Теріні терең өңдеу қашан жолға қойылады?
Елімізде тері мен жүн өңдеу саласы ақсап тұр. Мал терісін де, жүнін де пайдасына жарата білген қазақ халқы ата кәсібінен қол үзіп қалды дегенге сену қиын. Иә, бүгінде мал терісінің құны арзан, жүні қажетсіз боп, қоқысқа тасталып жатыр. Бұл мәселені шешуде биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп іс-шаралар қолдана бастады.
Қазақстанда тері мен жүн өңдеу саласы екі мемлекеттік орган құзырына қарайды. Бұл саланың кейбір мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігі, кейбір тұстарын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үйлестіреді. Яғни бастапқы өңдеу саласына АШМ жауапты болса, терең өңдеу ИИДМ қарамағында.
Елімізде тері мен жүн көбінде бастапқы өңдеуден ғана өтеді. Ал терең өңделген тері, мата, киім, аяқ-киім өндірісі мүлде жоқ деуге болады. Бірен-саран жеке кәсіпкерлер болмаса, отандық өнім шығаратын қуаты жоғары зауыт немес фабрика ашатын деңгейге еш көтеріле алмағанымыз анық. Ішкі нарығымыз бұл салада толықтай импортқа тәуелді. Шынын айтсақ, бұл орайда көрші елдердің көші ілгерілеу. Қытай мен Ресейдің жағдайы айтпасақ та белгілі. Ал Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан елдері бұл салада бізден оқ бойы озық. Еліміздің дүкен сөрелерінде тұрған қолжетімді бағадағы киім, төсек орын жабдықтары бұл сөзімізге дәлел болса керек. Мәселен Өзбекстанның салалық кәсіпорындары соңғы бірнеше жылда 600 миллион доллардан астам мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл өз кезегінде 600-ден астам жобаның инновациялық бағдарламасын әзірлеуге және іске қосуға мүмкіндік берген. Ал 2021 жылы көршіміз 10 миллион долларға 115 миллион жұп былғары аяқ киім шығарған. Бұл мысалды салыстыру үшін келтірдік. Біздің елдегі жағдай қандай?
2022 жылдың жазында Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Наталья Ахшабаева елімізде бұл саланың толық тоқырап қалғанын, тіпті былғары өндірісі, қой жүнін өңдеу ісі жоғалып кеткенін айтқан. Сол кезде айтылған деректерге сенсек, елімізде тоқыма бұйымдарын шығаратын кластер құру немесе толық циклді аяқ киім фабрикасын ашу мүмкін емес. Оның себебі көп. Біріншіден, тері мен жүнді фермадан зауытқа жеткізу тізбегі бұзылған. Әсіресе, шаруалар жүн өткізуге қызығушылық танытпайды. Себебі құны арзан, әрі тері қабылдайтын пункттер жұмыс істемейді. Қазақстан бойынша бұл салада 1100 компания бар. Оның басым бөлігі, яғни 980-і шағын бизнес өкілдері. Бұл компаниялар елде өндірілетін шикізат өнімінің небәрі 1 пайызын ғана өндіреді. Бұл жерде импорттың орнын алмастыру туралы айтып қажет емес.
Десе де, жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты 2022 жылдың қорытындысын шығарып, бұл салада оң өзгерістердің байқалғанын айтты. Олардың мәліметінше, былтыр былғары және оған қатысты өнімдердің өндіріс көлемі 3,7 пайызға артқан. Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 былғары кәсіпорны жұмыс істейді екен. Олар жылына 4 миллион тері өңдей алады. Былтыр қаңтар және қазан айларында республикамызда 2,6 миллион тері, оның ішінде 1,8 миллион ірі қара малдың терісі, 5,8 миллион ұсақ малдың терісі өндірілген. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар 465 мың ірі қара мал терісін өңдеген (26%). Солайша ірі қара мал терісінен былғары өндіру 24%-ға өсіп, 130,1 млн шаршы дециметрді құрапты.
Осы орайда елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілгенін айта кету керек. Бұл құжат нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді, шикізат базасын дамытып, өңдеу саласын жолға қоюды, мемлекеттік қолдау шаралары мен кадрлық қамтамасыз етуді, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалап, қадағалауды, сондай-ақ отандық өндірушілердің өндірістік қуатын арттыру мен инвестиция тартуды және әлемдік тәжірибені енгізе отырып, экспортты дамытуды көздейді. Бұл карта бойынша бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы жүн мен тері өңдеуге құйылатын инвестициялық жобалар АШМ тарапынан субсидияланбақ.
«Біздің басты мақсатымыз – осы бағытты ары қарай дамыту. Ол үшін біздің тарапымыздан кешенді шаралар әзірленіп жатыр. Оның ішінде алғашқы өңдеуді ғана емес, сонымен қатар жүн мен теріні терең өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаларды субсидиялау жолдары қарастаралып жатыр», деді жыл қорытындысын шығарған алқа отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ ол министрлік мамандарының бұл салаға серпін беретін қосымша шараларды қолға алғанын, тері мен жүн өңдеу саласын дамыту мен оны жүйелеу жолдары айқындалып қойғанын хабарлады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, 2022 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі түріктің Iskefe Holding компаниясымен келісімшартқа отырып, ол компания 27 млн доллар көлемінде инвестиция құйып, ірі қара мал терісін өңдейтін және желатин өндіру зауытын салатын боп шешкен. Бұл жоба осы жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Министрлік берген деректерге сенсек, бұл кәсіпорын 100-ден астам адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып, жылына 7000 тонна желатин шығаратын болады. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан атқарылып жатқан шаралар. Ал ҚР Ұлттық экономика министрлігі биыл өңдеу саласындағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің және қызмет көрсетудің басым секторларында жұмыс істейтін кәсіпорындарға берілетін несиені субсидиялау шарттарын жақсартуды ұсынды.
Бұл инвестициялық несиені субсидиялау мерзімі бес жылдан, ал айналым қаражатына берілетін несие үшін үш жылдан аспауы керек. Министрлік 15 секторға басымдық беріп, бұл тізімге кіретін кәсіпорындарға несие беру мерзімін 7 жылға дейін ұлғайтпақ. Бұл тізімде сүтті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, етті қайта өңдеу және консервілеу, ет өнімдерін өндіру, сүт өңдеу және ірімшік өндіру, ауыл шаруашылығы жем-шөп өндірісі, тоқыма талшығы өндірісі, тыңайтқыштар өндіру, дәрі-дәрмек өндіру секілді т.б. бірнеше салаларға басымдық берілген. Бұл кәсіпорындарды несиелеу мөлшерлемесі жылына 14,25% құраса, жалпы ереже бойынша мемлекет оның 13,25% өтеп береді.
Байқағанымыздай бұл салаға биыл біраз қаржы құйылып, жеңілдіктер берілмек. Құйылған ақша, берілген жеңілдіктің нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз.