Қазақстандықтар шетелден қандай көлік тасып жатыр?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан автопаркінің тең жартысы – 20 жылдан асып кеткен көліктер. Жүрілгеніне 3 жыл толмаған көліктер үлесі небәрі 7,6 пайызды құрайды. Жалпы, Қазақстан жолдарындағы көліктерді үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – қымбат көліктер. Екіншісі – несиеге рәсімделген машиналар. Үшіншісі – маркасы тәуір, моделі озық, бірақ жүргеніне 15-20 жыл толған, әбден болдырған транспорт құралдары.
Қазір елімізде Армения, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Грузия тіркеуіндегі көліктер толып жүр. Мемлекет оларға бақылау жасай алмаған соң 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген көліктерді заңдастыруға да мүмкіндік беріп отыр. Заңсыз схеманы былай қойып, көлікті шетелден заңды жолмен тасымалдайтын азаматтардың да қарасы қалың. Басқа елден көлік алып, оның өз бағасын және Қазақстандағы бастапқы тіркеуін, кедендік баж салығын және утиль алымын (мұның бәрі әрине, біршама қымбатқа түседі) төлеген күннің өзінде, бәрі қосылып тап сол көліктің елде жүрген нұсқасынан арзанға шығады.
Ақтау портында кеден брокері болып жұмыс істейтін Айнұр есімді қызметкердің айтуынша, көліктердің негізгі ағыны Корея, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктерінен келіп жатыр. Әсіресе, Дубайдан жіберілетін көлік саны көбірек дейді ол.
«Көліктер бізге кемелермен жеткізіледі. Одан кейін көліктерді теңіз порты аумағынан шығарып уақытша сақтау қоймасына (УСҚ) орналастырамыз. Кейде сол қоймада орын болмай қалып, кішігірім қиындықтар да туындап қалады. Одан кейін сертификат алу процесі кейде ұзаққа созылып кетеді. Бізде қазір шетелден әкелінген көліктерге SOS батырмасын орнату міндетті болып саналады. Былтыр сол батырма қатты тапшы болды. Ал SOS батырмасы болмайынша, құзырлы органдар көлікке тиісті сертификатты бермейді. Соның бәрі реттеліп, кедендік баж салығы төленгеннен кейін УСҚ-дан шығарылады. Кейде клиент өтінішімен утиль алым төлеу процесін де жүзеге асырамыз. Кедендік баж салығының қаншаға шығатыны көліктің маркасына, моделіне, жылына, қозғалтқыш көлеміне байланысты», дейді ол.
Айтуынша, әр кемеге 150-200 көліктен тиеледі. Екі-үш кеме қатар кеп қалатын кездер де болады, нағыз қарбалас сол кезде туады дейді брокер.
Көлік тасымалдау маманы Айқынның айтуынша, қазір көбіне көліктер Кореядан да келіп жатыр.
«Кореядан Қазақстанға көліктер шамамен 50 күнде келеді. Контейнердің жетіспеушілігі себебінен және Қытай теміржолындағы проблемаларға байланысты тасымал баяу жүріп жатыр. Ең тез келді дегенде бір айда жеткізіледі. Ол жақтағы көліктер біздің көліктермен салыстырғанда шамамен 1 млн теңгеге арзанырақ келеді. Қазақстандықтар тарапынан көбіне Toyota Camry (жапондық жиынтықтағы), Kia K5, Kia K7, Kia Carnival көліктеріне деген сұраныс өте жоғары», дейді ол.
Дубайдан көлік тасумен айналысатын Асылбек Зұлқарнайұлы мен оның командасы бастапқыда көліктерді Грузиядан әкеліп жүрген. Кейін ол жақтан Қырғызстан, Ресей, Украина азаматтары да белсенді түрде көлік тасымалдай бастап, сұраныс өсті, соған сәйкес баға да өсіп кетті дейді. Сөйтіп, көлік тасымалдаушы топ Біріккен Араб Әмірліктерін бетке алған.
