Қоғам

«Айлығымды көтеру керек» демес бұрын білуіңіз керек дүниелер

Шын бағаңызды қалай белгілеуге болады?

Жұмысқа байланысты сұхбаттасуға келдіңіз. HR-маман «қандай айлық аламын деп есептеп отырсыз?» деп сұрады. Нарықты зерттеп, орташа баға айта аласыз ба? Әлде қысылып, сома айтуға батпайсыз ба? Негізі жалақы мәселесі — өте маңызды, күрделі әрі нақтылап алуды талап ететін тақырып. Ақша басты құндылық болмауы керек десек те, жобаларды сәтті іске асырып, жақсы өмір сүру үшін жалақының жеткілікті болғаны дұрыс. Себебі адамның өмір сапасын көрсететін бірден-бір фактор — айлығы. Ендеше, бүгінгі материалымызда жалақыңыздың көлемін анықтау әдістеріне тоқталайық.

Айлық көлеміне әсер ететін дүниелер

Алдымен экономикалық теория тұрғысынан қарастырайық. Жалақы нарықтағы орташа бағаға қарап белгіленеді. Айлық деген не? Бұл — қызметкердің жұмысына берілетін ақысы. Еңбекақы мөлшері квалификация, атқарылатын жұмысты жүктемесі, шарттары мен сапасына қарай анықталады. Оған қоса өтемақы мен үстемеақылар қосылады. Жалпы алғанда қызметкер өзінің уақыты мен күшін сарқығаны үшін ақы алады. Ол интеллектуал немесе физикалық қабілет болуы мүмкін. Ал енді нарықтағы төменгі не жоғары ақыны алуға қызметкер өзі әсер ете ала ма? Әлбетте, «қымбат» қызметкер болып, ірі жалақы алуына болады. Ол үшін өз ісінің маманы болуы керек. Яғни ол атқаратын жұмысын сапалы істеп, өзінің білікті екенін көрсетуі қажет.

Бұдан бөлек, жалақы мөлшеріне сыртқы факторлар да әсер етуі мүмкін. Олар өз кезегінде нарықтық бағаға да әсер береді. Ол дегеніміз: сұраныс, ұсыныс, бәсекелестер ұсынатын баға және т.б. Айталық, сіз IT-мамансыз. Әлемнің алпауыт компанияларында да істей аласыз. Болмаса, киім тігесіз. Сіздің киімдеріңізді қызыл кілеммен жүріп өтетін белгілі жұлдыздар киеді. Олай болса, әрине, сіздің жалақыңыз өседі. Аз ақыға көнбейсіз, төмен ақы ұсынбайды да. Сондай-ақ, сұхбаттасу кезінде өзіңізді ұстауыңыз, бұрынғы жобаларыңыз туралы шеберлікпен әңгімелеп, презентация жасай алуыңыз да ақының өсуіне әсер етеді. Сәйкесінше, егер қымсынып, сенімсіз болып отырсаңыз, жұмысқа алмай қалуы, алса да аз айлық беруі әбден мүмкін.

Жалақыға қатысты қандай аңыздар бар?

Нарықтағы орташа еңбекақы туралы. Айталық, «Қазақстанда дәрігерлер орта есеппен 500 мың теңге алады» деп тұрса, сол айлыққа кез келген мекеме келіседі деп ойлайтындар бар. Нарықтағы мұндай шолуды жұмыс берушілер өз мамандарының айлығы мен нарықтағы табысты салыстырып, бюджетті дұрыс жоспарлау үшін жасайды. Яғни сіз орташа айлық көлеміне қарап өз шамаңызды бағамдай аласыз. Бірақ білігіңіз төмен болса да, міндетті түрде сондай жалақы аламын деп ойлау — қате. Былай алып қарайық. Бір компанияның ішінде де қызметкерлердің айлығы әр түрлі болуы мүмкін. Оған жоғарыда атап өткеніміздей, тәжірибесі, білігі, кәсіби қабілеті әсер етеді. Мысалы, сіз де, әріптесіңіз де — контент маманысыздар. Бірақ сіздің ақыңыз жоғары. Болмаса, керісінше болуы ғажап емес. Соған қарап-ақ, басқа компанияда ол жағдай тіпті басқаша болуы мүмкін екеніне таңғалуға болмайды. Айлық мөлшеріне шолу жай ғана ориентир үшін керек. Одан аз не көп болуы әр жерде жеке қарастырылады.   

