Арам пиғылдылар өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырады. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Әділет департаменті өкілдерінің қатысуымен шұғыл брифинг өткізілді.
Алаяқтардың қалай алдап-арбайтынын атқару өндірісін қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысы Әнуар Жексеков айтып берді.
«Алаяқтар біздің азаматтарымызға телефон соғып, өздерін әділет департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау және сендіру жолымен азаматтарымыздың қаржыларын сыпырып алады. Арам пиғылды алаяқтар жалған өнімді интернет, әлеуметтік желілер арқылы жоғары бағамен сату схемасы арқылы жасайды. Ал, алданған тұрғындармен келісім жасалғаннан кейін, барлық телефондарды өшіреді. Әрі қарай, алаяқтар жәбірленушілерге өздерін Әділет департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, телефон шалады, алаяқтардың ұсталғаны туралы хабарлайды, жалған куәліктер береді және өтемақы төлеуге уәде береді. Алайда алдын-ала комиссия түрінде төлем талап етеді», – деп түсіндірді Ә.Жексенов.
Әділет департаментінің материалдық-қаржылай өтемақы төлемейтінін ведомствоның баспасөз хатшысы Алмас Бекботаев хабарлады.
«Осыған ұқсас фактілер 2022 жылдың желтоқсан айының басынан тіркеле бастаған. Әділет Департаменті Алматы қаласының полиция департаментіне барлық дәлелдейтін материалдармен арыз жолдады, қазіргі уақытта арыз тергеу сатысында тұр. Соған қарамастан, алаяқтар күні бүгінге дейін адамдарды алдап келеді. Әділет департаментіне күн сайын республиканың түкпір-түкпірінен келген азаматтарымыздан Алматы қаласы Әділет департаментінің қазіргі қызметкерлері туралы нақтылау үшін қоңыраулар келіп түседі», – дейді Ә.Бекботаев.
Ведомство өкілдері еліміздің барша тұрғындарын өз туыстарын, достары мен таныстарын алаяқтық фактілері туралы ескертуге, алаяқтардың арандатушылықтары мен үгіттеріне сенбеуге шақырды. Осындай жағдайлар орын алған жағдайда, +77772522323 телефонына хабарласып, Алматы қаласы Әділет департаментінің қазіргі қызметкерлері туралы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, қызметкерлердің тізімдері Департаменттің ресми сайтында жарияланған.