Қоғам

Табысты карьераға кедергі болатын 5 ой

Осы ойлардан арылғанда бәрі жеңілдей түседі

Мансап жолында биік шыңды бағындыру оңай емес. Сол үшін үлкен ұмтылыс, мықты білік пен еңбекқорлық керек. Әйтсе де, санамызға әбден сіңіріп алған кейбір қате ойлар карьера жасауға кедергі болады. Оны дұрыс деп ойлап жүре беруіміз де мүмкін. Сондықтан бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз. 

«Жақсы маман — әмбабап». Айталық, сіз журналиссіз. Кейде мынадай талап қоюы мүмкін: «ол жаза да алсын, дизайнды да істесін, керек болса видео түсіріп, сценарий құрай алсын». Оған қоса бір уақытта бірнеше жобаның басы-қасында жүріп, кездесулерге қатысып, сұхбатын алып, дереу жариялай алуы керек деуі мүмкін. Бір қарағанда, мұндай маман табылғанда «неткен мықты» деп тамсануға тұрарлық. Десе де, бір уақытты бірнеше жұмыста жүру жақсы емес. Тіпті зияны көбірек болуы мүмкін. Психология докторы Сюзан Уэйншенктің айтуынша, өнімділікті құртатын бірден-бір нәрсе — бірнеше жұмысты қатар алып жүру. Яғни адам бір отырғанда бір шаруаны ғана тыңғылықты орындай алады. Мидың құрылыс сондай: бір ғана нәрсеге концентрация жасаймыз. Ал енді екі не одан да затты бір уақытта істесеңіз, онда жасаған нәрсеміздің сапасы тым түсіп кетуі мүмкін. Бәріне үлгересіз, бірақ сапасы көңілден шықпайды. Бұл тақырыпта жасалған көп зерттеу бар. Адамның миы бір уақытта екі жұмысты қатар істеуге ұмтылып, барын салады екен. Бірақ екеуінің арасында ауысып тұрады деседі. Сәйкесінше, біріншісінен екіншісіне ауысқанда концентрация жоғалады. Лондон университетінің Психиатрия университетінің психологы Гленн Уилосн командасымен бірге жасаған зерттеуінің нәтижесінде бірнеше істі қатар орындау кезінде IQ 10 орынға төмен сырғиды екен. Ал Стенфорд университетінің ғалымдар бір уақытта бірнеше істі орындайтын адамдардың жады нашарлайды деген қорытындыға келген.   

Мұндайда бір уақытта бірнеше шаруаны қатар атқаруға тырысатын әдетіңізді қойған дұрыс. Сюзан Уэйншенк мынадай кеңес береді:

  • 20/80 ережесін ұстаныңыз. Ол үшін барлық шаруаңыздың 20 пайызын анықтап алыңыз, солар ең маңыздысы болсын. Сөйтіп соны біртіндеп, кезек-кезек жасаңыз. Сонда 80 пайыз өнімді жұмыс істейсіз.
  • Шаруамен айналысатын уақытты нақты бекітіп алыңыз. Айталық, сіз презентация жасағыңызкелді. Ол үшін белгілі бір уақыт аралығын белгілеңіз. Сөйтіп әлгі жұмысыңызбен сонша уақыт айналысыңыз. Ол жарты сағат па, бір сағат па, әлде бірнеше ме — өзіңіз шешесіз. Бір маңызды ереже: сол уақыт аралығында басқа нәрсеге мүлдем көңіл бөлмеңіз. Бар назарыңыз сол шаруаңызда болсын. Әлеуметтік желіге алаңдап, телефонмен сөйлесіп, тамақ-шай ішіп кетпеңіз.

«Көп жұмыс істеген адам ғана табысты болады». Көпшілікте осындай қате ой қалыптасқан. Яғни аз жұмыс істесеңіз, сәйкесінше табатыныңыз да аз болады. Табысқа жету ықтималы да төмен-мыс. Негізі бұл ой сіздің өнімділігіңізге кері әсер етеді. 2014 жылы экономист, Стенфорд университетінің профеесоры Джон Пенкавель жұмыстағы өнімділік тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізген. Сол жерде ол жасаған тәжірибесі туралы айтады. Яғни ғалымдар жмұыс уақыты әр түрлі қызметкерлердің жағдайы қандай болатынын бақылаған. Нәтижесінде, жұмыс үшін демалысын тәрк еткен қызметкерлер өнімділігінің 10 пайызын жоғалтатынын анықтаған. Мәселен, күніне 12 сағат, аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істеген медбикелер жұмыста көп қате жіберген екен. Ал бұл болса, пациенттер үшін қауіпті. Исландияда мынадай тәжірибе жасалыпты: дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлерді айлығын сол күйі сақтап, бірақ апталық жұмыс уақытын 35 сағатқа ауыстырып, азайтқан екен. Қорытындысында қызметкерлердің жағдайы жақсарып, эмоциялық қажу белгілері азайған. Өнімділік деңгейі болса не бұрынғыша қалған, не өскен. Яғни төмен түспеген.  

Мұндайда не істеу керек? Жұмысқа бір күніңіздің 8 сағатынан көп уақыт бөлмеңіз. Бұл — ғылыми түрде дәлелденген мөлшер. Одан артып кетсе, өнімділік түсіп, жағдайыңыз нашарлайды. Алда істеуім керек дейтін шаруаларды жүйелеңіз. Оны жұмыстан кетерде не таңертең жасасаңыз болады. Сонда ойыңызда анық картина болады. Қиын шаруаларды жұмыс күнінің бірінші бөлігінде — түске дейін істеңіз. Ал ұсақ әр техникалық шаруаларды екінші бөлігіне ауыстырыңыз.өйткені маңызды әрі көлемді жұмысқа көбірек концентрация қажет. Сол себепті әлі шаршамай тұрғанда жасап алған дұрыс. Демалысыңыз сапалы болсын. Жұмыс уақыты бітті ме — чаттарды жабыңыз, кіріп тексере бермеңіз. Компьютер алдында отыра бермей, бой жазып жүріп қайтыңыз. Спортпен шұғылдансаңыз болады. Ол үшін өзіңізге күш сыйлайтын ритуалдар ойлап табыңыз.  

«Бірдеңені білмей қалдым. Демек, мен нашар маманмын деген сөз». Көбі «жақсы маман бәрін білуі керек» деп ойлайды. Әйтсе де, ол анықтамалық емес. Яғни кей сұраққа жауабы болмаса, онда тұрған ештеңе жоқ. Жұрт сіз білетін ақпаратты білмесе, сіз олардың білетінін білмесеңіз — қалыпты жағдай. Белгілі отбасылық терапевт Доктор Майк Варшавскийді айтуынша, адам қанша жерден жоғары білікті, тәжірибелі маман болса да, білмегенін «білмеймін» деп айтуға құқылы. Адам өмір бойы үйренеді. Сондықтан жақсы маман білмейтінін мойындау арқылы үйренуге ашық екенін көрсетеді. Өйткені қай салада болсын ақпарат көп. Оның барлығын мида сақтау мүмкін емес. Әрі заман дамыған сайын жаңалық та көп ашылады. Оны дер кезінде білмеуіңіз де мүмкін. Өзіңізге «мен мынаны білмеймін» деп айтуға рұқсат етіңіз. Ол үшін өзіңізді кінәлі сезініп, «мен топас екенмін» деп шықпаңыз. «Мен мұны білмейді екем. Бірақ мен міндетті түрде бұл сұрақтың жауабын анықтаймын» деп айтқанда тұрған ештеңе жоқ.  

«Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды». Ең жиі айтылатын сөздің бірі. Иә, артыңа қарап қартаясың деген рас. Айналада сізден жас адамдар табысқа жетіп жатқанын көріп, еңсеңіз түсуі мүмкін. «Отыздан асқан соң мидың қабылдауы төмендейді, жаңа нәрсе үйрену мүмкін емес» деп ойлайтындар да бар. Әйтсе де, бұлай ойласаңыз қателесесіз. Нейробиологияның арқасында, біз мидың перманент жағдайы жайлы қазір жақсырақ білеміз. Яғни жаңа нәрсені үйренудің ерте-кеші болмайды. Бастысы, бұл процесс сізге шынымен қызық болуы керек. Сонда ақпарат жақсы сіңеді. Сізге нақты мысалдармен дәлелдеп көрейік. Әлемге әйгілі мультипликатор Хаяо Миядзаки толық метрлі алғашқы мультфильмін 38 жасында шығарған. Ал студиясының негізін 44 жасында қалаған. Джоан Роулиң Гарри Поттер туралы кітабының бірінші бөлімін 32 жасында жазған. Сендіре алдық па? Егер сіз өзіңізді кешіккендей сезінсеңіз, бірнеше кеңесімізді қабыл алыңыз. Ол үшін алғыс күнделігін бастаңыз. Сол жерде күннің соңында өзіңізді мақтап, бүгін істеп үлгерген шаруаларың үшін алғыс айтыңыз. Ауқымды нәрсе істеу міндетті емес. Елеусіз көрінетін істің өзін жазыңыз. Өзіңізді басқалармен емес, өзіңізбен ғана салыстырыңыз. Бұл бір психологиялық ой ғана емес, шынайы жаттығу ретінде де әсер береді. Ол үшін кейінгі бес жылда не өзгерді, кәсіби жолыңыз қандай болды — анализ жасаңыз. Айлығыңыз өсті ме, білігіңіз артты ма, қызмет жолында көтерілдіңіз бе — бәрін еске алыңыз. Адам негізі өте ауқымды нәрсеге ұмтыламын деп жүріп, көп еңбек сіңірген нәрселерін елемейді. Сол үшін өзіңізге соны еске салғаныңыз дұрыс.

«Шаруаны мінсіз жасау керек. Басқаша істеуге болмайды. Нағыз маман болса, мінсіз жасайды. Кемшілігі болса, демек мықты емес». Осындай да қате түсінік бізге көп кедергі болады. Бұлай ойлайтындардың ойынша, кәсіби маман ешқашан қателеспейді. Қателессе, білігіне сын. Сонымен бірге, неғұрлым тез жұмыс істеген сайын да ол көзге тез көрінеді, сәйкесінше қызметте жылдам өседі-мыс. Әрине, жұмысқа беріліп, жақсы істеуге тырысқан өте дұрыс. Қалай болса солай істеуге әсте болмайды. Олай ойлағаныңыз өте жақсы. Әсіресе, сол салада шыңға шығуды көздесеңіз, тіпт дұрыс. Бірақ шектен шығып кетпеуге тырысыңыз. Өйткені еш минуссыз жасауға ұмтылу — перфекционизм. Ал ол болса, көмектескеннен гөрі зиянын көбірек тигізеді. Соның ішінде карьералық жолда кедергі болуы мүмкін. Соның салдарынан прокрастинация, депрессия, мазасыздық, ұйқысыздық, бас ауруы туындайды. Бұған дейін айтқанымыздай, өзіңізге қателесуге мүмкіндік беріңіз. Кей жұмыста «үшке» істеуге де болады. Мысалы, презентация жасауға кіріссеңіз алдымен қаңқасын, маңызды нәрселерді түртіп алудан бастаңыз. Сосын біртіндеп дамытып, әрлейсіз. Әйтпесе, бірден идеал жасауға ұмтылам деп уақытта тек ойлануға кетіріп аласыз. Ал бастамайынша ненің дұрыс-бұрысын анықтау қиын. «Тюнинг» жасауды соңына қалдырыңыз. Бәрін таңғалдыратын дүние істеймін демей, идеяларды іске асыра беріңіз. Өзі ақырындап шыңдала түсетінін сол кезде түсінесіз. Мінсіз істеу керек деген ой болмаған кезде еркін кірісіп, артық мазасыздықсыз орындайсыз. Шамадан тыс қысым жасаудан аулақ болыңыз.

Мұндайда не істеу керек? Қателесудің қалыпты жағдай екенін шын ұғып алыңыз. Өйткені онсыз үйрену, сабақ алу, тәжірибе жинау мүмкін емес. Сәтсіздіктің өзінен пайда алып үйреніңіз. Не үшін ойдағыдай шықпады? Анализ жасап, қателескен тұсыңызды табыңыз. Келесіде олай болмауы үшін не істеу керегін түсініп алыңыз.