Жаңалықтар

Биыл Алматыда көктем ерте шығады

Биыл Алматы қаласында көктем ерте шығады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына Астанадан онлайн қатысқан «Қазгидромет» РМК гидрология департаментінің директоры Әділ Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Наурыздың бірінші онкүндігінде ауа температурасы +2+7°С, күндіз +10+15°С дейін көтеріледі.

Орта есеппен алғанда ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.

«Наурыз айындағы орташа айлық температураның нормасы – 2,7 ° C, мұндай кезде наурыз айында күннің бірден жылынуы жағымсыз жағдайға жатады. Және дәл осы айда ауа температурасының қатты жоғарылау үрдісі байқалады. Мұндай кезде қыс бойы қордаланған қалың қардың бірден еру қаупі жоғары. Сондай-ақ, Алматыда жылу толқындарының қайталану жиілігі артып келеді, сондықтан қыстың соңы мен көктемнің басында ауа температурасының күрт жылынуынан қауіп артады», – деді Қазгидромет өкілі.

Сонымен қатар ол Алматының оңтүстік жартысында ақпан айында жауатын жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болатынын атап өтті.

«Қардағы су қорының көлеміне, топырақтың күзгі ылғалдылығына, топырақтың қату тереңдігіне талдау жасай отырып, Алматы облысы су басу қаупі жоғары өңір ретінде алдын ала бағаланды. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» РМК су тасқыны қаупі туралы 2-3 күн бұрын дауылды ескертумен хабарлайды»,- дейді спикер.