Қазақстандық құтқарушылар Түркияға аттанды

Жарияланды

Қазақстандық құтқарушылар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Түркияға аттанды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Борт бірінші кезекте Газиантеп қаласына барады.

Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар.

ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен еді.

Телефон арқылы сөйлесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бірнеше провинциясында болған жойқын зілзала салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Режеп Тайип Ердоғанға қайғыра көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз