Жаңалықтар

Ұлттық банк зерттеу бағдарламасын әзірледі

Құжат Ұлттық Банктің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатына, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық саласындағы рөліне негізделген және оның стратегиялық, орта мерзімді зерттеу міндеттерін айқындайды. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады.

Бұл мақсаттарға тұрақты қол жеткізу экономикалық ортаны, өзара ықпал ету арналарын қалыптастыратын көптеген факторларды зерделеу мен есепке алуды, Қазақстан экономикасы бетпе-бет келетін сын-тегеуріндерді нақты пайымдауды талап етеді. Құжат негізгі бес бағыттан тұрады:

  • макроэкономикалық саясат,
  • халықаралық экономика, аймақтық және жаһандық үрдістер,
  • қаржы нарықтары, қаржылық тұрақтылық және макропруденциальды реттеу,
  • жаңа технологиялар және қаржылардың болашағы,
  • статистика және жаңа дерек көздеріндегі мәселелер.

Әрбір бағыт бойынша жан-жақты зерттеуді қажет ететін қойылуы мүмкін сұрақтар қалыптастырылған. Алдағы уақытта сол сұрақтар төңірегінде нақтылау мен толықтырулар жүргізіледі.

Бұл құжатты әзірлеу және жариялау жетекші орталық банктердің озық тәжірибесіне толық сәйкес келеді. Ұлттық Банктің алдында зерттеу жүргізуге қатысты зор міндеттер тұр, соған байланысты қоғамның түсінік-пайымын күшейтуді, олардың пікір таластыру деңгейін арттыруды, конструктивті ақпараттық-сараптамалық орта қалыптастыруды және академиялық қоғамдастықтың ғылыми әлеуетін экономикалық саясаттағы өзекті мәселелердің шешімін табуға бағыттауды көздейді.

Сыртқы серіктестік зерттеу стратегиясының негізгі бөлігі саналады. Ұлттық Банк академиялық қоғамдастықтың ғылыми әлеуетін ынталандыру мақсатында 2021 жылы басталған ғылыми гранттар үлестіру тәжірибесін жалғастыруға мүдделі. Бұл жаңа бағдарлама ҚҰБ-тың 2021-2022 жылдарға арналған Зерттеу бағдарламасын жалғастырады және өзектендіре түседі.