Әнуар Алтайұлы: Қызғалдақтың 22 түрін өсіремін

Жарияланды
Кәсіпкер 18 жасында гүл өсіруді қолға алған

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Әнуар Алтайұлы. Жас кәсіпкер өз жылыжайында қызғалдақтың түр-түрін өсіреді. Қызғалдақтарды арнайы наурыз мерекесі қарсаңында баптап, сатады. Кәсіпкер бұл гүлдердің тұқымын арнайы  Голландиядан алдырады. Әнуардың айтуынша, өз топырағында өскен гүлдерге сұраныс жоғары.

– Әнуар, өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз?

– Мен Алматы облысы Райымбек ауылының тұрғынымын. Жасым 23-те. Өзім Сулейман Демирель университетінде есеп және аудит саласы бойынша білім алдым. Ал қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде магистратурада менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Осыдан бес жыл бұрын жылыжай салып, гүл өсіруді қолға алдым.

– Кәсіптің түрлері көп қой. Неге жылыжайда қызғалдақ өсіріп сатуды таңдадыңыз?

– Негізі мені қызғалдақ өсіруге қызықтырған әкемнің досы еді. Ол кісінің өзі қызғалдақ өсірумен айналысқан. Біз бау-бақшада тек қияр мен қызанақ өсірдік. Сол кезде әкемнің досы осында жылыжай салуға кеңес берді. Ол бұл саланың қыр-сырын үйретуді ұсынды. Сөйтіп тәуекелге бел буып, жылыжай салдық. Голландиядан қызғалдақтың 10 мың дана тұқымына тапсырыс бердік. Бірақ, әкемнің досы кенеттен көз жұмды да, қызғалдақты өсіруді үйрете алмады. Содан кейін өзім мамандардан кеңес алып, интернеттен қарап, кітап оқып, бұл саланы біраз зерттедім.

– Қызғалдақтың 10 мың дана тұқымын қанша теңгеге сатып алдыңыз?

– Ең алғаш гүлдің 10 мың дана тұқымын 980 мың теңгеге сатып алдым.

Қызғалдақ өсіріп отырған жылыжайдың көлемі қанша?

– Қазір 400 кв метрлік жылыжай салып, жиырма екі түрлі қызғалдақты ектім.  Негізі мұндай көлемдегі жылыжайға 240 мың гүл өсіруге болады. Бірақ мен биыл 64 мың ғана гүл ектім. Себебі, қаражатымның жеткені осы болды.

– Жылдық табысыңыз жайлы айтып кетсеңіз?

– Бір жылда 64 мың гүл өсіріп, 17 млн теңге таптым. Ал оның ішіндегі таза табысы – 6,5 млн теңге.

– Қызғалдақты қалай күтіп, баптау қажет?

– Негізі қызғалдақ үшін ең маңыздысы – тоңазытқыш. Себебі қызғалдақ ерте көктемде шығатындықтан, оған суық температура қажет. Бұл гүл тура наурыз айына өсіп шығу үшін, суық климат керек. Тұқымды алдын-ала тоңазытқашта ұстап, сосын жылыжайға егіп, суық температураны бірнеше ай бойы бір қалыпта ұстап тұрамыз. Бұл жерде гүлге құятын су тұзды болуы қажет, ылғалдылықты сақтау керек.

– Бұл гүлді тек наурыз айында сатасыз ба?

– Иә, тек наурыз айында сатамыз.

– Гүл бағасына тоқталып кетсек?

– Гүл бағасы тікелей еуроға байланысты. Еуро бағамы көтерілсе, гүлдер де қымбаттайды. Себебі гүл тұқымы Голландиядан келеді. Бір гүлдің өзіндік құны – 180 теңгені құрайды. Бұл ақшаның ішіне – жұмысшылардың жалақысы, көмір мен коммуналдық қызметтер кіреді. Ал бір тал қызғалдақты  1000 теңгеге сатамын. Көтерме сатып алушыларға 300-350 теңгеден береміз.

– Бұл саланың кемшілігі мен артықшылығын айтып кетсеңіз?

– Бірінші кемшілігіне тоқталып кетсем. Бұл гүлдерді жыл бойы сата алмайсын. Көп қаражат талап етеді. Ал артықшылығы, 400 кв метрлік жылыжайға қияр егетін болсам, 3 млн теңге ғана пайда табамын. Ал егерде осы жылыжайға түгел қызғалдақ егетін болсам, 25 млн теңге табыс таба аламын. Бұл гүлді жылыжайда 1,5 айда өсіруге болады. Осы сала көп жұмысшыны талап етпейді. Бір ғана көмекші жеткілікті.

– Гүлді алып келуі үшін қанша уақыт бұрын тапсырыс бересіз?

– Гүл тұқымына тапсырысты алдын-ала сәуір айында тапсырыс береміз. Бұл қызғалдақтың тұқымы бізге қазан айының басында  жүк көліктерімен келеді.

– Гүлді қай мезгілде  егесіз?

– Гүлдің тұқымы қазан айында келсе, желтоқсанның басында егеміз. Сөйтіп, бұл гүлдер тоңазытқышта тұрады. Жылыжайға қантар айында орналастырамыз.

– Бұл гүлдерге деген сұраныс жағы қалай?

– Сұраныс өте көп. Еліміздегі жылыжайлар көп болса да, басқа елдерден де сатып алады. Алматыда қызғалдақ өсіретін жылыжайлар бар. Ал басқа өңірлерде көп деп айта алмаймын.

– Жылыжай салуға қомақты қаржы қажет. Ол жағын қалай шештіңіз?

– Жылыжай салуға ай сайынғы жалақымды салып отырдым. Атамекеннен үйді кепілдікке қойып, 6 млн теңге несие алдым. Сонымен қатар көлігімді де саттым. Бұл қаражатқа жылыжай  салып, тоңазытқыш орнаттым.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз