Үкімет отандық жылыжайларға субсидия бөлетін болды

Жарияланды
Республика жылыжайларының 67%-ы Түркістан облысына тиесілі

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған үкіметтік делегация Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болып, шаруалармен өңірдегі жылыжай шаруашылықтарын дамытудың жағдайын талқылады,-деп хабалайды аталмыш министрліктің баспасөз қызметі

Фото баспасөз қызметінен алынды

Түркістан облысы жылыжай көкөнісін өндіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, республика жылыжайларының 67%-ы облысқа тиесілі (жалпы ауданы 844 га жылыжайлар). Белгілі болғандай, қалың қарға төтеп бере алмаған жылыжайлардың 94%-ы шаруалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар екен. Жиында шаруалар атап өткендей, қожалықтар шығынын тез өтеу үшін оларды мүмкіндігінше арзан етіп жасайды. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау немесе төмен пайыздық ұзақ несиелер болса, шаруалар жылыжайларды талап етілетін стандарттар мен технологиялар бойынша сала алады.

Қазір Түркістан облысының әкімдігі зардап шеккен шаруашылықтарды қолдау бойынша жедел шаралармен айналысып, ел Үкіметі алдағы уақытқа жүйелі шараларды әзірлеуде.

«Біз Үкімет атынан жылыжай шаруашылығын одан әрі қалай дамыту керектігін бірлесіп шешу үшін келдік. Бізбен бірге Өзбекстаннан өз тәжірибелерімен, технологияларымен және жылыжайларды күтіп ұстаудың басқа да мәселелерімен бөлісуге дайын мамандар келді. Біріншіден, мемлекетке нәтиже қажет. Жылыжай шаруашылықтарына берілетін субсидиялар бұрын да болған, бірақ олардың пайдасы аз болды: жылыжайлар белсенді деп саналғанына қарамастан ештеңе өндірмеді. Егер мемлекет субсидия берсе, сіздер оның есесіне көкөністерді ішкі нарыққа жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағамен сатуларыңыз керек. Екінші мәселе – сертификаттау. Алдағы уақытта субсидиялар алу үшін жылыжай өндіріс стандартына сай болуы керек. Ол үшін жылыжайлар үшін ұлттық стандарт қабылданады. Техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті тапсырма берілді, сондай-ақ сіздерді осы стандартты әзірлеуге белсенді қатысуға, тәжірибедегі білімдеріңізбен бөлісуге шақырамыз.  Үшіншіден – көмір мәселесі: бізбен бірге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі келді, ол келешекте биылғыдай төтенше жағдайларды болдырмауға көмектесетін шешімдерге тоқталады», — деді кездесуде Серік Жұманғарин.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бағытталғанын, қазір жылыжайларды осы бағдарлама бойынша қаржыландыру бағытына қосу жұмыстары пысықталып жатқаннын хабарлады. Бағдарлама шарттарына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылыжайлар 5%-дан аспайтын несие ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз