2023 жылы субсидия беру тәртібі қандай?
2023 жыл ауыл шарушылығы үшін өте табысты болмақ. Неге десеңіз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 триллион қаражат бөлуді тапсырды.
«Жалпы, «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті. Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды» деп тапсырған еді Мемлекет басшысы.
Осылайша қатаң қадағалауға алынған АӨК саласында реформбасталып кетті. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Президент жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін 2023 жылға нақты шаралар әзірленгенін мәлімдеді. Яғни биылдан бастап, ауыл шарушылығын субсидиялау тәртібі де өзгереді.
Өтінім беру
Билік бірінші кезекте құжаттар мен қағазбастылық, шашыраңқылық мәселесін жеңілдетуге тырысқан. Бұл орайда фермерлерге 1 ақпаннан бастап іске қосылатын «Агрөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» (СБМАЖ) көмекке келеді. Автоматтандырылған бұл жүйе фермерлердің субсидияға өтінімін рәсімдеу үшін балама ретінде әзірленіп отыр. Өтінімдер gosagro.kz веб-порталында қабылданады. Аталмыш жүйе толығымен автоматтандырылған және ақысыз қызмет көрсетеді.
СБМАЖ өтінім беруде фермерлер жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді түспек. Себебі субсидия алу үшін растау құжаттары мен қосымша анықтамалар өткізу жұмыстары ретке келтіріліп, бұл құжаттар басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелерімен, соның ішінде жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника және арнайы көлік жөніндегі деректермен, кооператив мүшелері туралы мәліметтермен, сондай-ақ «алқаптар картасымен» бір орталыққа біріктірілген.
Жаңа ережелер
Бөлінген қаражатың толық игеріліп, қажет адамдарға жетуі үшін биыл субсидиялаудың шарттары да өзгереді. Бұл өзгеріс, әсіресе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларда болмақ. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа ережелер бойынша субсидия алады. Ол үшін арнайы құрылған жұмыс тобы жаңа ережелерді енгізу жолдарын қарастырып жатыр. Қазіргі таңда министрлік құрылыс-монтаж жұмыстарын субсидиялаудың 2 нұсқасын қарастырып отыр.
Біріншісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысы бойынша ҚМЖ субсидиялаудан бас тартып, оның орнына жабдықты субсидиялау нормативтерін арттыру жолдары.
Екіншісі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша алып тастап, құрылыс-монтаж жұмыстарын субсидиялаудан шығу мәселесі. Ал өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, қос бірдей субсидиялауды болдырмау үшін, бірегей тұқым өндірісін субсидиялаудан бас тарту ұсынылған. Сондай-ақ сүт-тауар фермаларын салғанда әкімдіктерге қолданыстағы инвестициялық субсидиялау нормативтеріне 25%-ға құқық беру жолымен арттырып, жергілікті бюджет есебінен тағы да 25%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.
Асыл тұқымды мал өсіруде мал басына бірыңғай нормативтер енгізіледі. Отандық және импорттық жануарлар ішінде сүтті мал бойынша 300 мың теңге, етті мал бойынша 1 бас үшін 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай нормативтер белгіленеді. Министрлік мамандары осылайша асыл тұқымды мал өсірушілерге бәсекелестік үшін тең жағдай жасамақшы. Сонымен қатар аграрийлерді субсидиялауда министрлік тарапынан бірқатар міндеттемелер талап етіледі. Бұл талаптарға сәйкес мемлекеттен қаражат көмегін алған фермерлер өнім көлемін азайтпауы қажет. Мәселен, мал өсірумен айналысатын шаруалар ірі қара басын жыл сайын 5%-ға өсіріп отыруы керек. Яғни, 100 бас ірі қарадан, 80 бас төл алынуы керек. Қаржы ауылшарушылығының нақты дамуы үшін бөлініп отырғандытан кәсіпкерлер өз жобаларының бизнес жоспарда көрсетілген мерзімге сай жүзеге асырылуын қадағалауы тиіс. Оны мониторинг жасау жұмыстары да автоматтандырылады.
Ал етті құс шаруашылығын ынталандыру үшін жергілікті бюджет есебінен инвестициялық субсидиялау көлемі 25%-дан 50%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Осы мал мен құстың азығына айналатын жемшөпті субсидиялау бойынша тек пішен мен кебекті, онда да төтенше жағдай орын алғанда немесе Қазгидромет растаған ауа-райының қолайсыз жағдайларында ғана субсидиялау ұсынысы енгізілмек.
Ауыл тұрғындарына арналған микронесие
Жалпы агроөнеркәсіп кешенін ұлттық жоба аясына қаржыландыру үшін үш жылға шамамен 90 млрд теңге қажет. Алайда бұл соманың өзі үш жылға жеткіліксіз екен. Әкімдіктер берген ақпаратқа сәйкес, 2023 жылға ауыл тұрғындарын субсидиямен қамту үшін 52,4 млрд теңге қажет. Бұл сома өз кезегінде жұмыссыздардың, жастардың несие алуына мүмкіндік беру үшін бөлінеді. Осылайша ауыл тұрғындарын тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік туады. Яғни 52,4 млрд теңге қаражат толығымен, кәсіп бастаушы немесе кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарын несиелендіруге жұмсалмақ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл микронесиенің ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғыларын лизингке алу, кооперативке арналған инвестициялық субсидиялар алуға мүмкіндік беретінін айтады.
Микронесие мерзімі мал шаруашылығына – 5 жылға, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Бұл пилоттық жоба өз жалғасын алдағы жылдары да таба түспек. Мәселен, 2024 жылы 12 мың ауыл тұрғынына 74,6 млрд теңге көлемінде микронесие, ал, 2025 жылға 76,7 млрд теңге микронесие беру министрліктің болашақ жоспарында бар.