Пияз бағасы 400 теңге. Үкімет басшысы әкімдіктердің жұмысын сынға алды
Үкімет отырысында Премьер-министр көкөніс өнімдерінің тапшылығына байланысты жергілікті әкімдіктердің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, олардың жұмысын сынға алды.
Оның айтуынша, Үкіметтің алдында тұрған міндет 2023-ші жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 10%-тен асырмау.
Бұған қол жеткізуге әбден болады, деген Үкімет басшысының сөзінше, бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет.
«Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан, белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ», деді Әлихан Смайылов.
Оның дерегінше, өңірлерге пияз бойынша келісім-шарт жасау тапсырылған. Алайда, әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп есеп бергенімен, пияз күрт қымбаттап кетті. Қазір келісіне 400 теңге. Бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылданған.
Үкімет форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарады.
Дегенмен, әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке орай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ», деді Үкімет басшысы.
Барлық әкімдіктерге өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсыныстар жіберілді.
«Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ», деген Әлихан Смайылов азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды негізгі міндеті, екенін атап өтті.
«Жұмысқа немқұрайлы қарау орын алса және нәтиже болмаса тиісті шешімдер қабылдатынын» ескертіп, Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Үкімет отырысында, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қаншалықты қымбаттағанын мәлім еткен болатын. Жыл басынан бері ең жоғары өсім пиязда 22,5%, күріш 5,2%, қырыққабат 4,1%, сүт және сәбіз 3,1%, картоп 3,0%, рожки 2,6%-ға қымбаттады.