1 наурыздан бастап «Қазақстан аруы-2023» байқауына кастинг жарияланбақ

Жарияланды
Алматыда «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауын ұйымдастыру комитетінің баспасөз конференциясы өтті

2023 жылдың 6 ақпан күні Алматыда «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының ұйымдастыру комитетінің баспасөз конференциясы өтті, онда жұртшылықты және шараға қатысқан әрбір адамды толғандыратын маңызды мәселелер мен соңғы жаңалықтар айтылды.

Фото PR қызметінен

Баспасөз конференциясына байқау президенті Айдай Исаева, жоба директоры Катрин Безверхова және байқаудың PR директоры Кәмшат Әкімқожақызы қатысты.

«Қазақстан Аруы – 2022» атағының иегері Томирис Кәкімова биыл мамыр айында өтетін әлемдік сұлулық байқауына дайындықты бастап кетті. Байқаудың қай күні және қай елде өтетіні әлі белгісіз, ұйымдастыру комитеті байқау ұйымдастырушыларынан нақты ақпарат күтуде.

Томирис Кәкімованы байқауға жіберуді қаржыландыру және демеушілер іздестіру мәселесі талқылануда. Қазақстандағы «Әлем аруы» сұлулық байқауының эксклюзивті лицензиясының иегері ретінде «Қазақстан аруы» Ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті Томирис Кәкімоваға барлық жағынан көмектесуге және оған әлемдік аренада елімізді таныстыруға мүмкіндік беретін болады.

Айта кетейік, 1 наурыздан бастап «Қазақстан аруы-2023» байқауына кастинг жарияланбақ. Биылғы жылы ұйымдастыру комитеті байқаудың кезеңдерін жеңілдету туралы шешім қабылдады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі Қазақстан азаматтығы болуы, жасы 17-25, бойы 165-180 см, келбеті сұлу және қазақ тілін білуі маңызды, алайда қатысушының ұлты маңызды емес. Байқауға қатысу үшін байқау сайтында өтінім беріп, сауалнаманы толтырғаннан кейін екінші кезең – тікелей кастинг басталады. Келесі кезеңдер лагерьдегі жартылай финал мен гранд-финал болады. Арулар бұл кезеңде өздерін ең жақсы тұсын көрсетіп, ел атынан шығуға лайықты екенін дәлелдеулері керек.

Талаптарды ұйымдастыру комитеті ойлап тапқан жоқ, олар халықаралық стандарттармен бекітілген.

 Ұйымдастыру комитеті наурыз айының ортасында аймақтық директорларды жаңартуға арналған бөлек баспасөз конференциясын өткізуге уәде берді, онда биылғы жылы Ұлттық сұлулық байқауын өткізу жоспары талқыланады. «Біз аймақтық директорларды мүмкіндігінше қолдаймыз және байқауды тек ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар өңірлерде дамытуға және танымал етуге көмектесеміз», – деп атап өтті байқау президенті Айдай Исаева.

Байқауды ұйымдастыру комитеті қуанышты жаңалықпен де бөлісті. Қазіргі уақытта Miss Qazaqstan Ұлттық сұлулық байқауы әлемдік Miss International байқауымен келіссөздер жүргізіп, төртінші әлемдік лицензиясының иегері атанбақ.

Қазір ұйымдастыру комитеті «Жер аруы», «Ғалам аруы» және «Әлем аруы» байқауына қызу дайындалып жатыр, ал «Miss International» мақұлданғаннан кейін халықаралық аренадағы байқауға төрт финалисті дайындау керек болады.

Конференция барысында «Ғалам аруы Қазақстан – 2022» атағын «Вице мисс Қазақстан -2022» атанған Томирис Заирге беру, дисквалификацияланған финалист Диана Тәшімбетовамен болған кикілжің және «Қазақстан аруы-2023» байқауының алдағы кастингі сияқты бірнеше маңызды мәселелер көтерілді.

Байқауды ұйымдастыру комитеті 2023 жылдың 14 қаңтарында Жаңа Орлеанда «Ғалам аруы-2023» халықаралық байқауы өткенін айтты. Алайда еліміз биыл ешкімді ол байқауға жібермеді. Себебі уақыттың тығыздығына байланысты Диана Тәшімбетоваға биыл бармайтындығы туралы мәлімденген. Алайда, байқау ұйымдастырушыларына ренжіген Тәшімбетова 29 қараша күні өзінің әлеуметтік парақшасында тікелей эфир өткізіп, шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат тарату арқылы байқау беделінен нұқсан келтірді,- деп атап өтті «Miss Qazaqstan» Ұлттық сұлулық байқауының директоры Катрин Безверхова.

Катрин Безверхованың айтуынша, байқауға қатысушы мен «Miss Qazaqstan» байқауының ұйымдастыру комитеті арасында 9 қараша күні жасалған келісім-шартта «Байқауға қатысушы Байқаудың беделін түсіретін әрекеттер жасамауға міндетті» деген 2.2 тармағы бар. «Диана Тәшімбетова тікелей эфирде байқаудың ғана емес, қатысушыларының да беделін түсірді. Сонымен бірге оның сөздері шындыққа жанаспайды».

Диана Тәшімбетова «Қазақстан аруы» байқауының ұйымдастыру комитетін халықаралық «Ғалам аруы» байқауына дайындыққа қаржылай қолдау көрсетілмеген деп айыптаса, Айдай Исаева осыдан 10 жыл бұрын Майамиде өткен «Ғалам аруы» байқауына қатысуының жеке тарихымен бөлісті. Оның айтуынша, қатысуға кететін барлық шығындар оған жүктелген. «Маған мүмкіндік берілді және бұл жеткілікті», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз