Жаңалықтар

Фермерлер несиелеу кезінде берілетін сыйақыны түсінбей жатыр

Субсидиялауға өтінімдерді қабылдау gosagro.kz жаңа порталында іске қосылған
Сурет КАЗАГРО сайтынан

Бүгінгі күні фермерлердің тарапынан жиі қойылатын сұрақ несиелеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникалар мен жабдықтарды сатып алуға лизинг беру процесіне қатысты болды. Осыған орай аталған мәселелер бойынша қысқаша түсініктеме ұсынамыз.

Атап айтқанда, несие және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы екі негізгі бағыт бойынша іске асырылады:

– өткен жылдары бағдарламаға енгізілген АӨК субъектілерінің қарыз шарттары бойынша бұрын қабылданған міндеттемелерді субсидиялау. Бұл бағыт бойынша субсидияларды төлеу болашақ кезеңге аванстық төлеммен өтеу кестесіне сәйкес жүргізіледі (мысалы, ақпан айында субсидиялар қаражаты наурыз айына өтеуге жіберіледі);

– субсидиялау бағдарламасына әлі енбеген және Ауыл шаруашылығы басқармасы фермердің тиісті ұсынысын қарап, мақұлдағаннан кейін енгізілуі мүмкін жаңа қарыз шарттары бойынша субсидияларды төлеу.

Осылайша, субсидиялау қағидаларының талаптарына сәйкес субсидияларды төлеу үшін қаржы институттары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың Ауыл шаруашылығы басқармасына субсидиялауға тиісті өтінімді жібереді.

Биыл 1 ақпанда субсидиялауға өтінімдерді қабылдау gosagro.kz жаңа порталында іске қосылған болатын. Қазір қаржы институттары мен процестің басқа да қатысушыларының ескертулерін ескере отырып, платформаның функционалын пысықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланушыларға ыңғайлы қызмет көрсету үшін бар күшін салып жатыр. Анықталған қателер мен келіп түскен ұсыныстар қысқа мерзімде пысықталады.

Айта кету керек, тіпті gosagro.kz порталындағы техникалық ақауларды ескере отырып, ешкім субсидиялау қағидаларын жойған жоқ. Яғни мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін өтеу регламентке сәйкес іске асырылатын болады және әрбір фермер шарттарда белгіленген соманы алады.

Қарыз шарты бойынша төлем күні басталғанда және Ауыл шаруашылығы басқармасынан қаржы институтының арнайы банктік шотында қаражат болмаған жағдайда, қарыз алушы сыйақының толық мөлшерлемесін өз қаражаты есебінен төлейді. Бұл туралы қаржы институты көрсетілетін қызметті алушыны төлем күні басталғанға дейін кемінде 5 жұмыс күні бұрын хабардар ететін болады.

Осылайша, бағдарламаға бұрын енгізілген қарыз шарттары бойынша төлем аванстық төлеммен жүзеге асырылатындығын ескере отырып, биылғы жылдың қаңтар айындағы кезеңде субсидиялауға өтінімдерді төлеуді қағидаларға сәйкес Ауыл шаруашылығы басқармалары 2022 жылғы желтоқсанда жүргізді.

Сондай-ақ ескеретін жайт, субсидиялау қағидаларына сәйкес, бюджет қаражаты уәкілетті органның шоттарына түскеннен кейін бірден фермерге сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігі толық көлемде өтеледі және қаражат қаржы институтының арнайы банктік шотына аударылады. Осыдан кейін қаржы институты бұл соманы 10 жұмыс күні ішінде қарыз алушының есеп шотына аударады.

Субсидиялау бағдарламасына жаңа қарыз шарттарын енгізу процесіне келетін болсақ, бұл жағдайда фермер субсидиялардың қосымша шығындарын өтемейді немесе қосымша шығын шығармайды. Өтінім берілген күнге қолданыста болған және оны бергенге дейін 4 жылдан ерте емес жасалған қарыз шарттары бойынша субсидиялау тетігіне сәйкес субсидияларды есептеу өтінім берілген жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізіледі. Субсидиялауға ұсыныс берілген жылы жасалған қарыз шарттары бойынша есептеу несие берілген немесе лизинг нысанасын берген сәттен бастап жүргізіледі.

Фермер өзінің субсидиялау бағдарламасына қатыспайтын және мысалы, 2022 жылы жасалған қарыз шарты бойынша биылғы жылдың кез келген айында субсидия алуға өтініш бере алады. Бұл ретте, оның шарты барлық талаптарға сәйкес келген жағдайда, субсидиялар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін болады.

2023 жылғы қаңтар мен ақпанда жасалған және ағымдағы жылы субсидиялауға берілген қарыздар шарттары бойынша субсидиялау фермердің өтініш берген күніне қарамастан, несие берілген немесе лизинг нысанасын берген сәттен бастап жүзеге асырылатын болады.