Тоқаев 2023 жылы әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды

Жарияланды
армия
Фото: Kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және ел азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымы мен қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру турлы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2023 жылдың наурыз–маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын», делінген жарлықта.

Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруы тиіс.

Одан бөлек, мемлекеттік органдар азаматтарды әскерге жіберудің қаржылай және материалдық жағын қамтамасыз етуі керек.

Айта кетейік, 2022 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасқан. Төрт айда 18 бен 27 жас аралығындағы 18 мыңға жуық сарбаз әскер қатарына қосылды.

Әскерге шақырылушыларға SMS-хабарламасы, сондай-ақ үйі мен жұмыс мекенжайларына жеке шақыру қағазы жіберіледі.

Сондай-ақ оқыңыз