Қазіргі кезде сұранысқа ие мамандарың бірі – кондитер. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері –
Сабырқұлқызы Еркеназ. Еркеназдың кондитер кәсібін қолға алғанына – 2,5 жылдай уақыт
болды. Кондитердің айтуынша, торт өніміне деген тапсырыс пен сұраныс жоғары. Менеджер
болып қызмет еткен Еркеназ бала күнгі арманын жүзеге асыруға талпынды. Ол кішкентай
күнінен бері кәсіпкер болып, торт жасап сатуды армандаған. Өйткені ол бизнесі арқылы
ақшадан қысылмай, емін-еркін өмір сүріп, бизнесмен ханымдардың қатарын толықтырғысы
келеді.
– Кәсіп бастау оңай болмаған шығар?
– Негізі менің бұл бизнеске келуімнің өзі ұзақ оқиға. Ең бірінші ата-ана алғысым шексіз. Мамандығым бойынша көптеген кәсіпорында жұмыс істедім. Бірақ, бұл атқарып жүрген қызметтерім жанымды қуантпады. Өз кәсібімді ашу үнемі ойымда болатын. Сөйтіп, нар тәуекел деп ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Сол жердегі мамандар маған тегін үйрету курстарын ұсынды. Сол ұсынылған мамандықтардың ішінен ойланбастан аспаз саласын таңдадым. Өйткені бұл мамандықтың ішіне кондитер кәсібі бар деп ойладым. Мен кішкентай кезімнен тәтті бәліштер мен торт пісіруді жақсы көремін. Сонымен аспаз мамандығы бойынша үш айлық курс оқыдым. Екі ай теория, бір ай тәжірибиеден өттік.
Бұл курста өте жақсы торт пісіретін жанмен таныстып, құрбы болдық. Бізді тәжірибиеден өту үшін зауаттар мен мейрамханаларға жіберіп отырды. Зауытта әртүрлі әмбебап жұмыстарды атқардық. Сөйтіп аспаз дипломын алдып, құрбыммен бірге жұмысқа тұрдым. Бірақ карантинға байланысты, жұмыстан шығып қалдық. Сөйтіп, құрбыммен бірге жеке кәсіп аштық. Құрбымда торт пісіруге арналған барлық құрал-жабдықтар болды. Біз тек қажетті азық- түліктерді сатып алып, істі бастап кеттік. Бизнесті енді бастаған кезде ата-анам қаржылай көмек берді. Құрбым бәліш пісірсе, мен тортты безендіріп отырдым. Бірақ табысты екіге бөлген кезде қаражат мөлшері аз болды. Сол үшін екеуіміз келісе отырып, бизнесті жеке-жеке жүргізуге бел будық.
– Жеке кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?
– Қолымда бар 100 мың теңгеге кәсіпті бастадым. 50 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Қалған қаржыға азық- түлік пен арнайы пеш сатып алдым. Құрбым екеуіміз бірге ашқан кездегі әлеуметтік парақша арқылы тұрақты клиенттер де болды. Кәсібіме жарнама жасап, алға қарай қадам бастым. Бизнеске салған қаражаттты 1-2 апта көлемінде ақтап алдым. Тіпті үстінен пайда көрдім.
– Тортқа деген тапсырыс пен сұраныс көп пе? Қазір елімізде жалпы кондитерлер көп қой…
– Мен осыдан екі жыл бұрын бастаған кезде, сұраныс көп болды. Сол кезде мен айына 150-200 мың теңге табыс тауып отырдым. Мен үшін бұл қаражат керемет болып көрінді. Бірақ ол кезде жарнама, таргет деген енді дамып келе жатты. Ал қазіргі кезде жарнама құралын дұрыс пайдаланған адамға сұраныс пен тапсырыс көп түседі. Қазіргі таңда торт пісіретін қыз-келіншектер саны артты. Әр кондитердің өз ерекшелігі мен артықшылығы бар. Біреуінде – бағасы арзан болса, екіншісінде сапасы жақсы. Алматыда бұл кәсіп бойынша бәсеке жоғары. Егерде тапсырыс берушіге сапалы дүние ұсынатын болсаңыз, келесі жолы сізге міндетті түрде тапсырыс береді. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі парақшаға торттың сапалы, әдемі, ерекше болып тұруы өте маңызды. Клиенттер торттың суретіне қарап, тапсырыс береді.
– Құпия болмаса, бір күнде қанша тортқа тапсырыс қабылдайсыз…
– Бір күнде 7-8 тортқа тапсырыс қабылдаймын. Бірақ, кей кездері тапсырыс болмайтын күндер де болады. Ал ең аз дегенде 3 -4 тортқа тапсырыс түседі.
– Тұтынушылардың арасында қай торт түрі ең көп сұранысқа ие? Бағасын қалай анықтайсыз?
– Клиенттер көбінесе «сүтті қыз» атты торт түріне жақсы тапсырыс береді. Бұл торт өте дәмді, үлбіреп тұрады. Менің пісіретін торттың бағасы әртүрлі. Кәсіпті енді бастаған кезде бір келісіне – 4500 теңге алатынмын. Өйткені ол кезде азық-түлік бағасы да басқанша болды. Ал қазіргі кезде бір келі тортқа – 7000 теңге аламын. Бұл ең арзан қойылған бағасы. Ал ең қымбат торттың келісі 15 мың теңге дейін баралы.
Бір тортты әзірлеу қанша уақыт алады? Тапсырысты қанша күн бұрын қабылдайсыз?
– Бір тортты пісіруге 3-4 сағат керек. Егерде оңай торт болса 2-3 сағат, қиын торт түріне 14-5 сағат жеткілікті. Тапсырысты 3-4 күн бұрын қабылдаймын. Бір торттың толық дайын болуы үшін 10-12 сағат қажет. Сондықтан шұғыл тапсырыс алмауға тырысамын.
– Айлық табысыңыздың көлемін білуге бола ма?
– Айлық табысым – 500 мың теңге көлемінде.
– Кондитер боламын дейтін қыз-келіншектердің бойында қандай қасиеттер болу керек?
– Менің ең басты кеңесім – қорықпау қажет. Алға мақсат қойып, сол мақсатқа қарай ұмтылу керек. Көптеген қыз-келіншектер жеке кәсіп бастаған кезде қорқады. Бұл дұрыс емес. Оқу қажет. Теория мен тәжірибе міндетті түрде болу керек.
– Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?
– Ең бірінінші өмірден ләззат алу қажет. Ақылды және білімді адамдармен тәжірибие алмасу керек.Тек жақсы дүниеге ұмтыла біліңіз. Ең бастысы ақылмен шешім қабылдаған жөн. Негізгі мақсатым – қыз-келіншектерге қаржылай тәуелсіз болуды үйрету.
– Енді кондитер кәсібін қолға алған қыз-келіншектерге қандай құрал-жабдықтар алған дұрыс?
– Ең бірінші – жақсы миксер. Одан кейін торты дұрыс жағу үшін арналған құрал-жабдықтарды алған дұрыс. Әрине пеш қажет.
– Қалай ойлайцсыз, кондитер болу кез келген адамның қолынан келе ме?
– Менің ойымша кез келген қыз-келіншектің қолынан келеді. Ең бастысы жалқау болмаңыз.
Сұхбатыңызға рақмет.