Исахан Байырханұлы: Балалар жиһазына сұраныс жоғары

Жарияланды
Кәсіпкер гаражда отырып, айына 40 шақты жиһаз жасайды

Шымкент қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған Байырханұлы Исахан балалар жиһазын шығарады. Кәсіпкердің негізгі мамандығы – ІТ саласы.  Исахан екі баланың әкесі. Жасы 28-де. Ол бір жыл бұрын бастаған кәсібіне кездейсоқ келген. Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл істе ең алдымен жиһаздың креатив идеясына қызыққан.

Фото: автордікі

– Жиhаздың қандай түрін шығарумен айналысасыз?

– Мен негізінен балаларға арналған жиһаз түрін шығарамын. Бұл істі таңдаған себебім, өзім жасаған ерекше жиһаздан шабыт аламын. Балаларға креатив жиһаз түрін жасап, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймын. Сондай-ақ, өзің  ұнатқан іспен айналыса отырып, жақсы табыс табуға болады. Ал мен жасайтын көлік тәріздес төсектер балалар арасында сұранысқа ие.

– Осы кәсіпті бастау идеясы қайдан келді?

– Бір жыл бұрын базардан балаларға арналған түрлі-түсті суреттері бар үстел көрдім. Сол үстелге қызығып, әлеуметтік желіден үйрену жолын қарап, өзімнің қолымнан келетін дүние екеніне көзім жетті. Содан кейін осындай әдемі жиһазды жасап, сатуға бекіндім. Бір жыл көлемінде жиһазды есік алдында, гаражда жасап жүрмін. Алдағы уақытта үлкен цехты жалға алу жоспарда бар.

– Кәсіп ашуға қанша ақша кетті?  Сіздегі жиhаздың бағасы қолайлы ма?

Бұл бизнесті 700 мың теңгемен бастадым. Бір жиһаздың өзіндік құны – 30 мың теңге. Ал сатылымдағы бағасына тоқталса, көлік тәріздес төсек  60 мың теңге, шифонер  50 мың теңге, камодтың құны 45 мың теңге тұрады. Егерде толық комплект қажет болса, онда оны 160 мың теңгеге сатып аласыз.  Бұл жиһаздың барлығы баларға арналған.

– Бұл жиһаз түріне сұраныс жағы қалай?

– Қарапайым төсекке қарағанда көлік тәріздес жиһазға сұраныс жақсы. Балалардың талғамынан шығатын ерекше дизайнда жасаймыз.

– Бір айда орташа есеппен қанша жиһазға тапсырыс түседі?

– Барлығы өзіңізге байланысты. Бір айда 30-40 тапсырысқа дейін қабылдаймыз.  Бұл істе дұрыс жарнама бере білу қажет. Дүкендермен келісімшартқа отырып, кәсіптің алға жылжуы үшін, талмай еңбек ету керек.

– Жиһаз жасау кәсібінің артықшылығы қандай?

– Бұл кәсіпте сақтау мерзімі жоқ. Сұранысы жақсы. Бұл жиһаздың түрі ерекше, өте әдемі. Біз ересектер өзімізге, көп заттарды алмай, шегеріп жатсақ та, балаға бәрін сатып аламыз. Менің байқауым бойынша, бала киім-кешегі мен жиһазына деген тапсырыс пен сұраныс өте жақсы. Бұл дүние ұзақ уақыт қызмет атқарады. Киім сияқты кішірейіп, тамақ секілді бұзылып кетпейді. Отандық өнім болған соң, бағасы тиімді. Сондай-ақ, тура осындай жиһаздар Ресейден де келеді. Бірақ бағасы өте қымбат. Ол елден келетін  көлік тәріздес төсектер 300 мың теңге көлемінде тұрады.

– Жиһаз өндірісінде қажетті материалдарды шетелден аласыз ба?

– Жоқ. Қажетті материалдардың бәрін елімізде сатып аламыз. Шетелге арнай тапсырыс бермейміз.

– Негізгі ұстанымыңыз қандай?

– Кез келген істе артқа қайтпау. Тек негізгі қойған мақсатқа жетіп, еңбек ету. Менің жасаған жұмысыма көңілі толған әрбір жанның жылы сөздері, алға дамуға шабыт береді.

– Тура осындай істі бастағысы келетін жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы қорқуға болмайды. Істі ең алғаш бастаған кезде, құртып алу қалыпты жағдай. Солай болады да. Істі бастағанда бәрі керемет болып кетпейді. Барлық нәрсе тәжірибемен келеді.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Кез келген адам өзі қаласа ғана кәсіпкер бола алады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз