Экспортқа тыйым салу пияз бағасына әсер ете ме?

Жарияланды
ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бұл өнімге деген сұраныс артқан

Елімізде пияз экспортына тыйым салынды. Қазақстан пиязын үш ай шетелге сатуға болмайды. Бұл нарықтағы пияз бағасын тұрақтандыру үшін жасалып отыр. Өйткені ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бұл өнімге деген сұраныс артқан.

Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты жалпы, нарықтағы барлық өнімге деген баға тұрақсыз. Оған қоса, әлемдегі ең ірі пияз өндіруші ел саналатын  Пәкістан жерінде табиғи апаттар болып, су тасқынынан пияз өсірушілер шығынға ұшырады. Нәтижесінде, сыртқы нарықта бұл өнімге  деген сұраныс артты. Бұл өз кезегінде жергілікті көкөністерді «сұр схемалар» арқылы басқа елдерге экспорттау ықтималдығын арттырған. Сондай-ақ, көрші Өзбекстан мен  еліміздің оңтүстік өңірлерінің шаруалары қатты аяз салдарынан еккен тұқымдарын үсік шалғанына байланысты өнім шығара алмады. Осылайша, сыртқы нарықта ғана емес Қазақстанның ішкі нарығында да пиязға сұраныс көбейді.

«Бұл пияз бағасын тұрақты ұстап тұру үшін қажет.  Пияз қоры елімізде жеткілікті. Басқа елдерде табиғи катаклизмдер болып, соның әсерінен, мына экспорт тым ұлғайып, ішкі нарықта пияз  болмай қала ма деген қауіп бар. Сондықтан ведомствоаралық комиссия осындай шешімге келді», дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Пиязды сыртқы нарыққа экспорттаушы фермерлер үшін бұл шешім қиындық тудырмай ма? Осы жөнінде Сауда және интеграция министрлігіне сауал жолдаған едік.

«Қазір үшінші елдердің нарықтарында қазақстандық пиязға сұраныс артып отыр. Пияз экспортына енгізілген шектеудің фермерлер үшін кері әсерін минимизациялау үшін бүгінгі таңда сауда желілері арқылы айналым схемалары  бойынша және тұрақтандыру қорларына ӘКК арқылы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінен пияз сатып алудың әртүрлі механизмдері іске асырылып жатыр. Пияз экспортын шектеу ең алдымен ішкі нарықты қорғау үшін қабылданды. Үкімет  нарықтық конъюктураның жақсарған уақытында барлық шектеулерді уақытылы алу үшін әлемдегі және елдегі жағдайды жіті бақылайды», деп жауап берді министрліктің баспасөз орталығы.

Бұл қадам қант тапшылығы тұсындағыдан алыпсатарлар әрекетінің алын алу үшін жасалып. Дегемен ол кезде де билік қант қорының жеткілікті екенін, халыққа түгел жететінін айтқан еді. Былтыр жазда құны шарықтаған ұнтақ қанттың бағасын бүгінде арзан деуге келмейді.Осы ретте Сауда және интеграция министрлігі мұндай алаңдаушылыққа еш себеп жоқ екенін айтады.

«Алаңдауға негіз жоқ. Қолдағы қор халықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Қазақстандықтар жылына шамамен 360 мың тонна пияз тұтынады, ай сайынғы сұраныс шамамен 25-30 мың тоннаны құрайды. Яғни, қолда бар пияз қоры көрші елдерден ерте егін түскенге дейін халықтың сұранысын толық қамтамасыз етеді. Бұл  алдығы сәуір-мамыр айлары. Үкімет тарапынан нарықтық жағдай бақыланып, фермерлер мен қарапайым халық үшін пияз экспортына тыйым салудың жағымсыз салдарын азайтуға жағдай жасалып, мұқият қадағалауда болады», делінген министрліктің баспасөз орталығы жіберген ақпаратта.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы елдегі пияздың өнімі 1,1 миллион тоннаны құраған. Қазақстандықтар жыл сайын бұл көлемнен 3 есе аз тұтынады екен. Мұндай өнім көлемімен бағаның өсуіне еш негіз жоқ деуге болар. Әйтсе де, баға құнының қандай шекте болатынын алдағы екі айда көрерміз. Әзірше фискалдық деректер операторларының көрсеткіштерінде бір келі  пияздың орташа құны 169 теңге болса, ең жоғары көрсеткіш ШҚО-да 238 теңге, ал  Алматыда ең төменгі құны 111 теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз