәулік.

– Бұл бизнес жыл мезгіліне байланысты ма?

– Жоқ. Бұл кәсіп жыл мезгіліне қарамайды. Жазда далада жасаймыз. Күн суықта, цехтің ішіне кіреміз. Тек жауын тимесе болды.

– Негізгі тапсырыс берушілер кімдер?

– Бастапқыда айтып өткендей, негізгі тапсырыс берушілер – көтерме сатып алушылар. Сонымен қатар, тойға кәдесый мен тойбастар ретінде алатын адамдар да өте көп. Тойбастарға арнайы кішкентай кәдесый ретінде дайындап береміз. Бұл өнімдер базарда да өте жақсы  сатылады.

– Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі кезде Алматы қаласындағы цехта жүрмін. Цехта  7 адам жұмыс атқарады.

– Таргет жарнамасын қолданасыз ба?

– Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасаймыз. Оның ішінде Instagram және OLX.kz бар. Тапсырысты онлайн қабылдап, еліміздің барлық өңіріне жібереміз. Сонымен қатар, енді Wildberries желісін қолға алу ойда бар.

– Айлық тасыныңыз қанша?

– Айына ең аз дегенде –  3 млн теңге табыс табамыз. Осы жаңа жылда пайда 7 млн теңгеден асты. 

– Бұл кәсіптің артықшылығына тоқталып кетсеңіз?

– Бұл іспен кез келген адам айналыса алады. Декретте отырған анадан бастап, студентке дейін. Жыл мезгіліне қарамайды. Табысы жақсы, шығыны аз. Көптеген тауар сияқты сақтау мерзімі өтіп кетпейді. Жылдап тұра береді. Арнайы күтімді талап етпейді. Үлкен цех ашудың қажеті жоқ. Үйде отырып та, жұмыс істеуге болады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз