Инвестиция

 Қор нарығын капиталдандыру азайған

Қазір ол 35,6 трлн теңгені құрайды

2022 жылдың қорытындысы бойынша қор нарығын капиталдандыру 19,4%-ға, 35,6 трлн теңгеге дейін азайған. Оған геосаяси жағдайдың шиеленісуі, инфляция өсуі және ақша-кредит саясатын қатаңдату себебінен сыйақы мөлшерлемелерінің өсуі ықпал еткен.  

ҚНРДА таратқан мәліметке сәйкес, акция нарығын капиталдандыру былтыр 26,4%-ға азайып,  21,2 трлн теңгеге дейін түскен.  Ал 2022 жылғы желтоқсанда 6,5%-ға төмендеген.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ  сауда тізімдерінде 100 эмитенттің 114 акциясы бар. «KASE Global» секторында 46 түрлі акция сатылып жатыр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, KASE индексі 3 251,64 тармаққадейін, 11,5%-ға төмендеді. 2022 жылы акциялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 27,3%-ға төмендеп, 307,3 млрд теңгені құраған.

 «2022 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 17 есе ұлғайып, 198,3 млрд теңгені құрады.2022 жылғы желтоқсанда қор нарығындағы белсенділіктің артуы нәтижесінде KASE сауда жүйесінде  137,5 млрд теңге немесе инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдерінің жалпы көлемінен 89%-ды тартылған «ҚазМұнайГаз» АҚ ІРО-сымен байланысты болды» делінген ҚНРДА хабарламасында.

Сонымен қатар корпоративтік облигациялар нарығы төмендеген.  Оған ақша-кредит талаптарын қатаңдату аясында қорландыру құнының қымбаттауы, сондай-ақ осы нарықта қолданыстағы шығарылымдарды өтеу ықпал еткен. Нәтижесінде корпоративтік облигациялар нарығы 2022 жылы 6,3%-ға 14,4 трлн теңгеге дейін азайған. 2023 жылғы 1 қаңтарда KASE сауда-саттық тізімдерінде 83 эмитенттің  корпоративтік облигацияларының 346 шығарылымы болды.