«Дубайдағы көліктердің бағасы әзірге біздің халық үшін тиімді болып тұр. 2021, 2022 және 2023 жылғы көліктердің сатып алу және елге апарып құжаттарын реттеуге кететін шығындарын (бастапқы тіркеу, баж салығы, утиль алым) қоса есептегенде Қазақстандағы көліктерден 3-4 млн теңге арзанға шығады. Қазақстандықтар негізінен Toyota Highlander, Toyota 4Runner, Toyota Sienna, Kia Sportage, ал мекемелер Toyota Hilux көлігіне жиі тапсырыс береді. Сондай-ақ Toyota Land Cruiser 300-ге деген сұраныс та өте жоғары. Бірақ көп жағдайда қазақстандықтар 300-дікті және Nissan Patrol (қозғалтқыш көлемі – 4, 2022 жылғы) көліктерін сатып алып, сосын оны ресейліктерге сатумен айналысып жатыр», дейді Асылбек Зұлқарнайұлы.
Оның сөзінше, көліктер елге Ақтау порты арқылы жеткізіледі. Дубайдан Ақтауға көліктер 35-40 күнде, Алматыға 2 жарым ай шамасында жеткізіледі екен. Олар аптасына 6-10 автокөлік алып, логистика мамандарына тапсырып, Қазақстанға жөнелтуге дайындайды.
«Мұндағы көліктердің бағасы 3-4 млн теңгеден басталады. Бастапқы тіркеуі, кеден бажы, утиль алымын қосқанда жалпы бағасы 8 млн теңгеге барады. Олар негізінен – 2017-2018 жылғы, Америкада 80-90 мың шақырым жүріп, соғылған көліктер. Сондай автокөліктерді осы жерде жөндеп, реттеп, сатылымға шығарып, Қазақстанға жібереміз. Жөндеу барысында детальдері түгел ауысып, жаңа заттар салынады. Егер клиенттің қалтасы көтерсе, түпнұсқа бөлшектерді орнатып береміз. Дубайға тауар жеткізуші көп болғандықтан, ең мықты бөлшектер бірінші осында келеді. Ал мұнда 8 млн тұратын, Қазақстанға барғанда 10 млн болатын, 2021 жылғы, қозғалтқыш көлемі 1,6-дан 2,5-ке дейінгі аралықтағы Toyota Corolla, Hyundai Sonata, Hyundai Elantra дейтін көліктер бар», дейді Асылбек.
Айтуынша, олардың араб еліндегі күндік шығыны – 150-200 доллар шамасында. Бір көлікті іздеуге 3-4 күн уақыт жұмсайды. Соны ескере келе, бір көліктің еңбекақысына 700-1000 доллар сұрайды.
Қазір Қазақстандағы көлік мәселесіне қатысты ахуал онша емес. Елде шетел тіркеуіндегі көліктердің толып кетуі себепті мемлекет оларды заңдастыруға мәжбүр болды. Заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталды және осы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Сондай-ақ көлік паркін жаңарту мақсатында жылдық 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие беруді ұйымдастырған. Алайда несиеге өтінім беру үшін жасалған сайт іске қосылған күні (6 ақпан) небәрі 18 секунд жұмыс істеп, тоқтап қалды.
Азаматтар көлік нарығындағы жағдайға қатысты наразы. Олар утиль алымды мүлдем алып тастауды немесе 100-200 мың теңге көлемінде ғана белгілеуді қолдайды. Сонда ғана шетелден тікелей көлік жеткізу тиімді болмақ. Бірақ нашар көліктің зардабын тартқан ел тұрғындары тағы бір көліктің құнындай болатын құжат шығындарын төлеуден тартынбастан, қазірдің өзінде шет мемлекеттерден белсенді түрде көлік тасымалдап жатыр. Оған жоғарыдағы жеке дилерлердің сұхбаты дәлел.