Қандасқа қанша квота бөлінді? Оларға қандай көмек ұсынылады?

Жарияланды
2022 жылы 20 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанымен табысқан

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларға 2023 жылы 8 652 адамға өңірлік квота белгіленді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 566 адамға жоғары. Бұйрықтың мақсаты – Үкімет айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру.

2023 жылғы квота келесідей үлестірілді:

Қандастар үшін:

  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 138 адам,
  • Қостанай облысы бойынша – 150,
  • Абай облысы бойынша – 196,
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 239,
  • Ақмола облысы бойынша – 270,
  • Павлодар облысы бойынша – 932 адам.

Қоныс аударушылар үшін:

  • Қарағанды облысы бойынша – 33 адам,
  • Ұлытау облысы бойынша – 120,
  • Абай облысы бойынша – 238,
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 305,
  • Қостанай облысы бойынша – 530,
  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 2 660,
  • Павлодар облысы бойынша – 2 841 адам.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау үшін қосымша субсидия түрінде көмек беру қарастырылады. Атап айтқанда, көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем беріледі.

Бір отбасына 12 ай ішінде  тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) төленеді.

1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 млн 107 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралған. Ал 2022 жылы жалпы, 19 178 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

Бұған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов этникалық қазақтар үшін «бір терезе» қағидатын енгізуге тапсырма берген еді.

«Демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, қандастарды қоныстандыру және этникалық қазақтарды қабылдау бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Тарихи отанына көшуге ниет білдірген этникалық қазақтар үшін «бір терезе» қағидатын енгізу қажет», деген еді Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

«Отандастар» қорының мәліметі бойынша, шет елдерде 7 миллионға жуық қазақ өмір сүріп жатыр. Бұл – қазақ халқының тең жартысы. Қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Исаның айтуынша, олардың алдағы уақытта ассимиляцияға ұшырау қауіпі өте жоғары.

«Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует. Қазір  Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі? Ұлы көшке биыл 30 жыл толады. Осы уақытта елімізге 1 миллионнан астам қандастармыз келді. Алайда соңғы жылдары көші-қон тым баяулап,  кедергі қатты көбейіп тұр. 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен? 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлді. Осыншама,  бұрынғы межеден 100 еседей азайып, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды?», дейді ол.

Оның айтуынша, квотаның айтарлықтай азайып кетуіне негізгі себептің бірі – кезінде көші-қонды жандандырған Көші–қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне бөлініп кеткендігінде.

«Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға оларды орналастырудың қиындығынан қашып, елдің ырысын  емес, жанның тынышын ойлап отырғандықтан, барлық облыстарда квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017 -2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған? Ол облыстарға еліміздің сртатегиялық мақсаты – халқымыздың санын қандастарымызбен көбейтудің қажеті болмағаны ма? Ал 2012-2017 жылдар арасында қатарынан 6 жыл бойы еліміз бойынша қандастардың келуіне бір де бір квота бөлінбеген?! Демек, бүгінгі таңдағы квота жүйесі мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ешқандай оң әсерін бермей отыр. Сондықтан бүгінде бірнеше министрлікке шашырап кеткен  басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру керек», деді ол өз ұсынысында.

Былтыр қарашада «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілген болатын.

«Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескертілген. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі», деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз