Жүк тасымалының көлемі 2,8%-ға қысқарды
2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға төмендеді.
Есепті кезеңде барлығы 3,8 млрд тонна жүк тасымалданды. Жүктерді тасымалдаудың негізгі үлесі жүк автомобилі көлігіне тиесілі – 82,5%, онда 3,2 млрд тонна жүк тасымалданған.
Өткен жылдың 12 айында жүк айналымы 603 млрд т-км құрады. Оның ішінде теміржол көлігімен жүк айналымы 312 млрд т-км (2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 4,3%-ға өсті), автомобиль көлігі – 146 млрд т-км (төмендеу – 7,6%).
Жүк тасымалдау көлемінің қысқаруына қарамастан, кәсіпорындардың 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда жүктерді және багажды тасымалдаудан түскен табысы 2022 жылы 12,5%-ға өсіп, 3 264 млрд теңгені құрады.
Көліктің жүк айналымы – жүк тасымалдау бойынша көліктің жұмыс көлемі тонна-километрмен көрсетіледі.