Штат кестесіне қатысты аңыз. Компаниядағы белгілі бір позицияға бекітілген айлықтан қанша жерден көп сұрасаңыз да, бермейді деп ойлайтындар бар. Бірақ бұл да — қате түсінік. Өйткені егер шынында өте құнды қызметкер болса, онда жалақыны әлдеқайда көбейте алады. Тіпті бюрократияға «баспен» кіріп кеткен мекемелердің өзінде штат кестесіне сай айлық береміз десе де, құнды қызметкерге қосымша сыйақылар не жайлы жұмыс тәртібін ұсынуы мүмкін. Себебі мықты маманды жіберіп алмауға тырысады. Ал коммерциялық компанияларда тіпті 2 не 3 есе жоғары айлық ұсынуы да мүмкін. Айтпағымыз, егер шын мықты болсаңыз, жоғары білікті, бағалы жетекші, топ-менеджер секілді мамандар сұранысқа ие. Сондықтан оларға жоспарланған сомадан еселеп көп ұсынуы мүмкін. 

Айлықты көтеруді талап ету үшін контроффер керек. Көпшілігі қателесетін тағы бір факторды алып көрейік. Жалақысының өскенін, жұмыста жоғарылатқанын ұзақ күткен қызметкер жұмыс берушіге «қысым» көрсету үшін  «басқа жақта жұмысқа шақырып жатыр» деп, контроффердің ақысын айтып жатады. Бұл амалдың шынында нәтиже беретін кезі барын жоққа шығара алмаймыз. Жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп, кәсібилігімен көзге түскен адам мұндай талап қойып, онысын орындатуы мүмкін. Бірақ бірнеше рет мұндай қайталанса, «дәмі» кетіп қалады. Өйткені жұмыс берушілерге қит етсе «кетем» деп қорқытатын қызметкер ұнай бермейді. Яғни мұндай тәсілді шын негіз бар кезде ғана қолданған абзал. Әйтпесе, бір рет айлығыңыз көтеріп, артынша орныңызға сырттан адам іздей беруі мүмкін. Сөйтіп вакансияға сай адам табылғанда, жай ғана жұмыстан шығарып жібере салады.

Жоғары жалақы тек ірі компаниялар мен алпауыт корпорацияларда ғана төленеді. «ҚазМұнайГаз» не «ТеңізШевройлда» ғана жақсы табыс табуға болады» деген пікірді жиі естуге болады. Иә, компанияға неғұрлым танымал болған сайын, онда жеңілдік пен қосымша көп болады. Қызметкерлерге жақсы ұсыныстар жасауы мүмкін. Осы жағынан келгенде оларға қызметкер табу қиын емес. Олай болса, сұранып тұрғандар онсыз да көп болса, онда артық төлеп не керек? Ал енді қызметкер табу қиындау болған сайын, компания небір жақсы ұсыныс жасап, әлгі алпауыт корпорациялардан да жақсырақ бонус, төлем беруі мүмкін. Осыны ескеру керек. Табыс мөлшеріне қатысты қандай да сенімсіз ойларыңыз болса, онда біреумен талқылаған дұрыс. Ойыңыздың қаншалықты рас не шындыққа жанаспайтынын талдап көріңіз.  

Айлық туралы анық ақпаратты қайдан іздеген жөн?

Сіз журналиссіз делік. Айлығыңыз өзгелерге қарағанда аз екенін байқадыңыз. Бірақ сізге сол еңбекақы сай ма, әлде өсіруі керек пе — қалай біле аламыз? Ол үшін төменгі және жоғары шегін қарап көрген жөн.  

