Түркияда 75 мыңға тарта қазақстандық бар
Қазір Түркиядағы дипломаттарымыз осы елдегі Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Студенттер арасында тиісті ақпараттық хабарлама таратылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Біздің азаматтарымызға көмектесу және үйлестіру үшін Мерсин және Конья провинцияларындағы Қазақстанның құрметті консулдары да жұмысқа қосылды. Мерсин қаласындағы Құрметті консул – Түркия азаматы Ахмет Будан қонақ үйде Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті панамен қамтамасыз етті. Бүгін осы 19 қазақстандық студент Құрметті консулдың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді және олар бүгін кешке Анкара-Астана рейсімен Қазақстанға қайтады», деді Айбек Смадияров.
Сондай-ақ, СІМ ресми өкілі Түркияда қанша қазақстандық тұратыны туралы да ақпарат берді.
Жалпы, бүгінде Түркияда консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр (Анкара – 498, Ыстанбұл – 45, Анталия – 189). Оған қоса, соңғы мәлімет бойынша Түркияда 8 219 қазақстандық студент білім алуда. Жалпы, түрік тарапының мәліметінше, елде Қазақстанның 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін», деді Смадияров.
Алматы қаласынан Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы борты ұшып, Түркияның Газиантеп қаласына барған болатын.
«Осы бортпен елге қайтуға ниет білдірген кейбір азаматтарымызды Қазақстанға әкелу жоспарлануда, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша – 18 адам, Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы, борттың Астанаға келуі күтілуде, ұшу уақыты қосымша хабарланады», деді СІМ ресми өкілі.