Өміріңізді жақсы жаққа өзгертетін 49 кеңес
Жыл басында көпшілігі мақсат қойып, армандарының тізімін жазады. Соған жету жолында барын салуға тырысады. Бірақ көбіне біз сондай ауқымды мақсаттарды есепке аламыз деп ұсақ-түйекке мән бермей кетеміз. Армандау керек, ол маңызды. Бірақ сол сәттердің арасында өзіңізді бақытты ететін, дамуыңызды үдететін кішігірім қадамдар жасап отыруды ұмытпаған абзал. Бүгінгі материалымызда елеусіз көрінгенімен аса жоғары мәнге ие болатын нәтижелерге жетелейтін әдеттер туралы айтамыз.
Жарқын болашақ жолында таудай мақсат қойған жақсы-ақ. Бір ай, жарты жыл, бір жыл ішінде жетуіңіз керек жетістіктер туралы ойланғаныңыз дұрыс. Бірақ осы сәт жайлы ұмытпаңыз. Өйткені бір қарағанда білінбейтін әдеттер сізді жақсы жаққа бұруы әбден мүмкін. Тіпті нәтижесіне келгенде ауқымды мақсаттардан да асып түсуі ғажап емес. Ендеше, өзіңізді бақыттырақ сезіну үшін не істеу керек? Үлкен күш салмай-ақ, жетістікке жетудің жолдарына тоқталайық.
- Спортпен шұғылданыңыз. Жыл бастағанда көбі өзіне залға бару туралы уәде беріп, 5-6 рет барған соң тастап кетіп жатады. Мәселен бір жерге барып, арнайы уақыт бөліп шынығуда емес. Бұл жерде маңыздысы — тұрақтылық. Күнде таңертең 15 минут жаттығу жасаңыз. Ұзақ та емес, қиын да емес. Егер осындай әдет қалыптастыра алсаңыз, ішкі тәртібіңіз өседі. Сонымен бірге күніңізді физикалық жаттығудан бастаған жақсы көңіл-күй сыйлайды. Күні бойы сергек жүресіз. Одан қала берді, жоспардағы әр нәрсені істеген сайын адамның көңілі көтеріледі.
- Жаңа бір нәрсе сатып алғыңыз келіп тұр ма? Бірден көз жұмып, ала салғанды қойыңыз. Егер сол зат керек пе, жоқ па деген ойда тұрсаңыз, онда 72 сағат күтіңіз. Үш тәулік ішінде әлгі қалауыңыз басылмаса, алыңыз. Ал өзекті болмай қалса, демек оның сізге әу бастан қажеті болмаған. Эмоцияңызды басып, салқынқанды ойлануға, шешім қабылдауға жақсы көмектесетін әдіс.
- Жарықты бір жерден қатты түсіріп қоймаңыз. Одан қайта бөлмеде бірнеше, бірақ жайлы таралып тұратын болса жақсырақ. Үйіңіздегі жағымды атмосфера маңызды.
- Үйіңізге бөлме өсімдігін өсіріңіз. Қыстыгүні көктем мен жаз сияқты әсер сыйлайтын аура ғажап емес пе?
- Пияз турағыш сатып алыңыз. Бағасы арзан, қарапайым ғана құрал. Бірақ күнде көзіңіз жасаурап, турап жүргенше осының көмегімен ұсақтап алған әлдеқайда жақсы. Бұл да елеусіз, бірақ жұмысты жеңілдететін тәсіл.
- Аптасына бір өзіңізге спа ұйымдастырыңыз. Міндетті түрде салонға барып, арнайы процедура жасау керек деп ойламаңыз. Керек-жарақты алып қойыңыз да, апта соңында өзіңізге көңіл бөліңіз. Арома-қоспалар, тұз, көбік, баттер, хош иісті сабын көңіліңізді көтереді. Жұмыс аптасындағы барлық сәтсіздік, шаршауды басады. Мол энергия аласыз.
- Демалыста демалыңыз. Миыңыз демалсын. Ол үшін классикалық туындылар қосып қойып, сенбі күнгі таңыңызды бастауға болады. Уикендтің осылай басталғаны әрмен қарай жақсы жалғасуына әсер етеді.
- Лифтіні қойып, бір ауық баспалдақпен көтеріліңіз. Егер аса жоғары қабатта тұрмасаңыз, осындай әдет қалыптастырып көрсеңіз болады. Болмаса, бастапқы 4-5 қабатты еңсеріп, әрмен қарай лифтімен шығыңыз.
