Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері әртүрлі саладағы кәсіпкерлерге лазер станогы арқылы қызмет көрсетеді. Бекарыс Тастемірұлы лазер кесу құрылғысымен темірден басқа бүкіл материалды кесіп, күйдіріп қажетті дүниені дайындап береді. Кәсіпкер қазіргі таңда осы станок арқылы бір күнде 200 мың теңге табыс тауып отыр. Бекарыс бір станок арқылы кәсіпкерлерге 20-ға жуық қызмет түрін көрсетеді. Сұранысы көп, табысы мол бизнес түрімен таныстырамыз.
– Бизнестегі алғашқы қадамыңызды қашан бастыңыз?
– Мен негізі екі мамандық бойынша білім алдым. Біріншісі – есепші, ал екіншісі – заңгер. 2004-2013 жылдар аралығында құрылыс компаниясында бас бухалтер болып қызмет атқардым. Бірақ 40-45 жастан кейін ер адамдарға бұл мамандықта жұмыс істеу қиын. Сондықтан 2013 жылы жұмыстан шығып, тендерге бет бұрдым. Бұл жерде жақсы табыс таба алмадым. Сөйтіп 2015 жылы осы істі қолға алдым.
– Осы кәсіп жайлы толық айтып кетсеңіз?
– Бұл кәсіп лазерлік қызмет көрсету деп аталады. Бастапқы кезде бұл бизнес маған таныс болған жоқ. Лазер құрылғысы арқылы бір емес, бірден жиырма шақты салаға қызмет көрсетуге болады. Лазермен көрпеге ою сызып, үлкен әріп жазып, перде сәндеп, көйлектерді безендіруге болады.
– Бұл құрылғы темір де кесе ме?
– Жоқ, бұл құрылғы темір кеспейді. Негізінен ағаш, пластик, түрлі маталарды кеседі. Бұл станокпен темірді күйдіріп, әртүрлі сурет салуға болады.
– Бизнесті бастауға қанша ақша қажет болды?
– Бұл істі 8 мың доллар қаржымен бастадым. Мен бірден сапасы жақсы, әмбебап станок алдым. Арзан құрылғыға жүгірмей, бірден сапалы дүние алған абзал. Себебі бұл іске салған қаражатты толық ақтап шығасыз.
– Елімізде бұл бизнеске сұраныс жағы қалай?
– Сұраныс өте жақсы. Лазер арқылы көптеген дүние жасауға болады. Біздің бұл бизнестің негізгі мақсаты – халыққа қызмет көрсету.
– Бір күндік орташа табысыңыз қанша?
– Барлығы тапсырысқа байланысты. Ең аз дегенде 20-25 мың теңге. Ал күнделікті 140-200 мың теңге арасында пайда табамыз. Қазіргі кезде тапсырыс өте көп. Себебі, алдағы уақытта наурыз мерекесі болады. Сондықтан көптеген дизайнерлер көйлекті алдын ала тігеді. Ал көйлекке ою салдыру үшін бізге келеді. Бізге бір клиенттің өзі 200-300 мың теңге көлемінде тапсырыс береді.
– Сіздің цехта кәсіпкерлерге қызмет көрсететін қанша құрылғы бар?
– Цехта төрт лазер станогы бар. Кәсіпте бірнеше құрылғы болған дұрыс қой. Тапсырысты да көбірек қабылдауға болады. Үлкен екі станок бар. Бұл екі құрылғы мата кеседі. Үшінші станок пластик кеседі. Төртінші құрылғы темірден жасалған заттарды күйдіріп, жазу жазып береді. Сыйлыққа беретін пышақ, термос сияқты дүниелерге кез келген жазу жазып береміз. 8 жыл бұрын бұл станоктардың бағасы 4,5-5 млн теңге көлемінде болды. Қазіргі кезде 6-7,5 млн теңге тұрады. Себебі Қытайдағы жеткізу қызметі мен құрылғының қосалқы бөлшектері қымбаттаған. Заман талабына сай, төрт лазер құрылғысы бар кәсіпорынды бірден ашу үшін 18 млн теңге қаражат қажет.
– Цехта қанша адам жұмыс істейді?
– Цехта екі көмекші мен бір дизайнер жұмыс істейді.
– Жұмыс істеп отырған мекемені қанша теңгеге жалға аласыз?
– Кеңсе мен цехті жалға аламыз. Екі мекемеге айына 240 мың теңге төлейміз. Лазер станогымен жұмыс істегенде тоқтың көлемін көтеретін мекемені жалдаған дұрыс. Бұл құрылғымен үйде жұмыс істемеген абзал.
– Бұл сала жыл мезгіліне қарайды ма?
– Жоқ, бұл бизнес жыл мезгіліне қарамайды. Мереке кездері өте көп тапсырыс түседі. Тойға да тапсырыс көп аламыз. Мысалы наурыз мерекесі, той, білім күні, ораза кездері тапсырыс өте көп болады. Қазіргі кезде тұрақты клиенттеріміз де көп. Арнайы Алматы, Шымкент, Астана қаласындағы дизайнермен жұмыс істейміз.
– Бұл бизнестің артықшылығы неде?
– Бұл кәсіптің артықшылығы бір салаға қарап отырмаймын. Осы станок арқылы ешкімге тәуелді болмайсыз.
– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?
– Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Әр адамның бір іске икемі болуы қажет. Адамның өз қабілетіне қарай жұмыс істегені дұрыс.
Сұхбатыңызға рақмет.