Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар екенін, онда 7,8 млн адам тұратынын баяндады. Олардың қатарынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліпті. Оларды жаңғырту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында басым тәртіппен жүзеге асырылмақ.
2019-2022 жылдары 326 млрд теңгеге 3,7 мың жоба іске асырылған.
Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94 пайызын игерген.
Премьер-министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті:
«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. 2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар».
Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге тағы 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған: 119 жоба ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.
Бұл:
- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны;
- Әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын;
Оның ішінде
- 91 білім беру;
- 45 денсаулық сақтау;
- 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауыл ішіндегі жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі ҚР ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – институционалдық қамтамасыз етуді ілгерілету арқылы ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру.
«Жалпы тұжырымдама мынадай тәсілдерден тұрады: ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген», деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру – Ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өңірдегі 104 елді мекенде 253 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 18 млрд теңге бөлінген, оның 99,4 пайызы орындалды. Атап айтқанда,
- ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ саласында 1,1 млрд теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді;
- БІЛІМ саласында 5,4 млрд теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды;
- МӘДЕНИЕТ және СПОРТ салаларында 4 млрд теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды;
- ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ саласында 3 млрд теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, биыл халыққа пайдалануға беріледі;
- ЖОЛ саласында 4,4 млрд теңгеге 168 жоба іске асырылды.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, биыл мамыр айында Ұлттық қордан 4 ауылдық елді мекенде 5 жобаны іске асыруға 634 млн теңге бөлінді, оның ішінде 4 ФАП құрылысына 480 млн теңге, Жаңаарқа ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 154 млн теңге қаралған.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының конкурстық рәсімдерін Қарағанды облысының құрылыс басқармасы 2022 жылғы 14 маусым және 14 тамыз айлары аралығында өткізіп, келісім-шарттар Ұлытау облысына 15 қазанда берілді. Жыл қорытындысы бойынша 358 млн теңге немесе қаражат 56 пайызға игерілді. Қаражаттың игерілмеуі ауа-райының жағдайына және Қарағанды облысынан шарттар бойынша міндеттемелердің кеш берілуіне байланысты болды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төрағалиевтің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2019-2021 жылдары ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 59 жобаға 12 млрд теңге бөлініп, 97 мың адам тұратын 23 перспективті ауылдар толықтай қамтылды.
2022 жылы жоба аясында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған 47 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлініп, 31 перспективті ауылдарды қамту жоспарланған болатын. Соның ішінде 25 жоба аяқталды, қалған 22 жоба 2023 жылы жалғасатын болады. 2022 жылға бөлінген 7,7 млрд теңгенің 1,1 млрд-ы игерілмеді (14 пайызы).
Батыс Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, қаражаттың игерілмеу себептері:
- Құрылыс және автожолдарды жөндеу салаларында инерттік материалдар мен жеткізуге арналған вагондардың болмауы – 114 млн теңге;
- Мердігерлердің өздеріне алған міндеттемелерін орындамауы – 889 млн теңге, соның ішінде 3 жоба бойынша мердігерлермен әлі сот процестері жалғасуда.