Қыш ыдыс – адамзат тұрмысында алғашқы қолданыста болған бұйым. Саз балшықтан түрлі бұйым жасап жүрген қыш шебері Берікболұлы Данияр – осы өнерді жаңғыртып жүргендердің бірі. Данияр саз балшықтан түрлі құмыра мен ыдыс-аяқ жасайды, қыш өнерін жетік меңгерген. Қазіргі кезде елімізде саздан түрлі бұйымдар жасауға қызығушылық артып келеді. Даниярдың айтуынша, құмыра жасау технологиясы оңай емес. Бірақ бұл өнер түрінің пайдасы зор. Әсіресе баланың өнерге деген қабілетін дамытып, әдемілікке баулиды, шыдамдылығын шыңдайды.
– Қыш ыдыс жасау кәсібіне қалай келдіңіз? Өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз…
– Мен Түркістан облысының тумасымын. Жасым 27-де. Негізгі мамандығым – көркем қыш саласы. Өзім 2011 жылы керамика мамандығына кездейсоқ түскен болатынмын. Сол жылдары бұл мамандыққа сұраныс көп болмағандықтан, грантқа түсу мүмкіндігі жоғары болды. Бірақ оқуға түскеннен кейін, бұл іске деген қызығушылығым артты. Маған төрт жылдық оқу аздық етті. Содан кейін Темірбек Жургенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, тағы төрт жыл білім алдым. Мәсеуге екі рет барып, тәжірибе алмастым. Сол елдің керамикасы мен технологиясын үйреніп келдім.
– Бұл өнерге деген сұраныс жағы қалай?
– Қазіргі кезде бұл салаға деген сұраныс артып келеді. Тіпті өте жақсы десек болар. Елімізге шетелден түрлі саз балшақтан жасалған қыш ыдыстар келеді. Ал көптеген мейрамханалар арнайы эксклюзив ыдыс-аяқ қолданғысы келеді. Қыш өнеріне қызығатын жандар баршылық. Бірақ айта кететін жайт, сұраныс жақсы болғанмен, бұл мамандық бойынша шеберлер өте аз. Бір өкініштісі бұл мамандық бойынша оқуға түсетін жандар өте аз. Саз балшықтан қыш ыдыс жасау ісіне деген жарнама жоқ. Қыш өнерін алға дамыту үшін, талмай еңбек ету қажет. Жастарға дәріптеуіміз керек.
– Қыш ыдыс жасау орталығыңыз жайлы айтып кетсеңіз?
– Мен өз шеберханамда ересектер мен балаларға саз балшықтан құмыра мен түрлі бұйымдарды жасаудан шеберлік сағатын өткіземін. Бұл өнердің пайдасы өте көп. Бала сұлулық пен эстетиканы үйренеді. Біздің мақсатымыз – қазақ қыш ыдыстарын жасап шығару және үйрету. Қазіргі таңда сол бағыт бойынша жұмыс жасаймын. Бір жылдың ішінде 6000 – 7000 қыш ыдыс жасадық. Бұл ыдыстар қазіргі таңда қолданыста. Сандық, Бауырдақ атты мейрамханалар тапсырыс берген болатын. Ұлттық нақыштағы болсын, заманауи, сәнді болсын, қыш ыдыстың барлық түрін жасаймыз.
– Бұл кәсіптегі айлық табысыңыз қанша?
– Менің айлық табысым әр кезде әртүрлі. 1 млн – 3 млн теңге аралығында. Барлығы тапсырысқа байланысты. Шеберханада жеті адам жұмыс істейді. Олар – SMM маманы, таргетолог, үш шебер, фотограф пен видео түсіретін маман бар.
– Бір ыдысты жасауға қанша уақыт қажет?
– Бір ыдысты жасау үшін 7-8 күн қажет. Бүгін жасайтын болсақ, 4-5 күн кебеді. Содан кейін пешке салып күйдіреміз. Арнай май жағып, тағы күйдіреміз. Саз балшықтан көбінесі қыш ыдыстар жасаймыз. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы ыдыстарға сұраныс артып келеді.
– Шеберхана ашу үшін арнай жабдықталған мекеме қажет пе?
– Шеберхана ашу үшін арнайы жабдықталған мекеме қажет емес. Саз балшық пен қажетті құрал-жабдықтар болса болды. Ал арнайы құралдар Қазақстанда жоқ. Сондақтан Ресейден тапсырыс беріп аламын. Сондай-ақ, әрине пеш қажет. Бұл кәсіпті суретке және шығармашылыққа икемі бар адам тез алып кетеді. Ал үйренемін деген адамға еш кедергі жоқ. Қазіргі кезде менің орталығымда оқып, үйреніп шыққан көптеген жан өз шеберханасын ашып алды.
– Сұхбатыңызға рақмет.