Күллі әлем ESG бағытында тұрақты дамуға бет бұрып келеді. Үздіксіз әрі орнықты өркендеудің маңызы соңғы жылдары тіпті айқын сезіле түскен. Әлемдегі алпауыт банктер бірнеше жылдан бері ESG қағидаларын несие жүйесіне белсенді түрде енгізе бастады.
Қазақстанда бұл заманауи тренд бірер жыл бұрын ғана іске қосылса да, қолданыс аясы кеңіп келеді.
Forbes дерегі бойынша, Қазақстанда ESG қағидасына сай есеп ашықтығын 5 ірі банк көрсете алған. Атап айтқанда, Kaspi Bank, Halyk Bank (Халық банкі), Отбасы Банкі, Jusan Bank, ForteBank үздіктер тізімінен көрінген.
Банк жүйесінің ESG талаптарына сай келуі, ақпарат ашықтығы инвесторларды тартуда айтарлықтай ықпал етеді. Өйткені, әлемдегі көптеген инвесторлар тек дивиденд пен пайдаға ғана емес, сонымен қатар бизнестің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігіне де назар аудара бастады. Мәселен, Еуропада активтердің жартысынан көбін импакт-инвесторлар (ESG факторларына назар аударатын) басқарады.
EY (Ernst&Young) мәліметі бойынша, институционалдық инвесторлардың 97%-ы компанияны қоғам алдындағы жауапкершілігі үшін бағалайды.
ESG банкингі деген не?
Әуелі, ESG банкингі ұғымына келсек, ол қоршаған ортаны қорғау бағытындағы іс шараларды қолға ала отырып, компания ішінде ұжымдық ынтымақтастықты қалыптастыру жүйесі ретінде белгілі.
ESG қағидаттары корпаративті басқару, менеджмент тәуекелі, баға мен дефолт айырмасы бойынша клиенттен мейлінше көбірек пайда көру, банктің дәстүрлі айналымын тұрақты дамыту үдерісін қарастырады.
Әйтсе де, спекулятивті (алыпсатар) банкинг жүйесінен алшақтығы да жоқ емес.
Мәселен, спекулятивті банкинг сатып алу – сату тәуекелінен пайда көрсе, ESG-банкинг керісінше, тәуекелді тиімді басқаруды уысына алады.
Спекулятивті банкинг бар тәуекелді клиент мойнына жүктеп, несие мөлшері мен дефолт бағасын үстемелеп көтеру арқылы құбылмалы табыстан пайда көріп қалуға тырысады.
ESG-банкинг адам құқы мен бостандығына нұқсан келтірмеуді көздейді. Мейлінше клиент тәуекелін төмендетіп, дефолтты айналып өтуге, несие мөлшерін азайтуға ұмтылады.
Қазіргі кезде ESG бағытындағы банктер «жасыл» несие жүйесін қосқан. Яғни, «жасыл» несие мөлшерлемесі қарыз алушының мүддесіне ыңғайлы келуі тиіс. Бұл тұста «жасыл» және әлеуметтік жобалар бойынша несиені тиімді шарттармен беруді көздейді.
Сондай-ақ, «жасыл» және «әлеуметтік» облигациялар іске қосылған. Мұнда эмитенттер түскен қаржыны экологиялық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға бағыттайды.
Банктер үшін ESG бағыты бірден нәтиже әкелмесе де, тұрақты дамуға мүмкіндік ашары анық. Сол себепті, жарқын болашақты көздеген кез келген банк бір сәттік пайдаға емес, ұзақ мерзімді жобаларға басымдық береді.
Банктердің ESG есебі қалай жүргізіледі?
ESG-банкинг Қазақстанда енді ғана айналымға еніп жатқанымен, әлем компаниялары әлдеқашан ESG қағидаларына сәйкес есеп беруге көшкен. Басқа да ұйымдар секілді банктердің де бизнес модель құрып, даму стратегиясын жоспарлау барысында ESG факторларын ескеруі аса маңызды. ESG-факторы (ESG есебі) негізінде есеп беруден бас тартқан жағдайда ұйымның беделіне нұқсан келіп, нарықтағы құнына кесірі тиюі мүмкін.
Мәселен, Еуропада ESG қағидаттарына мойынсынбаған компанияларға түрлі шектеулер қойылып, салық мөлшерін ұлғайтқан. Мұндай жауапсыз компаниялармен серіктестік орнату тиімсіз деп танылады. Тек қана Еуропада ғана емес, әлем нарығында B2C және B2B сегменттеріндегі тұтынушылар арасында «жасыл» (ESG қағидаттарына сай) өнімдерге деген сұраныс артып келеді.
Макроэкономикалық даму бағыты қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңнаманы қатаңдатуды көздеп отыр. Нарықтағы бұл өзгеріске алғашқы боп банктер мен қаржы компаниялары ықылас танытты.
ESG қағидаттары негізінде ашық есеп беруге құрылған банк құжаттары мына ережелерді қамтыуы тиіс:
- Банктің Тұрақты дамуы туралы есептері;
- Банктің жауапты инвестициялау саясатын көрсететін құжаттар;
- ESG тәуекелдері туралы есептер;
- Банктің экологиялық есебі;
- Жылдық есепте ESG қызметінің нәтижелерін көрсету;
- Оқу- әдістемелік материалдар ESG талаптарына сай келуі қажет.
Есеп беру кезінде банктер қолданатын стандарттар:
- Global Reporting Initiative, GRI (жаһандық есеп беру бастамасы).
- БҰҰ-ның жаһандық шарты.
- Халықаралық стандарттау ұйымы, ISO ұсыныстары (халықаралық стандарттау ұйымының ұсыныстары).
- Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдары.
- Principles for Responsible Invesіtment, PRI (БҰҰ-ның жауапты инвестициялау принциптері).
ESG есебінің банктер үшін қандай маңызы бар?
- Іскерлік беделін қалыптастырады.
- Банктің «ашықтығын» айғақтап, клиенттердің сенім деңгейін көтереді.
- Бәсекеге қабілетті арттырады (инвесторлардың қызығушылына ие болады).
- Заманауи банк жүйесін дұрыс бағалап, өзектілігін аңғарады.
- Халықаралық несие рейтингі бойынша анағұрлым биік орындарға жайғасады.
- Жалпы, Халықаралық несие-рейтинг ұйымдары банктің несие беруге қабілеттілігі мен сенімге тұрарлық беделін растайтын дәлел ретінде ESG есебін әлдеқашан ашық жариялауға кіріскен.
ESG қағидаттары бойынша банк жүйесі нені ескеруі тиіс?
- Әуелгі кезекте, ESG талабына сай көміртек бейтараптығына үлес қосуы тиіс.
- Электр қуатын үнемдеу.
- Орманды отауға тыйым салу.
- Баламалы қуат көздеріне жүгіну.
- Қоршаған ортаға зиян келтіретін отын түрлерінен бас тарту.
- Электр құрылғысы орнатылған көліктеріне ауысу.
- Қоқысты қайта өңдеу.
- Экологияны қорғауға қатысты жобаларды іске қосу.
- Экологияға келтірілген зиянды өтеу жобалары.
- Қызметкерлердің жайлы әрі қауіпсіз ортасын қалыптастыру.
- Жұмысқа алу барысында кемсітуге жол бермеу.
- Жұмысшылардың еңбекақысын жемеу, еңбек заңына сай әрекет ету
- Мүмкіндігі шектеулі қызметкерлерді қолдау.
- Компания ішінде жемқорлыққа жол бермеу.
- Алақтықпен күрес.
- Сатып алу құжаттарының мейлінше ашық болуы.
- ESG талаптарын қолдайтын компанияларды қолдау.
- ESG-есебі көбіне тұрақты даму, әлеуметтік-корпоративті басқару жүйесі.
ESG тәуекелдерін ұтымды пайдалану көрсеткішіне құрылады.