Еліміздің IT саласында 10 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty-2023 форумында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Оның айтуынша, осы салада 150 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. IT-индустрияда еңбек ететін бір адамның өзі аралас салаларда 3 жұмыс орнын құруға қауқарлы.
Мемлекет жалпы процестерді немесе экономика салаларына ғана цифрлы трансформация жасаумен шектелмей, азаматтардың өмір сүру кезеңінің барлығында бизнес-процестерді автоматтандыру үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, деді министр.
Алматы қаласының әкімі Ербола Досаевтың айтуынша, мегаполисте қазір қызметтің 96 пайызы цифрлы форматта көрсетіледі.
«Алматының әрі қарайғы дамуы жолындағы маңызды жобалар қатарында қала басқару қызметін жақсарта түсуге қабілетті жүйелік платформалық шешімдер бар. Бұл – қала деректерін бірыңғай сақтау жүйесі, геоаналитиканың бірыңғай платформасы. Видеомониторингтің бірыңғай жүйесі биылдың өзінде Алматының 80 пайызын қамтамасыз етіп тұр. Қаланы дамытуға байланысты қабылданған бағдарламадағы негізгі жеті басымдықтың бірі – «Алматы – Smart City» құру. Биылғы жылдың күзіне қарай Сингапур мен Шанхай сияқты мегаполистерге ұқсас қаланың «цифрлық егізін» құруды бастау жоспарлануда», деді қала басшысы.
Министрдің айтуынша, азаматтар үшін цифрлық қызметтер жыл санап жақсарып, қолжетімді бола түседі. Мәселен, биылдан бастап ел азаматтары өздерінің декреттік төлемін небәрі бір сағат ішінде алады. Ал қазіргі уақытта декреттік төлемді алу мерзімі 15 күнге дейін созылады.
«Осы жылы біз туғанға дейінгі жәрдемақыны алу уақытын бір сағатқа дейін қысқарттық. Жас отбасы ХҚКО-ға қалай баруды, кезекке тұруды ойламай, уақыттарын балаларына арнауы керек», дейді.
Бағдат Мусиннің сөзіне сүйенсек, Invisible Government концепциясын құру үшін адамдардың туған кезі, балалық шағы, оқу орындарына түсуі, жұмысқа орналасуы, отбасын құру және зейнеткерлікке шығуы сияқты ең көп талап ететін өмірлік жағдайлары қарастырылуда. Бұл халықтың мемлекетпен қарым-қатынасын азайту және қызметтерді онлайн режимінде алу мақсатында жасалып отыр.
«Қазақстандықтар ешқайда барып әуре болмайды. Мемлекетпен қарым-қатынас eGov мобилді қосымшасының базасында, тек қана онлайн жүзеге асырылады» дейді Б. Мусин.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде көптеген мемлекеттік сервис азаматтар проактивті форматта үшін қолжетімді. EGov Mobile одан сайын азаматтар үшін қажет бола түседі. Қазір оны ай сайын 2,5 млн адам, ал күн сайын 200 мың қазақстандық тұтынып отыр. Ол жерде 20 цифрлы құжат әзірленген.
Ол сондай-ақ министрлік IT-индустрияны тек электронды үкімет базасында ғана дамытпайтынын, мемлекеттік қызметтерді ұсынуда интеграция жасағысы келетін барлық компаниялар қол жеткізе алатынын атап өтті. «Біз негізінен мүмкіндік берушіміз, бүкіл индустрияның активаторымыз» деді министр.
Форумға қонақ болғандардың қатарында InDrive қосымшасын құрушы Арсен Томский де бар.
«Біз адам капиталына негізделген жаңа экономика құру үшін Қазақстанға барынша көмектесуге тырысып жатырмыз. Бұл қазір әлемдегі ең құнды актив. Сондай-ақ біз жергілікті компанияларға, егер сіз өзіңіз үшін құнды нәрсемен айналыссаңыз, ол өте тиімді және үлкен жетістікке әкелетінін көрсеткіміз келеді. Тек логика және бизнес-техникамен шектелмеу керек, сонымен бірге жан мен құндылықтарды да қосу маңызды. Бұл үлкен күш сыйлайды. Кәсіпкерлік – интеллект пен ішкі күштің тарихы», деді Томский.
Форум барысында «Қазпошта» мен Mastercard халықаралық төлем жүйесі серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар елдегі қаржы техникалық экожүйені және қолма-қолсыз төлемге негізделген экономиканы бірлесе дамытуға ниетті. Компаниялар әлеуметтік жобалар үшін төлем шешімдерін әзірлеп, республика нарығына шығарып, электронды коммерцияны дамытып, шағын және орта бизнесті цифрландыруға үлес қоспақ.
«Біз Қазақстанда алдыңғы қатарлы инновацияларды енгізетін боламыз. Бұл цифрлы экономиканы одан әрі дамытуға ынталандырады. «Қазпоштамен» бірлескен жұмыс көптеген қазақстандықтың инновациялық қаржылық қызметтерге деген қолжетімділігін арттыра түседі», дейді Mastercard-тың Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка.
Айтпақшы, осы форум аясында әйелдерге арналған арнайы дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мемлекеттік қызметтерді сервистен проактивті форматқа көшіру бойынша жұмыстардың қалай жүріп жатқанын айтып беріп, мұндай кешенді тәсілді алдымен әйелдер бағалауы керек екенін жеткізді.