Биыл Атырауда кәсіпкерлерге 1,9 млрд теңге субсидия бөлінеді
Атырауда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» жоспары жүйелі жүзеге асып келеді. Құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде субсидиялау, кепілдеме беру, жеңілдікпен микрокредиттеу, инфрақұрылым құрылысы және мемлекеттік гранттар беру қарастырылған. Бұл жерде субсидиялау дегеніміз – банктердің бизнесті дамытуға беретін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін төмендету деген сөз. Ал кепілдеме беру – банктердің несиелері бойынша кепілзат ретінде ішінара кепілдік беру болып табылады. Бұл құжатты бұған дейінгі жасап шығарылған мемлекеттік бағдарламалардың барлығын кірістіре отырып, Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген.
«Ұлттық жоба бойынша қолдау тапқан жобалар туралы айтар болсам, 2022 жылы жағдай бойынша бизнес субъектілеріне келесідей қаржылай қолдау көрсетілді. Былтыр Ұлттық жоба шеңберінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде несие сомасы 35,6 млрд теңге құрайтын 1176 кәсіпкер жобасы субсидияланды. Енді 1636 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар биыл кәсіпкерлерге республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге субсидия бөліну жоспарланып отыр»,- деді Н.Жаңабеков.
Оның айтуынша, сондай-ақ ұлттық жобада 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарастырылған. Моно және кіші қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақсаттарға, 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын толықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Одан бөлек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының басым жобаларының сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелерге ішінара кепіл болу сынды несиелендіру механизмін жүзеге асыру жалғасуда.