ESG рейтингі: Қазақстан көш сапынан көріне ала ма?
Мұндай ұсыныс былтыр қараша айында өткен Қазақстан қаржыгерлерінің Х конгресі аясында жасалды. Халықаралық конгерсте ESG ұлттық рейтинг агенттігін құру мәселесі кеңінен талқыға түскен. Конференцияға қатысқан сегіз жүзге жуық энергетика және IT секторларының өкілдері, кәсіпкерлер, сарапшылар, аудиторлық және консалтинг компаниялардың өкілдері бірауыздан ESG агенттігін құру қажет деген байламға келді. Сол арқылы инвестиция үрдісін бақылап-бағалау жұмыстарын ESG Ұлттық рейтинг агенттігіне тапсыру жоспарланып отыр.
ESG агенттігін құрудың маңызы қандай?
Бір ғана өнім арқылы пайда көру жеткіліксіз, компанияның өрге басуы үшін инвестициялық қаржыландырудың мәні зор. Әйтсе де, соңғы жылдары алпауыт инвесторлар компанияның қаржылық өсу қарқынын емес, ESG көрсеткішіне айрықша көңіл бөлетін болған. Яғни, экологиялық қауіпсіздік шарттарын қалай орындайтыны, әлеуметтік қарым-қатынас деңгейі мен басқару жүйесіндегі рөлін назарға алады.
Тағы бір атап өтерлігі, Жаһандық нарықта ESG шеңберінде әрекет ететін импакт-инвесторлар тобы қалыптасып келеді. Мұндағы «импакт» (жауапкершілік) сөзі ағылшын тілінен алғанда тек қана ақша үшін емес, әлемдік маңызы бар мәселелерді шешуге ықыласты» деген мағынаны білдіреді. Әлемдегі ең ірі активтерді басқарушы импакт-компаниялардың дені ESG талаптарына тым қатаң қарайды. Тіпті қызметкерлеріне жеткілікті көңіл бөлмейтін компания басшылығына қарсы дауыс беріп, орынын босатуын талап етеді.
Жалпы, ESG көрсеткішінің инвесторлар үшін маңызы орасан. Әуелгі кезекте компанияның даму қарқынын бақылау құралы болса, екіншіден ESG тәуекелдері мен мүмкіндіктерін саралайды. Дәлірек айтқанда, жұмыс барысы мен алдағы бағыттарын бағдарлай алады. Инвестициялық шешімдер қабылдау барысында ESG ақпараттарына сүйенеді. Рейтингтік агенттіктердің деректерін инвесторлар өздерінің дербес болжамдарын растау мақсатында және нәтиженің есептік базасы ретінде де қолданады. Сол себепті, нақты тұжырымдалған, ақпараты мейлінше ашық, ESG стратегиялары бар компаниялар жалпы капиталды тарту кезінде үлкен әлеуетке ие.
Мұндай импакт инвесторлар саны ұдайы өсіп келеді. Кейбір дерекөздеріне жүгінсек,
- Инвесторлардың 75% – ы жауапты инвестициялауға мүдделі;
- 90%-ы алдағы 5 жылда жауапты инвестициялау тұжырымдамасын ескере отырып, өз инвестицияларын ұлғайтуды жоспарлап отыр;
- 2020 жылы ESG-ге бағытталған компаниялардың бағалы қағаздарының 94%-ы негізгі индекстерге қарағанда жоғары кірісті көрсетті;
- 2020 жылы ESG инвестициясы 100% өсім көрсетті.
2021 жыл қорытындысы бойынша ESG-қорларға инвестициялар ағынының көлемі үш есе өсіп, 330 млрд АҚШ долларынан асты, ESG облигацияларына – 25%-ға ұлғайып, 3,5 трлн АҚШ долларынажеткен.
ESG рейтингі қалай анықталады?
Жалпы, мұнда бизнестің экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерін, сондай-ақ компаниядағы корпоративтік басқару тәуекелдерін бағалайтын көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, рейтингтік агенттікте E,S және G үш құрамдас бөлігінің әрқайсысына тән талап-қағидалары бекітілген.
E-сектор:
- компанияның ғаламдық жылынуға тигізер әсерін (атмосфераға қаншалықты көлемде көміртегі шығарындылары бөлінетінін);
- табиғи ресурстарды тиімді пайдалануы (су көздерінің ластануы, флора мен фаунаға теріс әсер етуі);
- қоршаған ортаның ластануы, топырақ пен табиғи ресурстарға әсері (улы және радиациялық қалдықтар, өнім үшін химиялық зиянды қаптамаларды пайдалану);
- «жасыл» технологияларды пайдалану (қалдықтарды өңдеу тәжірибесі, жаңартылатын көздерден алынатын энергия, компанияның экологиялық стратегиясы, экологияға теріс әсерді азайту және эко-инновацияны енгізу) көрсеткіштері бойынша бағаланады.
S факторларында:
- Команияның әлеуметтік саясаты
- Еңбекақы деңгейі
- Қызметкерлерді әлеуметтік құқын қорғау деңгейі
- Еңбекті қорғау жүйесі
- Клиенттермен өзара қарым-қатынасы
- Әлеуметтік тәуекелдерді азайту жүйесі
- Әлеуметтік маркетингті жүзеге асыру
- Әлеуметтік жауапты инвестициялау тәжірибесі ескеріледі.
