Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мәжілісін таратып, 19 наурызға кезектен тыс мәжіліс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына сәйкес қабылданған.
Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасы парламенті пәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыруды тапсырды.
Президент мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінде «бұл сайлау конституциялық реформаның жалғасы» деді.
«Енді мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады» деді мемлекет басшысы.