  • Интернеттегі ашық деректер — вакансиялардан қараңыз. Жұмыс ұсынатын сайт көп. Соларға өз мамандығыңыз яки қызметіңізді жазып, нарықтағы ұсынысты қараңыз. Бір жақсысы, бұл жағдайда компанияның масштабын, жүктемені және табыс көлемін салыстырып көруге мүмкіндік бар. Кей жұмыс орындары «жалақы келісімді» деп, нақты айтпауы мүмкін. Осыны ескеріңіз. Ондайда жай ғана білу үшін хабарласып, түйіндеме жіберіп көрсеңіз болады.
  • Жалақы мөлшеріне қатысты жасалған шолулар. Мұндай есепті табу оңай болмауы мүмкін. Бірақ тиісті кілтсөздер жазу арқылы ашық дереккөздерден таба аласыз. Таныс HR-маманыңыз болса, болмаса карьералық кеңесшіден сұрап алуға болады.
  • Салалас бизнес не компанияларда істейтін әріптестерден сұрап көріңіз. Иә, айлық туралы тікелей сұрау этикаға жатпайды. Біреудің қанша табатынын сұрамаған дұрыс. Бірақ жақсы араласатын адамыңыз болса, оның жеке шекарасына кіруді мақсат етпейтініңізді білдіре отырып, сұрастырып көре аласыз. Өзіңіздің жұмыс ауыстыру туралы ойыңыз бар екенін, сол үшін айлық мәселесін анықтағыңыз келетінін айтыңыз.
  • Карьералық кеңесшілер мен коучтердің кеңесін алыңыз. Мұндай көмектесетін практиктерде әркімнің өз саласы болады. Біреуі тек топ-менеджерлермен істейді, біреу белгілі бір сала, мысалы IT-ге, банкке қатысты ғана кеңес береді дегендей. Өз салаңызға қатысты кеңесші тауып алыңыз да, жаңа жұмысқа ауысатын болсаңыз, қанша жалақы сұрауға болатынын біле аласыз. Ол сізге бағыт береді. 

Айлықты көтеруді талап етерде ескеретін жайттар

  • Айтқандай, нарықтағы орташа құнға қатысты тек ориентир ұстай аласыз. Яғни дәл сондай соманы талап ете аламын деу — қате. Еңбек бағалаудың нақты әрі бәріне бірдей әділ жүйесі жоқ. Барлығы жекелеген жағдайда қарастырылады. Яғни қызметкер мен жұмыс берушінің арасында келісіледі. Мұндайда сізден талап етілетіні — өз бағаңызды белгілеу. Соған сай ақы сұрап, қызметіңізді ұсыныңыз. 
  • Осы ретте бұл мәселенің екінші ұшы бар екенін екеріңіз. Қарсы тарапқа өзіңізді құныңызды көрсетуіңіз бен осыған дейінгі тәжірибеде қалыптастырған беделіңіз сәйкес келуі керек. «Қырам-жоям» деп алып, кейін соған сай қызмет ете алмасаңыз, өзіңізге сын. Сол себепті шынайы болыңыз. Расында еңбегіңіз орасан болып, оған ақы жоғарырақ болуы керек десеңіз, онда жөн. Ал енді білігіңізді еш арттырмай, жөнсіз көтеруді сұрауыңыз — әбестік.
  • Ақша табу әсте оңай емес. Жоғары ақының талабы да жоғары. Екіншіден, бір рет сөйлесіп, ертесіне еңбекақыны көтеру туралы жаңа шарт жасасамын деп ойлап қалмаңыз. Оның жолы ұзақтау болуы да мүмкін. Алдымен қаржы кеңесшілерімен сөйлесіп, талқылаған артық болмайды. Өйткені әлдебір талап айтпас бұрын өзіңіздің ішкі сенімділігіңіз маңызды. Сол нәрсе сыртқа сезіліп тұрғанда келіссөз жасау әлдеқайда оңай болады.