Ұлтарақ пен мәсі тігіп, миллион тауып жүрген кәсіпкер
Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Қуаныш Әсіметұлы. Кәсіпкердің қолынан жіп түспегелі, биыл 5 жыл. Қуаныш қазіргі кезде таза сиыр терісі мен қой жүнінен ұлтарақ тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер бір істі ғана емес, бірнеше кәсіпті қатар алып жүр. Айына 3000 дана ұлтарақ тігіп, 1,5 млн теңгеден жоғары табыс табады.
– Бұл кәсіпті қашан қолға алдыңыз?
– Ұлтарақ тігуді бастағаныма 5 жылдай уақыт болды. Бұл бизнеспен қатар, ұлттық нақыштағы отандық аяқ киім де тігемін. Оның ішінде мәсі, етік, балалар аяқ киімі де бар. Қазіргі таңда сапалы аяқ киім өте қымбат тұрады. Ал Қытайдан келген сапасыз аяқ киімдер ылғал өткізеді. Сондықтан жылы және су өткізбейтін, сапалы, таза қой жүнінен жасалған ұлтарақ тігуді қолға алдым.
– Бір айда қанша ұлтарақ тігесіз?
– Бір айда 2500-3000 дана ұлтарақ тігіп шығарамыз. Биылғы екі айда 10 мың ұлтарақ тігіп, 7000 данасын сатып үлгердік.
– Сіз тігетін ұлтарақтың ерекшелігі қандай?
– Ең бірінші – таза сиыр терісін қолданамыз. Таза тері мен жүннен тігілген ұлтарақ, аяқты терлетпейді, жағымсыз иіс шығармайды, суық пен сыз өткізбейді.
– Ұлтарақ тігуге қажетті шикізатты қай жерден аласыз?
– Ұлтараққа қажеттінің бәрі Қазақстанда бар. Негізінен тері мен жүнді еліміздің үш өңірінен тапсырыс беріп, сатып аламыз. Оның ішінде – Шымкент, Тараз және Қордай бар.
– Бір айлық табысыңыз қанша?
– Айлық табысымыз – 1,5 млн теңгеден жоғары. Ұлтарақтан бөлек, аяқкиім, ертоқым мен қазақ үйдің дүниелерін тігеміз. Мал шаруашылығында жүрген адамдарға арналған, жайлауда көшіп жүруге өте ыңғайлы қазақ үйдің киізін тігеміз.
– Цех жайлы айтып кетсеңіз?
– Қазіргі таңда цехта 5 адам жұмыс істейді. Үш тігін машинасы бар. Әр тігін машинасының орташа құны – 400 мың теңге. Әр тігінші күніне100 дана ұлтарақ тігеді. Бір ұлтарақты бес минут көлемінде тігіп шығуға болады.
– Бұл кәсіпке деген сұраныс жағы қалай?
– Бұл өнімге деген сұраныс өте жақсы. Ұлтарақтың денсаулыққа пайдасы болмаса, зияны жоқ. Біздің тігетін ұлтарақ екіге бөлінеді: жазғы және қысқы. Жазда тек сиыр терісінен тігілсе, қыста таза тері мен қой жүнінен жасаймыз. Бірақ, тапсырыс әрине қыста көп болады.
– Бұл бизнесте бәсеке жағы қалай?
– Тура біз сияқты ұлтарақ тігетін кәсіпорын өте аз. Қытайдан келген ұлтарақ арзан болса да, сапасы жоқ. Ал біз тігетін ұлтараққа 100 пайыз кепілдік беремін. Сапасы жағынан біздің ұлтараққа бәсекелес жоқ.
– Бір ұлтарақтың өзіндік құны қанша теңге?
– Бір ұлтарақты 800-1000 теңге аралығында сатамыз. Ал өзіндік құны – 300-400 теңге. Бізден көбінесе көтерме сатып алушылар көп алады. Бірден 700-800 данасына тапсырыс береді.
– Ұлтарақ тігу кәсібін қанша қаражатпен бастауға болады?
– Бұл істі бастау үшін, көп қаражат қажет емес. Орташа алғанда, бұл бизнесті 200 мың теңгемен бастауға болады.
– Сұхбатыңызға рақмет.