ҚР ИИДМ Көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісіновтің айтуынша, 2022 жылы көмір өндіруші компаниялар 113,9 млн тонна қатты отын өндіріп, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,9-ға көп. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша көмір экспорты 32,5 млн тоннаға жетті. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 11,03 млн тонна, энергетикалық кешендерге 64,4 млн тонна, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,97 млн тонна көмір жөнелтілді», деді Ж.Игісінов.
Министрлік жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде 2022-2023 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың қажеттілігіне байланысты көмір өнімдері көлемінің жоспарын дайындады. Соған сәйкес тұтыну көлемі – 9 млн тоннаға жетпек. Оның ішінде коммуналдық тұрмыстық сектор 2,2 млн тоннаны пайдаланса, халық тұтынатын қатты отынның көлемі 6,8 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр.
Биыл (23 қаңтардағы жағдай бойынша) өңірлерге 7,6 млн тонна көмір жеткізіліп, бұл қажеттіліктің 84,1%-на тең.
«Биылғы жылыту маусымы кезеңінде қатты отынның тапшылығын болдырмау мақсатында министрлік 2022 жылдың 30-шы қыркүйегінен бастап көмірді елімізден 6 айға автомобиль көлігімен шығаруға шектеп, арнайы бұйрық шығарды», деді Ж.Игісінов.
Сонымен қатар ведомство былтыр еліміздегі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қаржы және сауда ұйымдарының мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік көмірді сату бойынша жобаны қолға алғанын айта кетейік. Қазір аталған тетік арқылы еліміздің 9 өңірінде 17 оператор көмір сатып келеді.