- Үнсіздікті жабу үшін кейде жолына сұрақ қоя саласыз. Бірақ соның өзінде барынша назар салуға тырысыңыз. Жауабын мұқият тыңдаңыз. Ойға түйіп алатын дүние айтылып қалуы мүмкін. Кейде өміріңізді өзгертетін ойды естіп қалсаңыз, таңғалмаңыз. Өйткені сәйкестік деген жоқ. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Дер кезінде айтылған ақыл жақсылыққа бастауы ғажап емес.
- Таза ауада серуендеңіз. Қанша жерден жұмысбасты болсаңыз да, кемінде аптасына бір жаяу жүріңіз. Айтарлықтай ұзақ болуы міндетті емес. Оттегінің маңызы, ойыңызды қорытуға мүмкіндік, физикалық белсенділік сынды жағымды тұсы жетерлік.
- Түнде ұйықтарда телефонды басыңыздан кемінде бірнеше метр жер алысқа қойып қойыңыз. Жастықтың астына сала салып, ұйықтамаңыз.
- Егер әлдебір қонымды шалбар тапсаңыз, бірден екеуін алып алыңыз. Бұл кеңес ерлерге де, әйелдерге де келеді.
- Алғыс айтуды әдетке айналдырыңыз. «Рақмет» ешқашан артық болмайды. Тіпті не үшін алғыс білдіремін деп ойлайтын кездің өзінде айтыңыз. Ішкі мәдениетіңізді арттыруға көмектеседі.
- Аялдамаға дейін, жұмысқа жеткенше құлаққаппен әуен тыңдап жүретін әдетіңіз болса, арагідік одан бас тартып, құлаққапты шешіңіз. Машинаның, құстардың, адамдардың топылайын тықылдатқан даусы әлдеқайда жақсы. Үнемі музыка не подкаст тыңдай бермеңіз. Сәтті сезінудің де ғажабы бар.
- Көршілермен амандасып жүріңіз. Үлкен қалаларда көршіңізді танымауыңыз да мүмкін. Бірақ бетпе-бет көрісіп қалғанда, лифтіге қатар кіргенде кемінде сәлемдесіңіз.
- Қонаққа бара жатқанда құр қол бармаңыз. «Ештеңе керек емес» деп айтса да, кемінде бір тәтті не сусын ала барыңыз.
- Диета ұстап жүрген болсаңыз да, кейде өзіңізді «мақтап» не «еркеліп» қою керек. Өйткені үнемі тәттіден не ұн тамақтан шектегенде миыңызда күйзеліс болуы мүмкін. Читмил көңіл-күйді көтеретіні анық.
- «Тойға киемін» деп киімдерді шкафта ұстай бермеңіз. Жұмысқа жарқырап барғыңыз келсе, барыңыз. Өзіне жарасымды, әдемі киім киген адамнан сенімділік есіп тұрады.
- Отырған кезде бүкірейгеніңізді байқадыңыз ба — бірден арқаңызды тіктеңіз. Компьютер алдында сағаттап отыратын жұмыста омыртқасы қисайған, белі ауыратын адам көп.
- Еңбек демалысына шыққан кезде жұмыс поштасын өшіріп, жұмыс чаттарын үнсіз режимге қойып тастаңыз. Жұмысты мүлдем ұмытуға тырысыңыз. Ол ешқайда қашпайды. Араға бірнеше апта салып, қайта ораласыз. Сіздің орныңызды ешкім баса алмайды деп ойламаңыз.
- Үйдің, машинаның кілтін үнемі бір жерге қойып жүріңіз. Асыққанда іздеп, шарқ ұрмас үшін осы әдетті қалыптастырыңыз. Әсіресе, қапылған кезде іздеген зат табылмай қалады емес пе? Жүйкеңізді сақтаңыз.
- Тамақ әзірлегенде бұрышты қолдан ұсақтаңыз. Ол үшін арнайы бұрыш ұсақтайтын сатып алып, бұршақ бұрышты соған салып қойыңыз. Дүкендегі үгітілгенін алмаңыз.
- Қысқа демалыс бола қалса, жақын маңдағы басқа қалаға машинамен шығып кетіңіз. Астанада тұрсаңыз, Көкшетауға тартып тұрыңыз. Машинаңыз болмаса, жалға алу — жақсы вариант. Бірнеше күн сонда болып, демалыңыз. Ерекше әсер сыйлап, жұмысқа мол энергиямен ораласыз.
- Музыка тыңдауға әуес болсаңыз, бір плейлисті тыңдай бермей, өзгертіп тұрыңыз. Әсіресе, жанрды өзгертіп отыруға кеңес береміз.
- Терең тыныстауды әдетке айналдырыңыз. Елеусіз, бірақ маңызды әдет.
