ҚР Ұлттық Банкі биыл БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 500 млрд теңгесін «Бәйтерек» ҰБХ» облигацияларына нарық талаптарымен инвестициялауды жоспарлап отыр.
Бұл қадам Ұлттық қорын басқару кеңесі бекіткен БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттарына сәйкес келеді.
Ал «Бәйтерек» холдингі тартқан қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларды кредиттеуге бағыттамақ. Қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен бөлінген қаражаттың игерілуін үкіметі бақылайды.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Қазақстан экономикасын орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін институт. Холдинг бағалы қағаздар нарығында сенімді қарыз алушы, оның орнықты қаржылық көрсеткіштері мен халықаралық рейтинг агенттіктері жоғары баға берген.
Мәселен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі деңгейінде тұр және тұрақты болжаммен «ВВВ» құрайды.
БЖЗҚ зейнетақы активтері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға нарықтық кірістілік бойынша қайтарымды негізде беріледі. Жоғарыда аталған инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын инвестициялық табыс әкеледі, сондай-ақ Қазақстан экономикасының нақты секторын одан әрі дамыту мен жаңғыртуға елеулі қолдау көрсетеді.
Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы мәліметтер БЖЗҚ сайтында ай сайын жарияланады.
Қазіргі кезде Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 14,6 трлн теңге активін басқарады. Оның 49,7%-ы (7,2 трлн теңге) Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11,4%-ы (1,6 трлн теңге) – квазимемлекеттік сектордың облигацияларына, 6,4%-ы (945,9 млрд теңге) – екінші деңгейдегі банктік облигацияларға, 5,5%-ы (812,1 млрд теңге) – шет мемлекеттердің мемлекеттік қарызында, 2,5%-ы (370,9 млрд теңге) халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Азиялық даму банкінің бағалы қағаздарында инвестицияланған.
Қазір «Бәйтерек» облигацияларына 710,9 млрд теңге инвестиция құйылған. Ұлттық Банк өз басқаруындағы қаражаттың 0,11%-ын немесе 16,2 млрд теңгені қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигацияларына инвестициялады. Зейнетақы қоры қаражатын тағы төрт жеке ойыншы басқарады: Jusan Invest (4,2 млрд теңге), Halyk Global Markets (2,6 млрд), BCC Invest (1,5 млрд) және Centras Securities (0,9 млрд).