Жаңалықтар

Түркістан облысындағы су тасқыны: тұрғындарға өтемақыны кім төлейді?

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленеді. Бұл туралы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлімдеді.

«Облыс бойынша Арыс қаласында бір тұрғын үйді су басты. Тұрғын үй өзен арнасына жақын жерде орналасқан. Егер азаматтардың үйі құласа, өтемақы жергілікті бюджет есебінен төленеді. Жергілікті бюджетте төтенше жағдай болуы мүмкін екенін ескеріп, резервте ақша қарастырылған. Бұл қаражат жетпесе, республикалық бюджеттен көмек беріледі», деді Ибрагим Күлшімбаев.

Вице-министрдің айтуынша, ол үшін арнайы комиссия құрылып, шығынды есептейді. Соның негізінде тұрғындарға өтемақы төленеді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 2 ақпанында Түркістан облысындағы бірнеше аудандарда су тасқыны басталды.

Ресми ақпарат бойынша, облыс бойынша бір үйді су басып, 234 үйдің ауласына су кірген. Тасқын кезінде 204 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Оның ішінде 111 бала бар. Азаматтар тұрғын үйіне орала бастады.