Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдерін сынға алды

Жарияланды
Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен

Сенбі күні Премьер-Министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізіп, инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

«Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі», деді Смайылов.

Премьер-Министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өткен.

«Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді», деді Әлихан Смайылов.

Смайыловтың айтуынша, әкімдер облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет.

«Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», — деді Үкімет басшысы.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, инвестиция тартуда Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз