Қаңтар айында теңге 0,5% нығайды
Қаңтар айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,52 теңге болып, 0,5% нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі көлемі бір айда 141 млн доллардан 103 млн долларға төмендеді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарламасында айтылады.
Жалпы сауда-саттық көлемі 2,1 млрд долларды құрады. Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болып, айырбастау бағамы нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасты.
«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 453 млн долларды құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз алдына дербес жүргізді», делінген хабарламада.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін валюта сату қаңтарда 228 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінен 11,1% болды және бір күнде 12 млн АҚШ долларынан аспады.
«Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл – шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе валюта нарығына Ұлттық Қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген Ұлттық Банк таратқан ақпаратта.
Қаңтарда Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.