Қоғам

Айжан Болатқызы: Бала сабақтан тыс шығармашылықпен айналысқаны жөн

Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттен бөлінген қаржы балалар игілігіне жұмсайды

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Болатқызы Айжан.  Кәсіпкер қазіргі таңда мемлекетет қаржыландыратын тегін үйірме  мен секцияларды ұйымдастырады. Бұл тегін үйірмеге әр бала өз қалауы бойынша қатыса алады. Кәсіпкер қазіргі кезде үш елдімекенде тегін үйірме ашқан. Балалар бұл орталықтарда бірнеше бағыт бойынша білім алады. Олар – домбыра, қолөнер, би және тігін. Айжанның айтуынша, баланың сабақтан тыс  үйірмелер мен секцияларға қатысуы өте маңызды.

– Айжан, үйірме ашу идеясы қайдан келді?

–  Мен алғашқы кезде тегін үйірмені Балқаш ауданынан аштым. Өйткені ауылдық жер болғандықтан, балаларды сабақтан тыс уақытта апаратын ешқандай орталық болған жоқ. Сондықтан, балалар үшін арнайы тегін үйірме ашуға шешім қабылдадым.  Біраз уақыттан кейін Алматы облысы Абай ауылына көшіп келдім. Бұл ауылда да балаларды өнерге баулитын орталықтар өте аз болды. Осы ауылда арнайы мекеме қарастырып, балалардың жан жақты дамуы үшін үйірме аштым.

– Үйірмеде қанша балаға қызмет көрсетіп жатырсыз? Орталық неше балаға дейін қамти алады…

– Қазіргі кезде үш орталығымызда 300-ге жуық бала білім алып жатыр. Домбыра болсын, би болсын балалар толық қатысып, бос орындар көп болмайды. Ал қатысамын деген бала үшін есігіміз әрқашан ашық. Қазіргі уақытта үш бірдей орталықты қатар алып жүрмін. Абай ауылы мен Балқаш ауданында екі тегін үйірме  бар. Үш мекемені жалға алу үшін айына – 700 мың теңге төлеймін.

– Балалар қандай да бір байқауларға қатыса ма?

–  Балалар аудандық және  қалалық көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Олар халықаралық ұлттық аспаптар сайысында бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, би байқауынан да көптеген жүлделер алды.  Бізде домбыра мен би үйірмесі аптасына үш рет жүргізіледі. Тігін және қолөнер сабақтары аптасына екі рет өткізіледі.

– Үш елді мекенді қосқанда неше маман жұмыс істейді?

– Балаларға 14-ке жуық білікті маман білім береді.  Барлық ұстаздарың арнайы білімдері мен тәжерибиелері бар.

– Мемлекеттен қандай көмек көрсетіледі?

– Мемлекет әрбір келген баланы қаржылай қамтамасыз етіп отыр. Әр келген балаға мелекеттен қаржы аламыз. Біз бұл қаражаттан мекеме жалдау, салық және мамандардың жалақысын төлейміз. Сонымен қатар, бөлінген ақшаға балаларға қажетті  дүниелерді, оқу құралдарын қамтамасыз етеміз. Оларға байқауға барғанда көйлектері мен костюмдерін тіктіріп береміз. Тіпті қажет болса, әр балаға үйірмеде жеке-жеке домбыра ұсынамыз.

– Ата-аналардың баланы дамытуға деген қызығушылығы мен сұранысы жайлы не айтар едіңіз?

– Қазіргі кезде дамимын, ізденемін деген балаға мүмкіндіктер өте көп. Ауылдық жерде тегін үйірмеге деген сұраныс жоғары. Ең бастысы білікті маман болса, оқушылар сабаққа қызығушылықпен келеді. Біздің үйірмедегі мамандар өте білімді. Балалармен өте жақсы жұмыс істейді. Мен ең бірінші, тегені үйірмені ашпас бұрын, сұранысы мен бәсеке жағын толық зерттеймін. Сондықтан біз ашқан елді мекендерде бізден басқа тегін үйірмелер жоқ. Жасыратыны жоқ, бірнеше үйірме болған, бірақ олар тез арада жабылып қалды.

– Бұл орталықтарды ашқан кезде қандай қиындықтар болды?

– Әрине қандай іс болса да, қиындықтар болады. Алғашқы қиындықтар жаз мезілінде болды. Мемлекеттен қаржыландару бес ай көлемінде болмай қалды. Ұстаздардың айлығын қиындықпен төлеп отырдық.  Үйірме үшін жалға алып отырған мекемеге де  қарыз болдық. Бірақ қазіргі кезде бұл мәселе шешіліп, қаржыландыру уақытында болатына келісілді.

– Үйірмеге қатысқан балаларда қандай өзгеріс байқалады?

– Бұл үйірменің балаға беретін пайдасы өте көп. Балалар қала көріп, байқауларға қатысып, дамып, бос уақыттарын тиімді пайдалануды үйренді. Күні бойы ұялы телефонға қарап отырмай, бос уақытты  жан-жақты дамуға жұмсайды. Ата-аналар да үнемі алғысын айтып жатады. Көптеген ата-аналар қаржы тапшылығына байланысты балаларын ақылы үйірмелерге бере алмайды. Балалар бар өнерін көрсете алмай жатады. Сондықтан осы тегін үйірмелер балардың  өнерін өшірмеуге арналған.

Сұхбатыңызға рақмет.