Еңбек дау-жанжалдары енді қалай шешілмек
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады,-деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Отырыс барысында сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Аталған хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің қызметіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған. Осы заң арқылы халықаралық шарт деңгейінде бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу тәртібін, кезеңдері мен мерзімдерін, анықталған бұзушылықтарды жою тетігін және тексеруге қатысушылардың өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық мәселелерін бекіту ұсынылады.
Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, қабылдады. Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді. Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселелерді қамтиды.
«Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.
Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану – құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Нұртөре Жүсіп «цифрлық аутизмнің» таралуына алаңдаушылық білдірді. Депутат аталған проблеманы шешуге арналған шаралар кешенін, оның ішінде жаппай ретинопатия мен жаңа туған нәрестелердің аудиологиялық скринингін жүргізуді ұсынды.
Ольга Булавкина Шығыс Қазақстандағы экологиялық жағдайға назар аударды. Оның айтуынша, өңірдегі ауа сапасы Өскемен қаласындағы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізіп отыр.
Бекболат Орынбеков Үкімет пен Бас Прокуратураны Жамбыл облысындағы тау-кен өндірісі қызметкерлерінің мәселесін шешуге жәрдемдесуге шақырды. Аталған кәсіпорын 20 жылдан астам уақыт бұрын банкрот деп танылған. Алайда оның бұрынғы қызметкерлері әлі күнге дейін заңды төлемдерін ала алмай отыр.
Андрей Лукин мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын, соның ішінде инватакси тапшылығын сынға алды. Соған байланысты депутат қызмет көрсетудің тиісті ережелерін қайта қарауды ұсынды.
Ғалиасқар Сарыбаев «Алтынемел» ұлттық паркіндегі флора мен фаунаның проблемалық жай-күйін тілге тиек етті. Сондай-ақ сенатор аталған табиғи парк пен Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығының аумақтары арасындағы мәселелерді реттеу қажеттігіне де назар аударды.
Ақмарал Әлназарова өз сауалында дәрі-дәрмек айналымын реттеу жүйесіндегі тәсілдерді қайта қарау қажеттігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, мұндай қадам дәрі-дәрмек бағасын реттеудің ашықтығын қамтамасыз етеді және отандық фармацевтикалық өндіріске қолдау көрсетеді.