«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыр және орфандық сырқаты бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жалғастыруда. Өткен жылдан бері Қор ауыр, сирек (орфандық) өмірге қауіп төндіретін және созылмалы дерті бар 131 науқасқа (оның ішінде 100-і бала) 15,5 млрд теңгеден астам сома болатын дәрі сатып алды.
Оның ішінде онкологиялық ауруы бар 24 адам жалпы сомасы 2 млрд 271 млн теңгеге «Китруда», «Лорбрена», «Алунбриг», «Рибоциклиб», «Атезолизумаб», «Ленвима», «Кискали», «Карзиба» препараттарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Коселуго» дәрісі бойынша шарт жасалып, 3 балаға жеткізіледі деп күтілуде.
Мысалы, 2 млрд теңгеге нейробластома диагнозы қойылған 13 балаға «Динутуксимаб бета» («Карзиба») дәрісі алынды. Оның ішінде өңірлерден 9 бала Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында (ПБХҒО) және Астана қаласында «University Medical Center» корпоративтік қорының онкология бөлімінде 4 бала таргеттік иммунотерапия алады.
Жақында Астанадағы орталықта «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қор Басқармасы жанындағы Орфандық аурулар жөніндегі сарапшылық комитетінің жетекшісі Бақыт Байғалиева балалармен кездесіп, ата-аналарымен және дәрігерлермен тілдесті.
«Қазақстан халқына» қорының арқасында орфандық сырқаттары бар науқастар үшін қымбат дәрілерді сатып алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибе негізінде таргеттік препараттармен емдеудің жаңа әдістерін қолдану бойынша жобалар іске асырылуда. Олардың ішінде нейробластомаға шалдыққан науқастар бар. Сондықтан біз емделушілерді бақылап, өздерімен, олардың ата-аналарымен және дәрігерлерімен кездесіп, жағдайын, емдеу барысын біліп, терапияның тиімділігін бағалаймыз. Басталған ем шипа болып, аурудың беті бері қарайды деген үміттеміз», – деп атап өтті Бақыт Байғалиева.
Елордада екі бала «Карзиба» препаратымен таргеттік иммунотерапия курсын бастады. Олардың бірі – 7 жасар Хасан. Онкология 2020 жылы анықталды. Анасы Фаина Сәдуақасованың айтуынша, дертпен күресуге бүкіл жанұясы жұмылған. Үш жыл ішінде Хасан түрлі күрделі жағдайды басынан өткерді. Қазір көзделген бес иммунотерапия кезеңінің біріншісін тәмамдады. Қор сатып алған дәрі бойынша емдеу курсының құны 34 млн теңге. Онкология бөлімінде Хасан жаңа дос тауып үлгерді. Үйіне тезірек оралғысы келеді. Әкесі мен ата-әжесін, әсіресе, інісі Аланды қатты сағынған.
«2020 жылы Хасанның ішінің ұлғайғанын байқаған соң, емханаға жүгіндік. Бізді осында жіберді. Төртінші сатыдағы нейробластома диагнозы қойылды. Осы сәттен бастап емделуді бастадық. Қазір «Карзиба» арқылы иммунотерапия алдық. Емдеу жолының соңғы кезеңі болып, бәрі жақсы болады деп үміттенеміз. Барша балаға, осы дертпен күресіп келе жатқандар дұға етіп, дәрігерлерге сенуі керек деп айтқым келеді. Қазір медицина дамыған. Бізге қараңызшы. Үш жылға жуық уақыт өтті, көңілге кірбің түсірген емеспіз. Әрқашан жадыраңқы көрінеміз. «Қазақстан халқына» қорына бізге осындай мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін», – дейді Фаина Сәдуақасова.
Ана мен бала ұлттық орталығында Хасанға дәрі катетер арқылы 10 күн бойы 24 сағат бойы үздіксіз енгізілді. Тағы екі бала емін аяқтаған соң, «Карзибамен» иммунотерапия кезеңін бастайды. Дәрігерлердің айтуынша, препарат бұрын химиотерапия алған және қажетті әсерге қол жеткізген 12 айлық және одан жоғары жастағы нейробластомасы бар науқастарды, сондай-ақ анамнездегі рецидивті немесе рефрактерлі нейробластомасы бар науқастарды емдеуге арналған.
«Бөлімшеде науқас арнайы оқытудан өткен мейірбике қызметкерлерінің қатаң бақылауында болады. Олар тәулік бойы жанында болып, сағат сайын қысымын, сатурациясын, дене температурасын, ауырсыну синдромын және басқа да өмірлік ауытқуларды бақылайды. Бір курс 10 күнге созылады. Ол аяқталғаннан кейін біз бірнеше күн бойы жалпы әл-ауқатты, параметрлерді, қанның барлық көрсеткіштерін және жалпы талдауды зерттейміз. Кейін бөлімшеден шығарамыз. Емдеу хаттамасына және еуропалық дәрігерлердің ұсынысына сәйкес шығарылған соң келесі курс 35-ші күні басталуы керек. Осы кезеңге жақын қалғанда алдын-ала бірқатар зерттеулер жүргізіп, курсты бастаймыз. Курстар арасында пациенттің жағдайын бағалау жүргізіледі. Негізінде, «Карзиба» иммунотерапиясы жақсы қабылданады, алғашқы екі курста асқынулар байқалғанымен, қалған кезеңдер қанағаттанарлық өтеді», – деді «University Medical Center» онкология бөлімінің «Қатты ісіктер» бағдарламасының меңгерушісі Құндыз Шайхызада.
Басқа медициналық орталықтарда емдеу реанимациялық бөлімше жағдайында жүргізу ұсынылса, АБҰҒО-да емдеу бөлімшеде өткізуге бейімделген. Осылайша бала анасының жанында, басқа балалармен бірге болуы емдеу процесіне оң әсер етеді.