Инвестиция

Елімізде ет өндіру өнімді боп тұр

Қазақстан Иранға ет тасымалдайды

Жақында Үкіметаралық комиссияның 18-отырысы өтіп, онда премьер-министрдің орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның Иранға ет тасымалдайтынын мәлімдеді. Қазақстан үкіметі бұл орайда тек Иран нарығын ғана көздеп отырған жоқ. Сонымен бірге бұл мемлекет арқылы басқа елдердің де нарығына жол ашпақшы. 

Жалпы, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 20%-ға артып, 500 млн долларға өскен екен. Ал өзара саудадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 80%-ға жеткен.

«Біз Иранды дамыған сауда-логистикалық инфрақұрылымның арқасында Африка мен Таяу Шығыс елдеріне экспортты ұлғайтуға мүмкіндік беретін сауда хабы ретінде қарастырамыз. Біздің есебіміз бойынша бұл шамамен 6 600 млн», деді министр.

Осылайша еліміз әдеттегідей астық пен дәнді-дақылдарды ғана емес, сонымен бірге сиыр мен қой етін экспорттамақ. Солайша Қазақстан экспортталатын азық-түлік көлемін ұлғайтып, тауар ассортиментін кеңейтеді. Атап айтсақ, еліміз құны 250 млн долларды құрайтын 75 тауар түрін тасымалдамақшы.

Үкіметаралық комиссияның отырысынан кейін Иранның ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садати Неджадпен еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов кездесіп, екіжақты байланысты арттыруға қатысты мәселелерді талқылады.

«Біз үшін екі ел арасында өзара сауда айналымында ауыл шаруашылғы өнімдерінің 80 пайыздық көрсеткішке көтерілгені үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұйыртса бұл салада сауда айналымын 1 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар», деді Әлихан Смайылов жиында. 

Қазақстан үкіметі екі ел басшылары белгілеген тауар айналымының жалпы көлемін болашақта 3 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сол мақсатта екіжақты белсенді жұмыс жүргізіліп, іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен премьер-министр ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде көлік-логистика саласын айтты. Бұл орайда жүк тасымалына жол ашатын «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі ерекше маңызға ие. Жүргізіліп жатқан жол картасы бағдарламасы 2025 жылға қарай жүзеге асып, бұл дәліз бойынша жылына 10 млн тоннаға дейін тауар тасымалданбақшы.

Бұл дәліз арқылы біз Иранға экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп беріп отырсақ, Қазақстанға бұл мемлекеттен түрлі жемістер, көкөністер, сондай-ақ жаңғақ түрлері, пісте, құрма және басқа да азық-түлік тауарлары тасымалданады.  Кездесу барысында Иранның  ауыл шаруашылығы министрі ирандық кәсіпорындардың Қазақстанға балық және сүт өнімдері, бал, түрлі жеміс пен көкөністер, шөптер мен кептірілген жеміс, азық-түлік, химиялық және химиялық емес пестицидтер экспортын дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол сауда мен жүк тасымалы көлемін ұлғайту үшін теміржол желісі мен теңіз инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Иранның Қазақстанға цитрус өнімдерін жеткізетінін айтты.

Осылайша екі тарап Парсы шығанағы, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерінде сауданы ілгерілету үшін бірлескен компания құруды пысықтауға келісті. Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен ИИР үкіметі арасындағы кірістер мен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтарудың алдын алу туралы келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде сараптамалық келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ екі тарап көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселесін де талқылады.

Жалпы, соңғы он жылда елдегі мал шаруашылығы саласы айтарлықтай алға жылжып, әсіресе, ет өндіру жұмыстары жемісті жүргізіліп келеді. Оған бұл бағытта жыл сайынғы өнім көлемі шамамен 2.5 пайызға артқаны дәлел бола алады. Яғни, 2010-2021 жылдар аралығында ет өндіру 47%-ға өссе, сүт – 16%-ға, жұмыртқа өндірісі– 30%-ға өскен.

Соңғы он жыл аралығында елімізде құс саны артып, мал  басы көбейген. Бұл төрт түліктің тізімінде алдыңғы қатарда 130 пайыздық өсіммен жылқы тұрса, құс – 46 пайыз, түйе 43 пайызға жеткен. Елдегі сұранысқа байланысты болса керек, шошқа өндірісі төмендеген. Яғни, бұл салада өсім керісінше 42%-ға азайыпты.

Өндіріс көлемінің бұлайша арта түсуіне бірінші кезекте, мемлекеттік қолдау жақсы әсер еткен. Оны біз мына көрсеткіштерден байқай аламыз. Мәселен 2018-2019 жылдары құс шаруашылығын субсидиялау артып,  жұмыртқа өндіру саласы  шарықтау шегіне жеткен. Бұл аралықта, елімізде жылына 5,5-5,6 миллиард дана жұмыртқа өндірілген. Осындай мол өнім бере бастағандықтан, мемлекет төлем мөлшерлемесін қысқартқан екен. Нәтижесінде, жұмыртқа өндіруде өсім күрт азайып кеткен. Ал 2022 жылғы жоғары инфляцияны ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі құс шарушылығымен айналысатын шаруаларға  қайта субсидия бере бастады.

Солайша субсидиялау нәтижесінде ет өнімдерін өндіру саласының айтарлықтай көтеріліп, етке қатысты өндіріс түрлерінің дамығанын байқауға болады. Мәселен, 2022 жылы ет консервілерін өндіруде көрсеткіштер 5,5%-ға көтерілген. Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметтерге сенсек, елімізде бұл жылы 6,2 мың тонна ет өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 327 тоннаға артық. Бір ет консервісі ғана емес, көкөніс қосылған етті консервілерін өндіру саласы да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл өнім былтыр 32,5%-ға өсіп, барлығы  1 182 тонна болса, ал  2021 жылы 874 тонна өнім өндірілген екен. Осылайша ет өнімінің артуы, консервілеу саласының да көтерілуіне  ықпал еткен.  

Мемлекет осы көрсеткіштерді негізге ала отырып, енді ет өнімін сыртқы нарыққа шығарып, көбірек  экспорттауға баса назар аудара бастады. Ет өндірісі жыл сайын осындай өсім беріп отырса, еліміз болашақта әлемдік ет экспорты саласында үлкен табысқа көтеріледі деген үміт те жоқ емес.