Инфляция Еуропа елдерінің тәжірибесіне сай есептелетін болды

Жарияланды
инфляция
Бюро фискалдық мәліметтерді пайдалануды көздеп отыр Фото: Pixabay.com

Қазақстанда инфляция Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып есептелетін болды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов мәлім етті.

Жандос Шаймардановтың айтуынша, бюро жұмысының басым бағыттарының бірі – баламалы көздерді, мәселен, фискалдық чектерді, басқаша айтқанда, кассалық чектерде жазылатын деректерді пайдалану.

«Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да бірқатар елдер инфляцияны есептеу үшін осы әдісті белсенді пайдаланады. Біз Қазақстанда осындай жобаны іске асыруға кірістік. Халықаралық валюта қоры сарапшылары әдіснамалық көмек берді, қаржы министрлігі фискалдық деректерді ұсынды», деді ведомство басшысы.


Жоба статистиканы қалыптастыру жеделдігін қамтамасыз ету, шығындарды оңтайландыру және деректер сапасын арттыруға бағытталған.

«Бюро тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогы енгізіліп, Халықаралық валюта қоры тарапынан жаңа тәсіл расталған соң, бағаларды дәстүрлі тіркеуді фискалдық деректерді пайдалануға ауыстыруды жоспарлап отыр. Әзірге біз деректерді дәстүрлі әдіспен жинауды жалғастырып, фискалды чектер негізінде тәжірибе ретінде есептеуді жүргізіп келеміз» деді ол.

Жаңа әдістемені енгізу процесінің жылдамдығын ескере отырып, Бюро статистикалық деректерді жинау процесін жеңілдету және жеделдету үшін мобильді қосымша іске қосады.

Жаңа мобильді қосымша баға ұсыныстарын электронды түрде тіркеп қана қоймай, сонымен қатар штрих-кодты және өнімнің суретін оқуға, объектінің орналасқан жерін растауға және деректерді онлайн режимінде жіберуге мүмкіндік береді.

Қаңтарда айлық инфляция 1,1%-ды құраған. Өткен айда азық-түлік тауарлары бағасы – 1,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,9%, ақылы қызметтер бағасы 0,7% өсті.

Бұған дейін үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлерге биыл инфляция деңгейін екі есе төмендетуді міндеттегенін жазған едік.

Қазақстанның Қаржыгерлер ассоцияциясының мамандары инфляцияны 14.3 пайыздық межеде тұрақтандыруға болатынына сенімді. Экономист Арман Бейсембаев журналистерге берген сұхбатында инфляцияның ешқайда кетпейтінін, бірақ оның өсімін баяулату мүмкін екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз