Қоғам

Байып кетуге көмектесетін кеңестердің ішінде тозығы да бар

Қай әдістер тиімсіз екенін айтамыз

Бай болуға бастайтын кеңес көп. Бірақ барлығы бірдей сізге келе бермеуі мүмкін. Соның ішінде кейбірі айтылған кеңесті тікелей түсініп, жеткіліксіз әрекет етіп жүреді. Бүгінгі материалымызда жұрт арасында жиі айтылатын кеңестерді талдап, оған ғылым тұрғысынан қандай пікір айтылатынына тоқталамыз.

  1. «Визуализация жасасаңыз, байып кетесіз». Әсіресе, әлеуметтік желіде блогерлер тарапынан осы кеңес жиі айтылады. «Автосалонға барып, су жаңа көлікке отырып визуалдаған кезде санаулы айдан кейін темір тұлпарды тізгіндейсіз» деп сендіреді. Өзінің де осы әдіспен алғанын алға тартатындар бар. Мұның астары мынадай: визуалдаған сайын мотивация артады да, түпсана оны магнит секілді тартады. Осылайша керек адам мен жағдайларға жолығасыз-мыс. Ғылыми тұрғыдан қарасақ, позитив қиял қалағанымызды орындауға керек энергияны туындата алмайды. Нью-Йорк университетінің психология факультетінің ғалымдары армандар картасының шын мәнінде еш күші жоқ деген байламға келген. Олардың айтуынша, тақтаға жазылған арманды ми орындалып қойған дүние деп есептейді екен. Сөйтіп нәтижеге қол жеткізудің жолдарын қарастыруға тырыспайды деседі.
  2. «Позитив аффирмация табысты болуға әсер етеді». Аффирмация дегеніміз — өзін-өзі сендіру үшін айтылатын позитив сөздер. Мысалы, «Менің қолымнан бәрі келеді». Мұның мәні — психикалық және эмоциялық фонды дұрыстап, өмірде жағымды өзгерістер әкеледі деп сенуде. Ғалымдар жасаған зерттеулерге қарасақ, аффирмация негатив ойларды қуып, қиналыс сезімін жасыра алмайды. Егер өзін-өзі жоғары бағалайтын адамдар аффирмация айтса, онда олар өзін жақсы сезінуі мүмкін. Ал өзіне сенімсіз адамға бұл әдіс әсер етпейді. Невада университетінің психология кафедрасының профессоры Стивен Хейс былай дейді: «Мен жақсы адаммын» деген сынды аффирмациялар шынымен қажеттілік туындаған кезге дейін ғана әсер етеді. Шын мәнінде қолдау керек болған кезде, көңіл-күйіміз түскен уақытта әлгі аффирмациялар керісінше жұмыс істей бастайды. Яғни адам өзін жақсы емес, жаманмын деп есептейді. Осы тұрғыдан алғанда тиімсіз тәсіл».
  3. «Таңғы бесте таңмен таласып тұрсаңыз, әлемді бағындырасыз». Мотивациялық ораторлар жиі айтатын кеңес. Бұл күні бойы мол энергиямен жүру үшін керек деседі. Таңғы бесте тұратын әдетімен белгілі Бенжамин Франклинді мысалға жиі келтіреді. Иә, расында ерте тұрған адамның бірер ісі артық болады. Десе де, кейбіріне бұл әдіс көмектеспеуі мүмкін. Америка, Ұлыбритания, Нидерланд, Германия елдерінің медицина орталықтары мен университеттерінің мамандары 700 мыңнан астам адамға зерттеу жасаған. Нәтижесінде адамның таңертең не кешке қуатты сезінуіне әсер ететін 350 генетикалық фактор анықталған. Олар адамның қай кезде өзін күші мол сезініп, энергияға толы жүретінін зерттеген. Яғни «жай ғана ерте тұрсаң болды» деген кеңес бәріне бірдей сәйкес келмейді. Өйткені өнімді жұмыс уақыты әркімде әртүрлі болады екен. Гарвард университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі ғалымдары осы тақырыпта көп зерттеу жасаған. Олардың айтуынша, ұйқы режимін жекелеген биологиялық сағаттар белгілейді. Оған ген әсер етеді деседі. Сондықтан жұмыс режимін құрғанда әркім өз жағдайына, сезімдеріне қарауы керек дейді. 
  4. «Позитив қана ойлау керек». Жалпы жақсы ойда жүру дегенде көбі әлемді тек әдемі қылып көру, әр нәрседен позитив іздеу, жақсы тұсын ғана байқау дейді. Мүлдем негатив ойламау қажет деседі. Әрине, жақсы ойда жүрген керемет. Десе де, позитив ойлау үнемі көмектесе бермейді. Кей жағдайда керісінше зиян тигізуі мүмкін. Психология профессоры Джули Норемнің айтуынша, позитив ой — тиімсіз стратегия. Қиын жағдайға тап болған адам өзін жақсы сезіне бастауы үшін аздаған мазасыздық керек. Ал тек позитив ойлайтын болса, ми мәселе жоқ деп ойлайды да, шешімін іздемейді. Кей жағдайларда шынайы өмір мен ойдағы дүниелер сәйкес келмейді де, санамыз арасында айырманы сезіп, психикалық және эмоциялық күйі нашарлайды. Ал реал көзқарас адамға аса маңызды. Сонда ол өмірдегі жағдайларды дұрыс қабылдап, объектив бағалай алады. Позитив психологияда жағымды мысал ретінде қатерлі ісікке шалдығып, ойдың күшімен жазылып кеткендерді жиі айтады. Бірақ Коннектикут университетнің Медицина мектебінің ғалымдар позитив ой қатерлі ісікті жеңуге көмектеспейді деген байламға келген. Сонымен бірге басқаларға «мен енді тек жақсы ойлаймын, тек позитивті болып жүремін» деп айту да аса жақсы емес деседі. Оған қатысты зерттеудің нәтижесін айтайық. Егер айналаңыздағылар сізді еш өкпелемейтін, жаман ойламайтын, басқалара позитив энергия беретін адам ретінде қабылдап үйренсек, онда сізге ешкім қысым көрсетпеген кезбен салыстырғаннан әлдеқайда көбірек жағымсыз эмоция жиып алуыңыз мүмкін.       
  5. «Көп шығындалған сайын көп табасыз». Эзотерикаға сенетіндер жиі айтатын кеңес. Яғни бұл әлем солай құрылған-мыс: көп берген сайын көп аласыз. Бизнес-коучтар осыны ақшаға қатысты да көп қолданады. Егер бар ақшаңызға басқаға құртатын болсаңыз, одан байып кетпейсіз. Керісінше негізгі қажетіңізді өтей алмай, ақшаңызды көбейте алмай қаласыз. Америкалық кәсіпкер Уоррен Баффет — әлемдегі ең бай адамдардың бірі. «Ең керемет салым — өзіңізге бағытталғаны. Өз қабілеттерімізге инвестиция салу керек. Өзіңіздің дамуыңызға, бизнесіңізге салған ақша көп жағдайда ақталады» дейді ол. Әйтсе де, тапқанның бәрі өзіңізге ғана жарата берген де жөн емес. Яғни қор жинап, ақшаны көбейту амалдарын жасау маңызды. Қаржылық мақсаттарға жетуге көмектесетін қарапайым құралдар: жеке қаржылық жоспар, бюджетке анализ жасап отыру, кіріс пен шығындарды бақылау. Осы қарапайым ережелер адамның табысына тікелей әсер етеді. Бұл жерде қымбат зат алып, соның арқасында өзімен-өзі көп қаражат келеді деген нәрсе жоқ. Бұл бірақ өзіңізге бағалы зат алмаңыз, басқаларға көмектеспеңіз деген сөз емес. Көмектескенде де қаржылық жоспарға қосып, алдын-ала есептеу керек. Қолыңыздан келіп тұр ма — неге қол ұшын бермеске? Сіздің бюджет жоспарыңызда ондай көмек те қарастырылсын. Америкалық, германиялық, швейцариялық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, жомарттық танытқан сайын адамда бақыт деңгейі артады екен. Басқа адамға бірдеңе алып бергеннен өзін бақытты сезінеді деседі. Ол үшін ғалымдар зерттеуге қатысқан адамдардың миының белсенділігін тексерген. Жомарттыққа жауап беретін бөлігі мен бақытқа жауапты бөлігі арасында расында байланыс бар болып шыққан. Әйтсе де, жомарттық танытқан сайын көп ақша табамын деп ойламаңыз. Бірінші кезекте, сіздің еңбегіңізге байланысты. Бұл жерде басты плюс —  жомарттықтан туындайтын жағымды әсер.  
  6. «Мақсатқа жету жолында ештеңеден тайынбаңыз». Бұл әдісті қолдайтындар күн демей, түн демей жұмыс істеу керек дейді. Яғни бір минут та бос уақыт болмауыңыз қажет екен. Сонда ғана максимум нәтижеге қол жеткізуге болады. Бірақ осыған қатысты жасалған зерттеу қорытындысы мүлдем керісінше болып шықты. Яғни адамның миына демалыс керек. Сонда ғана өнімді жұмыс істеп, жады жақсарады. Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары демалған кезде де ми бос болмайды дейді. Ол сіз демалған кезде жақында алған ақпараттарын өңдеп, шешілмеген мәселелерді анықтап жатады деседі. Флорида университетінің психологы К.Андерс Эрикксон отыз жылдан астам уақыт бойы әйелдер мен елердердің түрлі салада қалай жетістікке жететінін зерттеген. Содан мынадай қорытынды жасаған: кәсібилердің дені белгілі бір іспен бір сағаттай ғана айналысады, ал бір сағаттан соң оларға демалу керек екен. Психологтың айтуынша, түрлі саладағы жетекші мамандар көбіне күніне 4 сағаттай ғана жұмыс істейді. Ал неғұрлым ұзақ уақыт бойы бір жұмысты тоқтаусыз істегенді эмоциялық жанып кетеді дейді. Бұдан басқа да зерттеулер бар. Олардың нәтижесіне сәйкес, далаға шығып, таза ауа жұтып қайту, медитация, спорт қана емес, күндізгі құс ұйқы да аса пайдалы деген байлам жасалған. Яғни өнімді жұмыс істеу үшін тынымсыз емес, арасында үзіліспен жұмыс істеу керек.