Фрилансерлерге жұмыс берушілер 1,5 млн теңгеге дейін айлық ұсынған

Жарияланды
Еркін жұмысқа деген сұраныс артқан

Соңғы уақытта фриланстан жұмыс іздеген қазақстандықтардың саны өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

hh.kz ресурсының мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда фриланстан жұмыс іздеген қазақстандықтардың саны 2,5 есе артқан. «Кейінгі бір жылда hh.kz сайты арқылы фриланстан жұмыс іздеушілер саны еселеп артып, 142% өсті. Бұл қазақстандықтар арасында еркін жұмысқа деген сұраныстың артқанын айқын көрсетеді», – деп топшылайды ресурс сарапшылары.

Фриланстан жұмыс іздеушілердің арасында шығармашылықпен тікелей байланысы бар мамандық иелері жиі кездесетін көрінеді. Әсіресе суретшілер мен дизайнерлер белсенді.

Одан кейінгі орында ІТ-мамандар. «Еркін жұмыс» іздеушілер арасында шет тілінен аударма жасайтындар да көп.

hh.kz мәліметі бойынша, жұмыс берушілер мұндай режиммен жұмыс істейтін адамдарға біліктілік деңгейіне қарай 200 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін айлық ұсынған.

«Бұдан мынандай қорытынды шығаруға болады – фриласта еңбек етушілердің айлығы кеңседе отырып жұмыс істеушілердің айлығынан еш кем емес», – дейді hh.kz сарапшылары.

Сондай-ақ оқыңыз