Әлем және Қазақстан цифрлық сілкініс алдында тұр ма?

Жарияланды

Цифрлы трансформация біздің бүкіл өмірімізге дендеп еніп, экономика мен саясатқа да үлкен әсерін тигізіп жатыр. Бірер күн бұрын Алматыда өткен Digital Almaty форумында баяндамасының кейбір бөлігін ChatGPT нейрожелісінің көмегімен дайындаған Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров осылай деп мәлімдеді. Рас, жасанды интеллект біз үшін ғана емес, әлем үшін әлі де таңсық. Бірақ түрлі деңгейдегі алғышарты жария болып жатыр. Ал цифрлық сервистердің жедел дамуын қазірдің өзінде сезініп отырмыз десек болады. QR-төлем, азық-түлік пен киім-кешек үшін үйде отырып төлем жасау, жеткізіп беру, түрлі мемлекеттік қызметтерді бірыңғай eGov порталы арқылы тұтыну – мұның бәрі белгілі бір деңгейде тәуір жетістік. Тиісінше, осының бәрі баспалдақ бола отырып, жасанды интеллект дәуіріне де бастайтын секілді. Әрі ғылыми жетістіктер дегенің біздің өзара дауласып «жасанды интеллект керек пе, керек емес пе» деген талқымызға да бас ауырта қоймайтын сияқты.

«Сарапшылардың болжауынша, бағдарламаланған смарт-машиналар адам сияқты ойлана және талқылай алады. Жақын келешекте олар білім, денсаулық сақтау салаларына үлкен өзгеріс жасайды. Жақында ғана британиялық ғалымдардың жасанды интеллект көмегімен бауыр қатерлі ісігі үшін потенциалды дәріні тапқаны хабарланды. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект алгоритмдері ауруларды ерте диагностикалауға, емдеуді жоспарлауға және дәрі-дәрмектерді жасауға көмектеседі. ChatGPT қазірдің өзінде емтихандарды сәтті тапсырып, онлайн сұхбаттан өтіп, жұмысқа орналасуда. Менің бүгінгі сөзім де ішінара осы жасанды интеллект арқылы жасалды. Мұның бәрі жаңа перспективаларды ашады», деді қырғыз премьері.

ChatGPT – OpenAI компания құрастырған жасанды интеллектпен чат-бот. Ол 2022 жылдың 30 қарашасында іске қосылып, кең танымал болды. Ол код жазып, мәтін құрап, аударма жасай алады. Кез келген сұраққа мейлінше жауап беріп, тіпті алдағы жылдардағы ахуалдарға орай болжам да білдіреді. Биыл қаңтарда Reuters агенттігі швейцариялық UBS холдингіне сілтеме жасай отыра ChatGPT пайдаланушыларының аудиториясы 100 млн адамға жеткенін хабарлады. Қазір аталған чат-ботқа қатысты даңғаза да, дақпырт та көп. Тіпті осы чат-бот көмегімен диплом жұмысын жазғандар да пайда бола бастапты. Әрине, мұндай үлкен көлемдегі ақпаратты меншіктеген жасанды интеллект құрылымының өмірімізге ену ықтималдылығы ойландырмай қоймайды.

Жасанды интеллект жетістіктері Қазақстанда да арагідік көрініс табады. Мәселен, жақында павлодарлық Досжан Жүсіпов Cerebra жасанды интеллектін жасап шықты. Ол инсультті алдын ала анықтайды. Алғашқы жағдайда дәлдік 85, екіншіде 95 пайызға жетеді. Қазірдің өзінде ел бойынша 50 клиника бұл жетістікті пайдаланып, тиімділігін дәлелдеп отыр. Жасанды интеллект 4 минут ішінде инсультті танып, бас миының жоғары дәлдіктегі картинасын бере алады. Ал әдеттегі практика бойынша дәрігерлер бұл процеске бірнеше сағат, тіпті бірнеше тәулік жұмсайтын.

Тағы бір жетістікке елордалық оқушылар жетті. Олар терінің қатерсіз және қатерлі ауруларын анықтайтын жасанды интеллект ойлап тапқан.

«Біз тері рагының диагностикасын әлдеқайда қолжетімді еткіміз келеді. Өкінішті жағдайларды азайтуға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – Ресей, АҚШ, Канада сияқты елдермен бәсекелесу. DermaMarker – бұл сайт, келешекте қосымша ретінде қолданылады. Ол меңдерді сканерлейді және оларды нейрожелі көмегімен талдайды. Жасанды интеллект 13 мың фотографияға оқытылған. Қазір 30 адамға сынақ жүргізіп көрдік. Диагноздың сенімділігі – 75 пайыз деңгейінде», дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Томирис Ыдырысбаева.

Әзірге сайт 9 ауру түрін анықтай алады. Нейрожеліні оқытудың арқасында келешекте бұл тізім кеңейе түсері анық.

Осылайша, жасанды интеллект өмірдің сан-саласына біртіндеп кіріге беретін сыңайлы. ChatGPT эффектісінің өте әсерлі болып жатқанын жоғарыда айтып өттік қой. Бұл өз кезегінде жаһан деңгейінде үлкен бәсекені де тудыратын түрі бар. Мәселен, әйгілі Google компаниясы ChatGPT-ның басты бәсекелесі болып саналатын Anthropic стартапына 400 млн доллар көлемінде инвестиция құймақ.

«Қытайлық Google» атанған Baidu бренді ChatGPT чат-ботының негізінде жаңа чат-бот шығармақшы. Әлемдік деңгейдегі кез келген брендтің сол заматта көшірмесін жасап шыға алатын Қытайға сірә, бұл да түкке тұрмайтын шаруа болса керек. Қытай компаниясы қазірдің өзінде зерттеу жұмыстарына миллиардтаған доллар жұмсап үлгерген. Кең ауқымды жүйе Ernie деп аталмақ.

Microsoft Corp. керісінше, ChatGPT чат-ботын дамытуға инвестиция жасауға ниетті. Microsoft алдағы бірнеше жыл көлемінде шамамен 10 млрд доллар құймақшы.

«COVID-19 пандемиясы біздің қазіргі жүйеміздің біз ойлағандай орнықты емес екенін көрсетіп берді. Цифрлы трансформация айырықша қажеттілікке айналды. Қазір біз жеткізу тізбегіндегі проблемаларды көріп, білікті кадрлар тапшылығы мен нақты деректер алудағы қиындықтарға куә болып отырмыз. Жасанды интеллект бірқатар түйткілдерді тарқатуға көмектесе алады», дейді жасанды интеллек нарығы бойынша сарапшы Мартин Нуска.

Жалпы, 2026 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығының айналымы 900 млрд долларға жетпек. International Data Corporation зерттеу ұйымының болжамынша, 2022-2026 жылдар аралығында жасанды интеллект саласындағы шешімдер нарығы жыл сайын 18,6 пайызға өсім көрсетіп отырады.

Сондай-ақ оқыңыз