Қоғам

Көктемгі су тасқынына дайындық қалай?

255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр

Бүгін Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралды деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қаупі бар өңірлерге Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары жатқызылған,

Оның айтуынша, бүгінгі таңда су басу қаупі аймағында 255 елді мекен, су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600 астам теміржол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, республика аумағында барлығы 1806 тірек гидротехникалық құрылыс бар. Осы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша 1322 ГТҚ зерттелді, 471 нысан жөндеуді талап ететіні анықталды. Қазіргі кезде 41 ГТҚ қайта жаңартылуда. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылғанын айтты. Автожолдар мен жол құрылыстарына күнделікті қарау жүргізіледі. Инертті және басқа материалдарды дайындау басталды. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров өңірлердегі ағымдағы жағдай мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр биыл қыс қарлы болғанын және ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейетінін атап өтті. Бүгінде 255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр.  

«Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елді мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райы болжамына сәйкес, алдымыздағы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өңірлер су тасқынына толық дайын емесн айтты. Қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді. 

«Дайындық жұмыстарының сапасына қатысты халықтың тарапынан да түсіп жатқан шағымдар аз емес. Өйткені, олар өздерінің үй-жайына, мал-мүлкіне алаңдап отыр. Мәселен, Ақмола облысының Қошқарбаев ауылында Нұра өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына қаржы бөлінбей отыр. Онда әр жыл сайын тасыған су жағалауды бұзып өтіп, үйлерге дейін жетеді», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Астанада және Алматыда дренаждық жүйенің қатты жауын-шашын мен тасыған селге шамасы жетпейді.

Үкімет басшысы барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе, ауылдық елді-мекендерде уақытылы шығаруды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – тасқын кезінде жолдардың шайылып кетуі мен бұзылуы. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғындары жыл сайын жолдың шайылып кетуінен Нығман кентімен қарым-қатынас қиынға түседі деп шағымданады. Ауыл тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алдын ала дайындап алуға мәжбүр.

«Мұндай жағдай болмауы тиіс. Әкімдік бұл проблеманы түпкілікті шешуі қажет. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдардың, көпірлер мен су өткізу бекеттерінің су тасқынына дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауы керек», — деді ол.