Әлемдік қауымдастық алаңдаулы. «Либералдық капитализм» форматындағы халықаралық қатынастар жүйесі әлеуметтік армагеддон алдында тұр. Көптеген елде халық кедейленіп барады. World Inequality Lab халықаралық зерттеу компаниясының мәліметінше, қазірдің өзінде ең бай адамдардың 10%-ы (804 млн адам) әлемдік табыстың 52%-на және әлемдік активтердің 76%-на ие.
Өз кезегінде әлем халқының ең кедей 50%-ы (4 млрд адам) әлемдік табыстың 8,5%-на және активтердің 2%-на ғана ие.
Соңғы жылдары әлемдік қауымдастық назарын аударған жаһандық дағдарыстардың түпкі себептері бар. Оның бірі билеуші элита мемлекеттік аппаратты өз мүдделеріне пайдаланады. Бұл ресурстарды өте тиімсіз бөлуге әкеп соғады.
Қазақстан «ескі жаһандану» үрдісінде қалып отыр. «Либералдық капитализмге» кірген 30 жыл ішінде ел ішіндегі табысты бөлу жүйесі кері кетті. «Қантараға» дейін он жыл бойы әлеуметтік-экономикалық саясат отандық «элита» үшін жұмыс істеді. Мәселен, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссия (UNECE) мәліметінше, егер 2007 жылы Қазақстанда жұмыскерлердің еңбекақысы ІЖӨ-нің 51,2%-ын құраса, 2015 жылы ол 43,8%-ды, ал 2019 жылы 40%-ды ғана құраған.
2022 жылдың шілде айының соңында БҰҰ әлемді жаһанданудың жаңа моделіне көшу туралы жедел манифестінің бір түрін жариялады. БҰҰ Бас хатшысының «Жаһандану уәделерін орындау: өзара байланысты әлемде тұрақты дамуға көмектесу» баяндамасында қазіргі әлемдік «либералдық капитализм» тәртібіне балама нұсқа көрсетілді.
Жалпы, жаңа жаһандану нарықтық экономика мен жоспарлы экономиканың халықтың әл-ауқатының өсуін мақсат еткен синтезін білдіреді. Жаңа әлемдік тәртіпті жүзеге асыру механизмі Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) міндеттерін шешу болып саналады.