G факторларында:
- Іскерлік беделі
- Даму стратегиясы
- Директорлар кеңесі мен атқарушы органдар қызметінің тиімділігі
- Тәуекелдерді басқару
- Бизнес қызметінің ашықтығы сарапқа алынады.
Әрбір компанияның ESG талаптарын ұстану дәрежесін үш түрлі санат бойынша бағаланады. Атап айтқанда, А, В,С деңгейлерімен балдық дәреже көрсетіледі.
MSCI (Morgan Stanley Capital International World Index) (Бұл институционалдық инвесторлар мен хедж қорларға қор индекстерін, портфельдік тәуекелдерді және өнімділік көрсеткіштерін талдауды және басқару құралдарын ұсынатын инвестициялық зерттеу компаниясы) компаниясы бағалау жүйесін былай жіктейді:
- AA және AAA рейтингі барлар көшбасшылар қатарына кіреді;
- орташа көрсеткіштері бар компаниялардың деңгейі — A, BBB, BB;
- рейтингтің соңында қалғандардың көрсеткіші — B, CCC.
Жалпы, рейтингтік агенттіктер ESG ашықтығын түрлі сауалнама, жарияланған деректер, жылдық есептер және ашық ақпарат көздері негізінде жасайды. Тағы бір атап өтерлігі, мұндай зерттеуді тәуелсіз сараптау орталықтары жүзеге асырады.
Рейтингті Қазақстанда кім жүргізеді?
Қазақстанда ESG талаптарын қадағалайтын арнайы орган жоқ. ESG-мәліметтерінің ашықтығы соңғы жылдары ғана көрініс бере бастады. Бұл қазақстандық бизнестің шетелдік капитал нарықтарымен әлі белсенді қатынаста болмауына байланысты. Әйтсе де, елдегі бірқатар квазимемлекеттік құрылымдар ESG тәртібі негізінде жұмыс істейді.
Осы күнге дейін елдегі экономикалық көрсеткіштерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалап келсе, экологиялық шарттарды экология, геология және табиғи ресурстар мен Энергетика министрлігі бақылауға алған.
Әйтсе де, 2018 жылы Астанада Халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл орталық іс жүзінде елге ESG бойынша қаржы тартуға жауапты негізгі орган ретінде танылады.
Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасы (KASE) елдегі компаниялардың ESG ашықтығын дамыту мақсатында белсенді жұмыс жасап келеді. 2020 жылдың басында Қазақстан қор биржасы (KASE) Қазақстандағы листинг компаниялардың ESG бойынша берілетін есеп ауқымын кеңейтіп, талаптарды қатаңдатты. Әлеуметтік жүйе, қоршаған ортаны қорғау және корпаративті басқару саласының мазмұнына басымдық берілді. Әлемдегі озық стандарттарға сай келуді көздеп отыр. Компанияның ақпарат ашықтығына айрықша мән берген.
Алайда, әзірге мұндай талаптар қазақстандық листинг компаниялардың шектеулі бөлігін ғана қамтиды. Осы күні Қазақстан қор биржасында (KASE) ESG бойынша екі орталығы іске қосылған: Green Technology Hub (инновациялық экологиялық стартаптар орталығы) және Eurasian Environmental Fund. Қордың басты мақсаты – Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ықпал ететін жасыл жобаларды іске асыру. Сондай-ақ, бұл орталық бүкіл Орта Азия компанияларына жасыл қаржыландыру бағыты бойынша кеңес береді және ESG-ге қатысты барлық қазақстандық жобаларға қатысады.
ESG бағытындағы белсенді компаниялардың екінші тобына – квазимемлекеттік сектор немесе «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры және «Бәйтерек» Ұлттық Басқару Холдингі сияқты ірі ұлттық холдингтер жатады. Холдингтер өз компанияларына орнықты даму қағидаттарын енгізіп, мейлінше ақпаратты ашық беруге ұмтылады.
Сондай-ақ, ESG есептерін бірнеше рейтинг агенттігі де ашық жариялап жүр. Атап айтқанда:
- RAEX-Europe
- Акр
- Bureau Veritas
- PriceWaterhouseCoopers (PwC).
Қазақстан рейтингінің үздіктері кім?
2021 жылы PriceWaterhouseCoopers (PwC) компаниясы ESG-ақпаратты ашық жариялау көрсеткіші бойынша қазақстандық үздік компаниялар рейтингін жариялады. Егер 2019 жылдың қорытындысы бойынша топ-50 компанияның есеп қорытындысы 4,6 балды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,1 балға жеткен.
Әлбетте, жаһандық көрсеткішке жету әлі алда. Әйтсе де, ел ішінде компаниялардың ESG қағидаттарына бет бұруы қуантады.
Сонымен, 2022 жылы PwC компаниясы деректерді ашып көрсету деңгейі бойынша үздік 50 компанияны іріктеп алған. Сол тізімнің алдыңғы орнына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК жайғасып, рейтинг көшбасшысы болып танылды. Зерттеу қорытындысы бойынша үздіктер қатарына Қазмұнайгаз, Қазатомөнеркәсіп, ҚазТрансОйл, KEGOK және Қазақтелеком кірді.