- «Таңғы асты тастама» деген бар. Біздің де айтарымыз осы. Асықпай, өзіңізге ұнайтын тамақты жеңіз. Қалай болса солай, апыл-ғұпыл жұмысқа шығып кетпеңіз. Нәр татпай шығу жақсы әдет емес.
- Қатты ұйқы қысқанда кезде, күндіз бірауық көз іліп алыңыз. Бұл өнімдірек жұмыс істеуіңізге себеп болады. Ұйқылы-ояу маужырап отырғанда 15-20 минуттық құс ұйқының пайдасы молырақ.
- Егер әлдебір іс-шара сізге еш қызық болмаса, сыпайы бас тартыңыз. Оған уақыт шығындаудың қажеті жоқ.
- Егер ішіңізде алай-дүлей сезім болса, әлдебір мазасыздық болса, бүкіл шаруаңызды ысырып, 5 минутқа бәрін қоя тұрып, шай ішіп алыңыз.
- Тамақ ішіп отырғанда, соның ішінде отбасылық кешкі ас кезінде телефонға алаңдамаңыз. Үстел басына смартфоныңызды әкелмеңіз. Асықпай шай-тамақ ішіп алған соң да қарап, жауап бере аласыз.
- Көңіліңіз құлазыған сәтте жастық шағыңызды еске салатын әуендерді тыңдаңыз. Бұл демде жиналуға көмектеседі, жақсы көңіл-күй сыйлайды.
- Дәурені басқа адамдармен сөйлесіңіз. Мейлі сізден үлкен не кіші болсын, таным-түсінігі сізге әсер етеді. Осылайша жаңа нәрсе білесіз, қазіргі сәтті бағалауды не әлдебір өзгеріс енгізуді ойлай бастайсыз.
- Көптен бері хабарласпай кеткен дос-жақыныңызға жазып, халін біліңіз.
- Супермаркетке барғанда кассада заты көп болса да, бір адам ғана тұрған жерді таңдаңыз. Заты аз, бірақ адамы көп жерден гөрі сол жақсы.
- Жұмыс үстеліңіздегі шкафыңызға жеміс-жидек салып қойыңыз. Кемінде алма мен банан тұрсын.
- Саяхатқа шығатын кезде жеңіл-желпі, жұқа болса да, бір кітапты ала кетіңіз. Соны оқып бітіруге тырысыңыз.
- Көшеде біреу сізге мәдениетсіздік танытса, оған солай жауап қайтармаңыз. Сыпайылық сақтаңыз.
- Контраст душқа түсіп үйреніңіз. Бастапқыда, ұнамауы мүмкін. Бірақ пайдасы зор.
- Электрон поштаңызға үздіксіз келе беретін хаттар легін қарап шығыңыз. Егер қажет емес қызметтер болса, хат келмейтін қылып баптап қойыңыз.
- Қыс бітсе, тоныңызды бірден химиялық тазалауға беріңіз. Тап-таза қылып іліп, келесі маусымға сақтап қойыңыз.
- Сүйікті фотосуретіңізді шығарып, жақтауға салып қойыңыз. Көзіңізге көрінетін жерге қойып қойыңыз.
- Өзіңізбен кездесу ұйымдастырып тұрыңыз. Мейрамханаға бару міндетті емес. Үйде де жасай аласыз. Бұрын істеп көрмеген тамақты істеп көруге болады.
- Кофені өзіңізбен алып кетіп үйренген болсаңыз, экофрендли болуға бір қадам жасап, асықпай шыныаяққа құйдырып, ішуді әдетке айналдырыңыз. Болмаса, өз термосыңызға құйдырып алсаңыз болады.
- Пластиктен жасалғанның бәрін қайта өңдеуге тапсырыңыз. Қоқысты сорттап үйреніңіз. Шоппер ұстауды әдетке айналдырыңыз.
- Созылу жаттығуларын аптасына бірнеше рет жасап тұрыңыз.
- Бір ғана оятқыш болсын. Оның басқа бөлмеде не алыста тұрғаны жақсы. Сонда сөндіру үшін тұруыңыз керек болады. Демек, ұйықтап қалу қаупі жоқ.
- Айына кемінде бір рет өзіңізге сыйлық жасап тұрыңыз. Қымбат не көлемді болуы маңызды емес. Өзіңізге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін істеңіз.
- Іштегі уайымды жақындарыңызға айтып, бөлісіңіз. Сырласыңыз болсын, іштен тынып жүре бермеңіз. Соңы жақсылыққа апармайды. Болмаса, бір жерге жазып, шығарыңыз.
- Жақсы сөз — жарым ырыс. Жылы лебіз білдіруден ұялмаңыз. Қайта көбірек айтқан сайын жағымды энергия аласыз.